28 Тамыз, 2013

Бір уыс топырақ

647 рет
көрсетілді
26 мин
оқу үшін

Ауылдан қара үзіп шыққан шетелдік жеңіл машина табаны теп-тегіс асфальтқа тигенде ендігі жол билігі өзіне тигендей болып, сақпанның тасындай зымыраған. Екі жағын жап-жасыл жоңышқа шабындығы көмкерген, керілген кең жазықты қиып өтті. Селеу шөппен әдіптеліп, топтанып өскен бая­лышпен өрнектелген ашық алаңқай екпіндей ұмтылған жеңіл көліктің бауырына асығыс кіріп, жұтылып жатты. Сол жағынан ұшар басындағы мұз сәукелелері күнге шағылысып, әнтек жарқ етіп, менмұндалап, Әулиешоқы елес берді жарықтық.

бир уыс топрак

бир уыс топрак

Ауылдан қара үзіп шыққан шетелдік жеңіл машина табаны теп-тегіс асфальтқа тигенде ендігі жол билігі өзіне тигендей болып, сақпанның тасындай зымыраған. Екі жағын жап-жасыл жоңышқа шабындығы көмкерген, керілген кең жазықты қиып өтті. Селеу шөппен әдіптеліп, топтанып өскен бая­лышпен өрнектелген ашық алаңқай екпіндей ұмтылған жеңіл көліктің бауырына асығыс кіріп, жұтылып жатты. Сол жағынан ұшар басындағы мұз сәукелелері күнге шағылысып, әнтек жарқ етіп, менмұндалап, Әулиешоқы елес берді жарықтық.

Жеңіл машинаның қызыл шұғамен тысталған артқы орындығына жалғыз жайғасқан бұйра шашты, жәудір қой көзді жігіт ағасы кеудесін көтере ауыр күрсініп, көз әйнегін оңшап қойды. Бажайлап қараса, бір жері сыздап ауыратын секілді. «Осы менің қай жерім бордай босап отыр, – деді іштей ой қайығында тербеліп. Қай жерім ажал қармағына ілігіп, қойқабы қозып отыр. Миым аши ма, жоқ әлде жүйкем жұқарды ма, тізгін ұстатпай тұр-ау құрып кеткір бір пәле. Әлде жан жарасы деген осы ма?

Жолаушы екінші жамбасына аунап түсіп, шерлене күрсініп қойды. Жанқалтасын қарманып, шылым тұтатты.

Уақыт шіркін неткен тез, неткен тұрлаусыз еді. Құдай-ау, күні кеше ғана емес пе еді, жар құлағы жастыққа тимей, табанынан тозып, Қазақстанға баратын құжат әзірлеп, Мюнхен мен Берлин арасында сабылғаны. Бір айда біттіге санаған құжаты бірде анау, бірде мынауы жетпей жылға жылжып барып, зорға әзір болған. Бәрі дайын болған бойда туған елге сапар шекті. Ақтаспа жамылып, қызыл күйреуік бүркеніп жатқан айналайын сайын далаға жеткені де күні кеше сияқты еді. Енді, міне, сол күндер де жалт беріп, сынаптай сырғып өте шығып, келген ізімен қайта аттанып бара жатыр.

Ол өзінің осы сапарында тіршіліктің ешбір тоқтауы жоқ, айнаға түскен сәуледей сусыма, сағымдай сырғақ, алдамшы екеніне көзі анық жетіп, опынып қалған. Дүние көл, заман соққан жел екенін, ал күндердің күні болғанда сол көлдің де сарқылып, аңқылдақ желдің де тынып, тып-тыныш боларын пайымдаған.

«Көшіп келемін, – деді әлдебір алыс қиырға көз тастаған монтаны кейпін бұзбаған қалпы. Құрып кетсін бәрі де, көшіп келемін. Германияда осы уақытқа дейін немістердің ішінде неміс болып, тентірегенім де жетер. Әкем Мұра марқұмның да өле-өлгенше айтып кеткен жалғыз тілегі, ақыреттік аманаты сол еді. Менің кіндігімнен тараған ұрпақтарымды бөтен елдің босағасында телміртіп, жат жұрттық ете көрме. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген. Әлі де өзгеріс болады. Сол кезде шекара шетінен шығар есік ашылады. Сонда... иә, сонда шілдей шашыраған аз ғана Жарты атамыздың ұрпағын елге жеткіз деп еді, жарықтық. Енді, міне,сол мойнына бұршақ салып тілеген зар үннің үдесінен шығар мезет тақалған секілді. Кешікпей көшіп келемін. Ол сөзсіз.».

Машина тақтайдай тегіс қара жолмен зырлап келеді. Жол бойы алуан түрлі сезімге бөленіп, ботасынан айырылған аруанадай өксікті күй кешкен Саудан алдындағы Сұңқар арасанына жеткенде аз ғана аяқ суытты. Алдында тағы да ұзақ жол... Кеш түсе Алматыға да жеткен. Әуежайдан Берлинге билет алып, ұшар сәтті күтті. Әлі де аттай екі сағат уақыт бар екен. Саудан әлденеге асыққан, сеңдей соғылысқан елден бөлініп барып, оқшауырақ бір орындыққа жайғасты. Өткенге ой жүгіртті...

*         *         *

Ауылдың сырттан кіргендегі үлкен де кең көшесі Жолдысай Шапақ атымен аталады. Екі жақ өңірін қыз балтыр ақ қайың көмкерген жарық та, сәулетті даңғыл. Соның бел ортасындағы алты бөлмелі еңселі үй ерекше көзге шалынады. Жарты ай шамасы үй ауласы адамнан босамады. Дастарқаны да жиылмаған. Енді, міне, сол мекенжай да әр күн соңғы сәт екенін сезгендей болып, қаңырап бос қалған. Жел шайқаса болды, ағаш біткеннің бәрі жапырақтың сусылдаған нәзік үнімен осы аулада өт кен күндердің күйін шерткендей болып, үнсіз ырғалады.

Қатарынан бірнеше жыл күтіп, енді, тіпті үміт үзіліп, келмейді деген шақта сонау қиян шеттен, Германиядан Саудан Шапақұлы да келіп жетіп еді. Қаттырақ үрген иттің дауысы мына шеті мен ана шетіне тез жететін аядай ауыл мына жаңалықты естігенде қалай тыныш жатсын. Шет-шетінен анталап, лап қойған. Жаңалықты әркім өздерінше жорып, ауыз жабар емес.

– Шапақтың Мұра деген үлкен бала­сы бар дегенді естуші едік, – деп тіл қа­тады біріншісі. Сол бейшара соғыста қол­ға түсіп, Германияда қалып қойса керек.

– Қай Шапақты айтасың, – деп қайыра сұрақ қояды екіншісі.

Алғашқы сөйлеген адам бір өзі бәрін білетіндей әңгіменің тігісін жатқызып, ұғынықты етіп жауап қатады.

– Кәдімгі осы өз аты берілген ор­та­лық көшедегі атақты шопан Шапақ ше?

– Иә, иә, түсіндім.

– Сол Мұраның тұқымы үзілмепті. Артында қарайған бірдемесі бар дегенді де құлағымыз шалатын. Рас екен. Саудан деген ұлы іздеп келіпті.

– Иә, иә, орнында бар оңалар деген...

– Ел соған құтты болсын айтып жатқан көрінеді. Қане, біз де баралық.

Сауданның келу құрметіне алты бөлмелі үй ағынан жарылып, той жасады. Қонақтың қуаныштан есі кетіп, басы айналды. Өңі бақыттың буына балқығандай болып, жәудір көздері мейір төкті. Өзін құшақтап амандасып, құрмет көрсеткендерге бас шұлғып, құрақ ұшты.

Сауданның бұл келісіне көнекөз қарттар шын ризашылығын білдірді.

– Ат айналып қазығын, ер айналып елін табады деген киелі сөз бар. Келген қадамың құтты болсын!

– Ер туған жеріне! Тұмсығына дән қыстырған құстай болып, өз ауылын іздеп келгенін қарашы айналайынның.

– Жарты ғасыр шет елде жүрсе де діні мен тілін жоғалтпапты.

Мұраны көзі тірісінде көрген, істес болған кейбір ауылдастары:

– Тұлпардың тұяғы, сұңқардың қияғы деген осы. Ой, пәлі, Мұра да өз кезіндегі жақсылардың бірі еді ғой. Амал не, сұм соғыс сорына қалды. Керек десе, туған жерден бір уыс топы­рақ та бұйырмады. Атадан пұл қал­ғанша, ұл қалсын деген осы, – деп Сау­данды құшағына алып, бетінен сүйді.

Саудан іздеп келген еліне дән риза еді. Дәл бұлай болады, асығы алшысынан, айы оңынан туады деп ойламаған. Әйтеуір барармын, Мұраның бел баласы екенімді айтып, аз күн дамылдармын. Содан қайта Германияға қайтармын деп топшылаған. Оның үстіне аузына ие бола алмаған біреу әлдене деп қоя ма деп те күдіктенетін. «Әй, сатқынның ұрпағы, немістің сіңбесі» десе қайтемін деп, іштей қуыстанатын. Құдайға шүкір, ешкім олай деп жағасына жармасып, көңілінің тұнығын шайқамады.

Туған жердің ыстық табын анық сезініп, көңілі марқайған шетелдік мейманның бейқам тірлігіне түйткіл салып, мазаң күйге түсірген жағдай аяқ астынан басталған.

Бір күні кешкісін қоңыр сырлы қақпа сықырлай ашылып, қолында таяғы бар ұзын бойлы, қайыстай қатқан қара шал кіріп келе жатты. Алқына дем алады. Ауық-ауық күрк-күрк жөтеледі.. Сауданды көрген бойда емірене сөйлеп, елжірей тіл қатты.

– Арнайы іздеп келіп едім өзіңді. Кездескенім қандай жақсы болды, – деді ол. Үйге жүр айналайын, қонақ бол.

Шетелдік қонақ бұл ұсынысты қуана қабылдап, соңына ерген.

Саудан Бейсен қартты оң жағынан қолтықтап, көше бойлап, ақырын аяңдап келеді.

– Бүгінгінің бәріне тәубе, – деді қарт ықыласпен сөз бастап. Осының бәрі біріншіден Алланың жақсылығы, екіншіден, тәуелсіздіктің шапағаты. Күні кеше осы көше Карл Маркс атымен аталатын. Ойпыр-ай, дейтінмін іштен тынып, Маркс ақсақалдың бұл көшеге нендей қатысы бар?

Ақыры азаттық таңы да атты-ау. Енді, міне, бәрі өз қолымызға тиді. Дүние түлеп сала берді. Үш жылдың жүзі болды, көше өзіміздің Еңбек Ері Шапақтың үлкен ұлы Жолдының атымен аталады. Ел болып қуандық.

– Жаксы ага, жаксы, – деді Саудан өзінің қазақ тілін бұзып сөйлейтін ма­шы­ғына салып. Мен бәрін білген. Мен уте көп куанған. Біз дербес мемлекетпіз.

– Сол неміс жерінде Маркс ақса­қалдың атымен аталатын көше, басқа­дай елді мекен бар ма? – деді қарт.

– Мен ага, батыс Германияда туған, – деді ол. Онда Маркстің аты бар көше жоқ. Мен көрмеген. Ал, демократиялық Германияда болған. Мен Маркс көшесін көрген. Маркс – утопист. Ол болған жоқ және ол Маркс өлген.

– Жөн, жөн, – деп қария үнсіз қалған.

«Әй, қу дүние-ай, – деді іштей қамығып. Кессе кемімейтін азаматтың өз тілінде сөйлей алмай тұрғанын қарашы. Әйткенмен, жетім қозы тасбауыр, отығар да жетілер.

Бейсен қарттың үйі де шетелдік мейманды құрақ ұшып қарсы алды. Бұрқылдап сары самауырын келді. Қаймақ қосып қатқан қызыл күрең шай ішкен жанның таңдайын үйірді. Қазанда былқып жаңа сойған бағланның ет і пісіп жатты. Әңгіме де қыза түскен.

– Сенің әкең екеуміз түйдей жас­ты болатынбыз, – деді қарт тершіген маңдайын сүртіп қойып. – Қатар өстік, бірге оқыдық. Майданға да қатар аттандық. Мен Белорусь, ол Украин майданына кетті. Мен соғыстың соңғы жылы аяғымнан жарақат алып, госпитальда алты ай жатып, мүгедек болып, елге оралдым. Ал, сенің әкеңнің жәйі анандай болды. Тұтқынға түсті де, содан мүлде жырақтап кетті. Дегенмен, ол кісінің аты да атаусыз қалған жоқ. Ауылдың бас жағында Мұраның тоғаны деген тоған бар. Күні бүгінге дейін солай аталады.

– Тоган деген не? – деп сұрады Саудан ештемені түсіне алмағанын жасыра алмай.

– Тоған, – деді қарт айтқанын түсі­нікті етуге тырысып, – су ағатын арық. Саған қалай деп айтсам екен... Ол – канал, үлкен арық.

– Канал.

– Иә, су ағатын канал.

– Сіз Мұра каналын көрген?

– Е, көрмегенде, – деп шал мырс етіп күліп қойды. Көрмек тұрмақ, ол тоғанды талай мәрте аршығанбыз. Жылына бір рет табанын тазалап, жаңғыртып отыратынбыз.

– Бүгін су бар?

– Қазір су жоқ. Кейінгі кезде ауыл­дың жоғарғы тұсын буып, жаңа арық жасағанбыз. Бірақ соның өзі көпке шыдар емес. Жылда бір жаңаланады. Ал Мұраның тоғаны басын екі шақырым қашықтықтан алады. Сәл қашықтау. Судың сағалығын таспен қалап, қамыс шегендеп дегендей, әлжетті тірлік жасасаң болды, тау суы ауылдың қақ ортасында бүйірі бүлкілдеп ағады да жатады. Мұраның тоғаны жақсы ғой, бірақ оған көңіл бөлетін адам жоқ.

– Мұра жақсы, – деді Саудан, – канал жақсы, су жақсы.

– Ертең, – деді қарт, – мен сені сол Мұ­раның тоғанына ертіп барамын. Бір кез­дегі мұрап әкеңнің ізін өз көзіңмен көр.

– Жақсы, – деді шетелдік мейман қал­­балақтап. Мен канал бар, ертең бар. Мен оған қуанған. Сізге көп-көп рахмет.

Түн орталанып қалып еді. Әйтсе де, Сауданның кірпігі айқаспаған. Қолдан жасалған кіп-кішкентай каналды көз алдына елестетіп жатты да қойды. «Құдай деген пенде екенмін, – деді ол іштей тәубеге келіп. Шапақтың бір баласының атында көше бар. Ал екінші баласының атында тоған бар. Ол да жақсы. Мен ол каналды жөндетемін, – деді іштей бір байламға келіп. Қалайда мен оны қатарға қосам. Берлинге жетер ақша алып қаламын да, қалған қаражатты теп-тегіс тоғанға арнаймын. Бұл менің туған ауылымның тәуелсіздік алғанына жиырма жыл толуына арнаған тартуым болсын.

Келесі күні Бейсен қарт пен Саудан ертеңгі шайын ішкен бойда тау жаққа жүріп те кетіп еді. Ауылдың дәл желке тұсынан басталатын көне тоған кең қырқаның қабырғасында жазылмай қалған тыртықтай болып, әлі де өз жүлгесін жоғалтпай, менмұндалап жатыр екен. Көптен бері адам қолы тимегені көрініп тұр.Табаны сусыма құм мен сырғақ шағылға толып, жадағайланып қалыпты.

Құла биесіне мінген Бейсен қарт қыр үстімен, ал Саудан болса тоғанның сорабымен жүрді де отырды. Шетелдік қонақтың қимылы ширақ, елпең қағады.

Саудан келесі бір иінге келгенде жүрісінен жаңыла малтығып қалғандай еді. Көлденең сұлап түскен қара ағаш тоған сорабын жауып, бекітіп тастапты.

– Не болды қарағым, – деді қарт ат үстінен айғайлай сөйлеп.

– Кәзір мен жүреді, – деді ол. Ағаш жатыр.

Екеуі тағы да ашық жерге шыққан. Тоған сорабы созыла түскен. Келесі қылтаға келгенде, Сауданның алдынан су ойып кеткен оппа шықты. Шетелдік мейман шошып кетті.

– Ата, – деп дауыстап жіберді ол. Жол бітті, жол жоқ.

Қыр үстінен:

– Не болды, – деген қарт дауысы естілді.

– Мұраның каналы жаман, – деді Саудан. Су болмайды, су жоғалды.

– Ол су есіп кеткен жер, – деді қарт. Жөндеуге болады. Айналып өт. Қорықпа.

Олар осылай тоғанның өн бойын түгел қарап шыққан.

– Міне, Мұраның тоғаны деген осы, – деді Бейсен қарт ақыры құла биесін көгалға тұсап қойып, өзі кеп жайпақ тастың үстіне жайғасып отырған соң. Қалай, көңіліңнен шықты ма?

– Жақсы, – деді Саудан, – канал жақсы. Мен мұны жөндейді, – деді ол кенет екілене сөйлеп. Мен мұны реттейді. Каналмен су ағады.

– Ол сенің қолыңнан келе қояр ма екен, – деді қарт көзін сығырайтып. Мұның машақаты жетеді.

– Менде марка бар, доллар бар, – деді Саудан. Керек болса, почтамен тағы алдырамын.

– Онда жөн, – деді қарт, – оның үстіне мал сойылады, арты тойға ұласады дегендей.

– Аға, менде көп доллар бар, – деді Саудан, – қорықпаңыз.

Бұлар осылайша әрнені бір айтып, ауылға қайта бет түзеген. Келесі сәтте: «Саудан Мұраның тоғанын қайта аршып, қалыпқа келтіреді екен», деген сөз аядай ауылды желдей жүйткіп, аралап та шыққан...

*         *         *

Арада екі күн өткенде Саудан асыға күткен тірлік қауырт басталып та к етіп еді. Жұрт жұмыла кірісті. Өзеннің бас­тау алар тұсына киіз үйлер тігілді. Екі-үш жерге тай қазандар асылды. Ұзынша үстелдер қойылып, дастарқан жайылды. Лапылдап от жанып, аруақтарға атап мал сойылды. Жігіт ағасының ұйғарымы бойынша жиылған қалың топ үшке бөлінді. Алғашқы екі топ тек қана тоғанның табанын тазалаумен айналысса, қалғандары ең қиын шаруа – тоғанның көмейіне цемент құйды. Бар жауапкершілікті өз мойнына алған Қали атты жастау жігіт астындағы сүлік­тей қара жорға атын тайпалтып, әр жерге бір тоқтап, әлденелер айтып лыпыл қақты.

– Кімге не керек? – дейді қасқа тісін ақситып, ажарлана күліп. Айтыңдаршы, кімге не керек. Қант, шай, май, ет деген­дерің бұйым емес. Ақшасын төгіп тас­таймын. Тек араққа ғана берерім жоқ.

– Қорықпаңдар, – дейді көзін қысып, қулана сөйлеп. Марк жетеді, теңге деген жыртылып айырылады. Пәлен жүз мыңнан астам теңге бар. Ойлаймын, ол ақша тоған қазбақ түгілі, той жасасаң да таусыла қоймас. Кімге қандай зат керек. Ақша міне, алыңдар...

Саудан қалың жұмыстың қақ ортасында, цемент құйғандардың ішінде еді. Жігіт ағасы атын анандай жерге қалдырып, қасына келді.

– Саудан мырза, бәрін де өзің көріп тұрсың ғой. Міне, іс өз сабасына түсті. Алла нәсіп етсе, ертең кеш әлетінде бітеміз, – деді.

– О, аға, саған коп-коп рақмет, – деді Саудан. Мен айтады рақмет. Ертең су ауылға бар.

– Иә, иә, ауылға барады.

– Аға менде марк, доллар коп-коп бар. Сен қанша керек, ала бер, мен бер.

– Жә, жетеді, өзіңе де керек қой, сол марк.

– Қали, – деді ауылдың бас имамы жігіт ағасына назарын тіктеп, – жуанды жона бермес болар. Сауданның осы бергеніне де рақмет. Енді ақша алғанымыз тіптен ұят. Айналып келгенде тоған оған емес, бізге керек. Оның үстіне біз қазақстандықпыз, яғни үлкен үйдің адамдарымыз. Шет елдегі телім- телім болып, шашырап жүрген қазақтар бізді арқа тұтып, көңіліне медеу санайды. Біз олардан алу емес, қайта беруіміз керек. Осыны ескергейсің...

– Мен бір ауыз сөз айтайын, – деп ауыл имамы содан кейін топты адамды тыныштандырып сөйлеп кетті, – бірінші айтарым, Саудан саған рақмет. Сен үлкен азаматтық жасадың. Біз осы не көрмеген елміз. Бәрін де бастан өткердік. 1916 жылғы үркіншілікті де, 1937 жылғы қырғынды да, кешегі герман соғысының апатын да көрдік. Қызыл қоғамның кесапаты басқаша болды. Бұрындары мал, жаннан айырылсақ, енді жан дүниеміз тұтқындалды. Тілімізден, дінімізден айырылып қала жаздадық. Кісілігіміз кетті. Ұлттық реңімізге дақ түсті. Одан да арыла бастағандай едік. Енді ентігіп тағы бір жау жетті. Ол – арақ. Осы пәледен әй, азапты тарттық-ау, тарттық. Қаншама боздағымыз қыршынынан қиылды. Қаншама бала жетім, қаншама әйел қара жамылып, жесір қалды. Айтайын дегенім, су – тіршіліктің анасы. Біз марқұм Мұра атындағы тоғанды аршып санатқа қосып жатырмыз. Осы бір аққудың көз жасындай мөлдір суға арақтың тамшысы тамбаса екен деймін. Осы той арақсыз өтсін демекпін.

Жиылғандар қоштай жөнелді...

Арақсыз басталып, иман ұйығандай болған тірлік қалың елдің, қыруар техниканың күшімен келесі күні кешке аяқталып еді. Сауданның қуанышында шек болмады. Араға тағы бір күн салып барып, Мұраның тоғанымен аққан су ауылға қарай асығыс қозғалып, сылдырай жөнелген. Ұзынынан созылған кең қырқа бір кезде бауырын қытықтап аққан нәзік үнмен қайта табысып, бойы балқығандай еді. Ауыл адамдары аққан суды қызықтап, көпшілігі өзен жағасында жүрген. Осы думанның бел ортасында Саудан да бар еді. Алдынан шыққанның бәрінің қолын алып, бетінен сүйді. Молдаға мешітке деп ақша ұсынды.

– Мынау біріншіден Мұра суының, екіншіден, тәуелсіздіктің жиырма жылдық торқалы тойының көрімдігі деп, уыс-уыс ақшаны суға шашты. Қуана күліп, құлаштай лақтырған маркалар майда толқынға мінгесіп, діріл қағып, су бетінде сырғи жөнелген.

– Ақша, ақша.

– Тәуелсіздік шашуы.

– Шашу, шашу, – деп шулаған балалар сумен жарысып, жағалауда ойнақ салды.

Мұраның суы аққанына да апталаған уақыт өткен. Сауданның қайтар шағы да таянып еді. Ертең жүремін деген күні түнімен дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Асқа дәті бармады. Көңілі ел көш­кендей құлазып, кеселді жанның күйін кешті. «Осы менің бір жерім ауырады, – деді іштей толқып. Әйтеуір, қалайда жабысқақ кеселдің бары рас». Одан соң үйге нендей сыйлық апаруын ойлады. Туған жердің отына піскен бір таба бидай нанын алуды ақыл деп тапты. Тағы не апарсам деп ойға шомды. «Екіншіден, ауыл бейітінен бір уыс топырақ алайын. Өлім барда қаза бар, қапияда ана дүниелік болып кетсем, басы­ма жастанайын. Ал содан соң... Иә, содан соң Мұраның суынан бір шөлмек су алайын», деп шешті де осы үдеде тұрды...

*         *         *

Алматы. Әуежай. Түн ортасынан ауып барады. Осы мезетте Сауданның билет алған ұшағына жолаушыларды отырғызу басталған да болатын. Ол бір уыс топырақ, жалғыз таба нан және бір шөлмек су салынған қызғылт түсті рюкзагын иығына асып алып, іштей толқыған күйде ұшу алаңына қарай беттеп бара жатты...

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ.

Алматы облысы,

Ұйғыр ауданы,

Шонжы ауылы.