30 Тамыз, 2013

Төл тойдың төресі

282 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ елі өзінің Ата Заңына 18 жыл толу мерекесін Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты жағдайда атап өтіп, елдің бас құжаты құрметіне қазақстандық өнер шеберлері ән мен жырдан шашу шашты. Ең басты байлық – адам мен оның өмірі, құқығы мен бостандығы, таңдау-тағылымы анық айшықталған ел Конституциясы күніне арналған мерекелік шараны Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед және басқа да мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, елордадағы дипломатиялық корпустың өкілдері мен қонақтар келіп тамашалады.

ERA 5167

 

ERA 5119

Қазақ елі өзінің Ата Заңына 18 жыл толу мерекесін Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты жағдайда атап өтіп, елдің бас құжаты құрметіне қазақстандық өнер шеберлері ән мен жырдан шашу шашты. Ең басты байлық – адам мен оның өмірі, құқығы мен бостандығы, таңдау-тағылымы анық айшықталған ел Конституциясы күніне арналған мерекелік шараны Мемлекеттік хатшы Марат Тәжин, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед және басқа да мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, мәдениет пен өнер қайраткерлері, елордадағы дипломатиялық корпустың өкілдері мен қонақтар келіп тамашалады.

Күнтізбедегі қызылмен ерекше бедерленген әр мерекенің өмірімізден ойып тұрып алатын өзіндік орны бар. Соның ішінде жұрттың бәрі өте бір жауапкершілікпен атап өтуге тиісті осы күннің бәсі мен рухы басқаларына қарағанда ерекшелеу болып көрінуінде үлкен бір сыр бардай түйіледі. Отызыншы тамыз. Жадыраған жаздың жамалы аз уақытта алтын жалқынға оранып шыға келмек. Елдік пен теңдікті жырлайтын мерейлі мереке табиғат-ананың тамылжыған тап осы мезетіне дөп келуі кездейсоқ сәйкестік емес сияқты. Егін орылып, ел ырзығы еселеніп, дала жаңғырығына бала жаңғырығы қосылатын қыркүйегің иек астында тұр. Қамба да, қазан да қайнаған шақ. Төл мерекеге жұрт­тың ерекше ықыластануынан тіршілік базарын аңғарғандайсыз.

...Даланың абыз күйшісі Құрманғазы­ның «Сарыарқа» күйімен тамаша тағылым басталғанына тамсанған қауым «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамбліне, «Ұлытау» тобына, «Серпер» домбырашылар ансамбліне, өзге ұлттың ұл-қыздары болғанмен жанына қазақтың қара домбырасын серік еткен Ольга Желтухина, Георгий Югай, Андрей Фендриков пен Михаил Глазырин сынды орындаушыларға ризашылықпен қол соқты. Жекелеген домбырашылар мен фольклорлық ансамбльдің, эстрадалық топтың қосылып өнер көрсетуі некен-саяқ құбылыс болып саналады. Бірақ үш түрлі үннің үзілмей, өзара үйлесімді жарасып, ортақ мақсатқа тоғысуынан «Сарыарқа» күйі өміршеңдігін тағы да таныта түспесе, атына нұқсан тиген жоқ.

Қазақтың халық әні «Бүлдіргенді» ҚР еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамед­қы­зының жұртты дауысына ұйытып, жүрегімен беріле салуынан қазақ ұлттық ән мектебінің тағылымды жалғасы сезілді. Халық тағы бір тосын сыйды тосырқамай қарсы алды. Үкілі Ыбырайдың атақты «Гәкку» әнін білмейтін қазақ кем де кем. Ғажайып шығарма соңғы уақытта классикалық үлгімен де, эстрадалық жанрмен де шырқалып жүр. Ал бірақ осы екеуін біріктіре білсе, бұл бір келешекте дамыта түсуге болатын, қолдауға тұратын үлгі екен. Қазіргі қазақ эстрадасының белгілі өкілі Медеу Арынбаев пен опера жұлдызы Майра Мұхамедқызының қосылып орындаған әні халықтық інжу-маржандардың кереметтігіне көз жеткізді.      

Қарағандылық «Аққу» би ансамблінің орындаған «Би күйі», «Ыңғай төк» билері сүйіспеншілікпен қабылданды. Күміс Базарбаева, Айдос Жабағин, Толқын Забирова, Игорь Благодарный, т. б. өнер шеберлері мерекелік кешті әсем жырмен көркемдесе, «МұзАРТ» тобының орындауында шырқалған Н.Айтұлы мен Ж.Дәулеттің «Қазақ елі» әні жас өркеннің жүрегіндегі патриотизм шоғын үрледі. Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев пен халықаралық байқаулардың лауреаты Біржан Хасанғалиев салған «Атамекен» әні кең сарайды асқақ рухпен еңселендіріп, әр адамның жанына сезім қанатын селкеусіз қондырғандай.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан.

________________________

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ.