Күн найза бойы көтерілген. Алты қанат ақ үйдің іші қоңыр салқын. Қақ төрдегі қос қабаттап төселген жұмсақ көрпенің үстінде бір жамбастай қисайған, қапсағай денелі, дөңгелек шоқша сақалды, жалаңаш қолдарының түгі сыртына теуіп тұрған Ақан батырдың құлағына алыстан талып шыққан ат дүбірі шалынды.
Әдетте бейсауат жолаушы тай шаптырым жерден атынан түсер еді. Ілкіден келе жатқан ізеттің белгісі. Бұл жолы сырттағы жолаушы тым тақап келді. Әлде көне салтты білмегені, бәлкім, жау түсірген батырдың жарақаттанып, отбасында омалып жатқанын естіген есер біреу. Бөксесін көтере алмай жатқан батыр маған не істер дейсің деген сыңай танытып тұр ма. Бейсауат жолаушының бұл ісі батырдың жанына батып кетті.
– Қайсың барсың?! – деп саңқ еткен Ақан батыр.
Әлекедей жаланған екі жігіт кіріп келді.
– Анау әдепсіз кім, әй? – деді Ақан батыр.
Әлгі әзірде алыстан талып естілген ат дүбірі тым тақау, ауыл іргесінен шыққан. Үзеңгіні сыңғыр еткізіп аттан түскенін естіді.
Әншейінде әр нәрсеге көңіл аудара бермейтін кесек бітімді, сәл-пәл аңғал мінезді Ақан батыр бұл жолы ширығып қатты намыстанған. Намыстанатын жөні де бар еді. Былтыр Ұлытаудың етегінде естектермен болған қатты шайқаста беліне шоқпар тиіп шойырылып қалған. Енді міне, көзге күйік болғандай, кескен дөңбек құсап төр алдында қимылсыз қалған Ақан батырды «енді қолыңнан не келеді» дейтіндей басына шауып, төске өрлеп, тұп-тура ауылдың қотанына дейін аттан түспей келеді.
Алты қанат ақбоз үйден атып шыққан қос жігіт тұрқы ұзын, шоқтығы биік қарагер атты шаужайынан ұстап адалбақанға алып келді. Беймезгіл уақытта батыр ауылының тыныштығын бұзған, көнетоз шапан киген, жүзі желқақты, қара сақалды, еңсегей бойлы жолаушы екен. Қанжығасына байлап алған домбырасы бар.
Әуелі жөн сұрасқан. Еңсегей бойлы жолаушы қара домбыраның қабын сыпырып тастады. Әлде көп ұсталғандықтан, әлде киіктің майын жаққандықтан ба екен, қара домбыраның сағағы жып-жылтыр. Жолаушы домбырасын күйлеп ұзақ отырды. Содан соң жосыла тартқан.
Әуелі салтанатты рәуіштегі сарын алты қанат ақ үйдің ішіне төгіліп жүре берді. Құс жастықты қолтығына қысқан Ақан батыр сәл-пәл алға ұмсынғандай. Күй сарыны жабырқаған жанына майдай жағып барады. Шалқар дала, сағым ойнаған сары даланың мамыражай күй кешкен мезгілі. Әне көз ұшында бір үйір қарақұйрық жосып барады. Сүмбіле суға құлағанымен, шөптің реңі тая қоймаған. Солтүстіктен ескен желмен еркек шөптің басы тынымсыз тербеледі. Бір сәт демін ішіне тартқан даланың уілі тынымсыз бебеулеп, кеудесінде жаны бардың бәрін алысқа, тым-тым алысқа шақырғандай.
Күй иіріміне өне бойы қорғасындай балқыған Ақан батырдың есіне өткен жылғы қанды майдан шайқас түсті. Жаман Жалғызтаудың арғы бетіндегі аз-мұз естек ес жиып, атқа мініп, жігіт жинаса керек. Әуелі Жақсылық Қарауылдың алты ауылын шауыпты. Желіккен жаудың жасағы Жекебояққа жеткенше, Шұңғыршаның қолын бастап Ақан да жеткен. Борлық өзенінің жағасында екі қол кездесті. Шұңғыршаның үш жүз жігіті естектің бес жүз қаралы жасағын әп-сәтте қасқыр шапқан қойдай қырған.
Оң білегін сыбанып, кереге көз ақ сауыттың жеңін түріп тастаған Ақан батыр менмін деп кеудесін соққан екі жігіт әрең көтеретін найзасымен естектің жеті-сегізін шаншып тастаған. Астындағы ақбозы да жай оғындай зуылдап, машықты қалпынан танар емес. Қан майданға кіргенде Ақан батыр ақбоздың шылбырын бос тастайтын. Тек тақымымен ғана ым, бағыттап отырады. Жануар иесінің ойын түсінбей қалған жері жоқ. Екі қолы бірдей бос Ақан батыр зілдей найзасын ұмсына толғап, қаһарлана түйрегенде жан шыдап көрген емес.
Майдан сәл саябыр тапқан. Тұс-тұсынан шіріген бөздей сөгілген естектің қолы жан сауғалап кетті. Ат үстінде қалғанын Шұңғыршаның батыр жігіттері найзаның ұшына, қылыштың жүзіне байлаған. Ақбоз атымен майдан даласын барлап, алаңсыз тұр еді. Қапыда қалды. Енді бір мезетте дәл сегізкөзінен әлдене сарт ете түскен. Қайың шоқпар екен. Қара бұжыр, екі иығына екі кісі мінгендей зор денелі естек қақырата соғыпты. Ақбоз аттың сауырынан сыпырылып түсе берген Ақан батырды Кенжебай мен Қонысбай қос қолтығынан демей берген. Содан қайтып үзеңгіге аяғын сала алмай қалды.
Үзеңгіге аяқ салғанды айтасыз, жан адамға бастырмаған өр кеуде бір бөлек, бөксе бір бөлек. Шамасы, естектің шоқпары омыртқасын опырып жіберген.
Күйші енді бір сәт алапат дауылды, құйындай жігерлі сарынға көшкен. Жорық күйі. Қара бұлттай түнеріп келген қалың қалмақтың сұсы сұмдық. Күн астында алмас қылыштар зеңгір көктен қара жердің төсін қақ айырып түсетін найзағайдай жарқылдайды. Ақ сауыттардың жүзінде пұшайман елді мазақ қылғандай ақ торғындай үлбіреген аппақ сәуле жымың-жымың етіп, көздерін ашып-жұмып діріл қағады. Ажал аңсай ұшқан сұр жебе енді-енді елім деп еңіреген ізгі ниет шүпілдей толған адал кеудеге, арман тұнған кеудеге кереқарыс қақырата кіріп қадалатындай. Шұрқырай кісінеген қалың жылқының тұяғынан ұшқан қара топырақ қара бұлтқа айналып, қара бұлт елдің, Шұңғыршаның қара қайғысы болып кеткендей ме, қалай?!
Дәл осы сәтте Алаш қолы аруақтанып, басына кіріп бас сауғалатқан құба қалмақтың жойқын, серпінді шабуылын тойтарып, жеңіске жеткендей ме. Күй сарыны өзгеше еді. Қос ішектен өрілген мың сан дыбыс елім-елім деп еңіреп жатқандай. Ел басына күн туғанда ерлер осылай жатар ма, туырлығыңды кескілейтін тентек жұртты басындырып қоясың ба? Шалғыны белден келетін ата қоныс – Ащылы Жекебояқтың жасыл жайлауын құба қалмақтың атының тұяғы тоздыратын болды-ау енді.
Алты ай қыс бойы сарыжанбас болып қозғалыссыз жатқан Ақан батыр алға қарай бір ұмсынды. Өзінің бойына қыс бойы тіршіліктің нышаны байқалмаған қос жауырынынан төмен жан кіріп келе жатқандығын аңғарған да жоқ. Қуатты қолдарымен астындағы түйежүн көрпенің пұшпағын сығымдай берді.
Атқа қонған әр адам дәл мынадай дауылпаз үнді естісе шыдап тұра алмас, жайбарақат жата алмас. Жата алса, батырлығы қайда, бағыландығы қайда? Ақан батыр да шыдай алмады. Күй сарыны құлақтан кіріп, тұла бойды дуылдатып, ерлік тұнған кеудені көктей өтіп, қос жауырынның омыртқамен тұтасқан жерін сабақтай, сегізкөзге құйылған. Әлден уақытта Ақан батыр өзінің жүрелеп отырғандығын аңғарды. Енді бір уақытта керегеге ілінген керегекөз ақ сауытын киіп жатыр екен. Дәл осы сәтте еңсегей бойлы күйшінің сұмдық сарынына балқып отырып, алты қанат ақ ордадағы шетін жағдайды өздері де байқай алмай қалған екі күтуші жігіт далаға атып шыққан.
– Сүйінші, сүйінші!
– Батыр жазылды!
– Батыр орнынан тұрып кетті, естисіңдер ме, ей жамағат!
Қос жігіттің қосарлана шыққан жан дауысы тылсым төңіректің үнсіз шымылдығын қақ айырып, қозыкөш жерге жеткенде батыр ауылының еңкейген кәрісі, еңбектеген баласына дейін алты қанат ақ орданың шалғыны жапырылмаған іргесіне жиналып қалды.
– Ақ сарыбас! – деді біреулер.
– Құдай көз жасымызды көрген екен,–десті екінші біреу.
Ақбоз үйдің ішінде, қақ төрдегі киік бөстегінің үстінде малдас құрып отырған күйші әлі де өзгеше сарынды өріп отыр. Қос ішек, тоғыз перне, бес саусақ. Лықсып төгілген, шарасына сыймай ақтарылған жорық күйі. Күй енді бір мезетте өзгеше әуен аңғартқан. Қалың қалмақ ескі кездемедей сөгіліп, кейін ысырылған. Қалмақтың аламандары бірінен соң бірі ат жалын құшып, ажал тапқан. Өзгенің жерін аңсағандар сол жерде міскін болып қалмақ. Мәңгілікке!
Ақмола облысы