Бұл туралы Алматыда “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы Алматы қалалық филиалы бастауыш ұйымдарының форумында сөз сөйлеген “Нұр Отан” ХДП Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин жария етті. Бүгінде Жоғары партия мектебін құру бойынша ұйымдастыру-техникалық жұмыстары жүргізілуде.
Алматыға алғаш келіп, форум жұмысына қатысқан Нұрлан Нығматулин алдымен партия басшылығы Мемлекет басшысы қойған міндеттерді орындаудағы негізгі істерді атқаратын бастауыш буындардың жұмысына үлкен маңыз бере кетті.
– Алдағы уақытта да Президентіміз, партиямыздың Төрағасы Н.Назарбаевтың биылғы тарихи Жолдауын басшылыққа ала отырып, жаңа қадамдар жасауымыз керек. Ол жұмыстарды атқаруда бастауыш партия ұйымдарының рөлі ерекше екені өздеріңізге белгілі. Бүгінгі күні еліміз бойынша партияның 6 мыңнан астам бастауыш ұйымы болса, соның 612-сі Алматы қаласында. Олардың барлығы тікелей халықпен бірге жүретін, елге көмек көрсететін, қатарымызды жаңартып отыратын “Нұр Отанның” негізгі күші деуге болады, – деді Нұрлан Зайруллаұлы.
Одан әрі ол партия жұмысы негізгі үш басымдықтан тұратынын, оның біріншісі – Президенттің стратегиясын жүзеге асыруға жұмыла кірісу, екіншісі – төменнен бастама көтеру, соған сәйкес жоспарларын қайта қарау, үшіншісі – партиялық ұйымдар жоғарыдан нұсқау күтпей, туындаған мәселелерге дереу назар аударып, нақты нәтижеге қол жеткізу екендігін алға тартты. Сонымен қатар, бастауыш ұйым жетекшілерін оқыту мен дайындау аса маңызды мәселенің бірі екендігін, ол туралы партия басшысының партиялық-саяси оқу жөнінде тапсырмасын орындау барысында “Нұр Отан” партиясының Жоғары партиялық мектебін құру бойынша ұйымдастыру-техникалық жұмыстарының басталып кеткенін, бұл мектеп елдің партиялық-саяси элитасын қалыптастыру орталығына айналуы тиістігін атап көрсетті.
– Онда орталықтың ғана емес, аймақтық партия басшылары да дәріс алатын болады. Мектеп бірнеше кезеңнен өтеді. Биылдың өзінде орталық деңгейде партия аппараты мен штат қызметкерлерін, бастауыш партия ұйымы басшыларын оқытуды бастамақпыз. Ал күзде аймақтық орталықтар ашылады. Оның алғашқысын батыс өңірі үшін Ақтөбеде ашу көзделіп отыр. 2011 жылы тағы да 4 партия оқыту орталығы жұмыс істейтін болады, – деді партия Төрағаның бірінші орынбасары.
Форумда “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов партия құрылғаннан бергі уақытта қаладағы бастауыш партия ұйымдарының қоғамдағы теріс әрекеттермен күрес жүргізудегі белсенділігіне, партия Төрағасының қойған міндеттерін орындауда өнеркәсіп деңгейін құлдыратпау, жаппай жұмыссыздыққа жол бермеу, әлеуметтік қақтығыстардың алдын алу, т.б. мәселелерге кеңінен тоқталды. Сонымен қатар, дер кезінде қабылданған дағдарысқа қарсы бағдарламаның арқасында Алматыда өндіріс тоқтамай, күтілген жаппай жұмыссыздық болмағанына назар аударды. Керісінше, “Жол картасы” арқылы 50 мың алматылық жұмыспен қамтылыпты. Үлескерлер мәселесі де қазір бұрынғыдай өткір тұрған жоқ.
Сондай-ақ, Ахметжан Смағұлұлы демократиялық ел болғандықтан, оппоненттер мен оппозицияның бар екенін ашық айта келе, шаһар басшысы ретінде олардың арасында байсалды ұсыныстармен шығатындарымен келісуге тура келетінін, жақында олардың басшыларымен кездескенде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жетілдіруде әкімдіктің қызметкерлері мен оппозиция өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құратындарын, мәселен, “Шаңыраққа” қатысты олармен өзара түсіністік тауып отырғанын да тілге тиек етті.
– Сын – жақсы нәрсе. Бұрын жоғарыдан ғана емес, төменнен де сын айтылатын. Партиялық қызметте осы құралды да пайдалануымыз керек. Тек сын объективті жағдайда болғанда ғана жалпы мүддеге қызмет ететін болады, – деді қала әкімі.
Партияның сайлау органдарының шешімдерін жүзеге асыруда 48 мыңға жуық мүшесі бар Алматы қалалық филиалының бастауыш партия ұйымдарының рөлі мен жұмысының тиімділігін арттыру жолдары жөнінде баян еткен “Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Амангелді Кәрімоллин сөз ретінде кейбір бастауыш партия ұйымдарының көзбояушылықтан аса алмай отырғанын сынға алды.
“Нұр Отан” ХДП Алматы қалалық мәслихатындағы депутаттар фракциясының басшысы, Қазақ ұлттық аграралық университетінің ректоры Тілектес Есполов бүгінгі кездегі ең жоғары жауапкершілік, ең негізгі партияның міндеті – бастауыш партия ұйымдарының белсенділігінде екендігіне тоқтала келіп, ірі мегаполис ретінде Алматы қаласының дамуы Қазақстанның индустриялық-инновациялық бағдарламасына тікелей байланыстылығын, осы ретте депутаттық фракция оңтүстік астанада ел экономикасының локомотиві мәртебесін ойдағыдай орындап отырғанын жеткізді.
Билік партиясының аймақтардағы жұмысын үйлестіріп, нақты іс-әрекет етуде бастауыш партия ұйымдары – халықпен бірге жүретін, оның мұң-мұқтажын тыңдап, көмек көрсететін негізгі күш. Осы ретте, әсіресе, аудандық, ауылдық деңгейдегі партия бөлімшелеріне үлкен салмақ жүктеледі.
Форум соңында белсенділігімен ерекше көзге түскен “Локомотив” АҚ, “Рахат” АҚ және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бастауыш партия ұйымдары алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.