Аймақтар • 01 Сәуір, 2020

Қостанай облысында 330 мыңнан астам адам әлеуметтік жәрдемақы алады

171 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қала және аудан әкімдерімен өткізген селекторлық кеңесте айтты. - Біз дағдарысқа қарсы шаралардың бірінші пакетін іске асыруға кірісіп кеттік. Енді Президент белгілеген халықты және бизнесті қолдаудың келесі қадамдарын жүзеге асыра бастауымыз керек. Қостанай облысында 330 мыңның үстінде жәрдемақы алушы бар. Оның 136 мыңнан астамы зейнеткер, 16 мыңға жуық адам АӘК алады, – деді облыс әкімі.

Қостанай облысында 330 мыңнан астам адам әлеуметтік жәрдемақы алады

Аймақ басшысы өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарға бір реттік ең төменгі жалақы көлемінде әлеуметтік төлем беру мәселесін де қозғады. Ол үшін аталған санаттағы азаматтардың мәртебесін қалыптастыру жұмысын жүргізу қажет. Аймақта шамамен мұндай санатқа енетін 18 мыңдай адам бар. Төтенше жағдай кезінде олар мемлекеттен ай сайын әлеуметтік төлемдер ала бастайды.

А. Мұхамбетов бейресми табыстарды жасыру фактілеріне ерекше назар аударды. Бүгінге дейін өзін-өзі жұмыспен қамтып келген  723 адам әлеуметтік көмек сұрап өтініш берген. Әкім әлеуметтік төлемге үміткерлердің бейресми табыстарын жасыру фактілеріне назар аудару керектігіне тоқталып, кейбір пайдакүнем азаматтардың кесірінен көмекке шын мұқтаж адамдар қамқорлықтан қағылмауы тиіс екендігін ескертті.  

Сонымен қатар, жиын барысында сақтандырылмаған азаматтарға 1 шілдеге дейін медициналық көмек толық түрде көрсетілетіні белгілі болды. Сондай-ақ, тегін азық-түлік алатын азаматтардың тізімі кеңейтіледі.            Бұған дейін тегін азық-түлік жиынтығы АӘК алатын балаларға ғана беріліп келген. Енді 1, 2, 3-топтағы мүмкіндігі шектеулілерге, балаларға және ресми тіркелген жұмыссыздарға да тегін азық-түлік себеттері берілетін болады.

Бүгінгі таңда Қостанай облысында 28152 мүмкіндігі шектеулі адам бар, оның  2974-і балалар, 4246-сы жұмыс істемейді. Аймақ басшысы бизнес өкілдерін аса жауапты әлеуметтік жобаны жүзеге асыруға  ат салысуға шақырды.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар