Тарих • 02 Сәуір, 2020

Қайтып келмес азамат Махмет Құлмағанбетов еді...

580 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Тағы жетінші лагерьге әкеп төкті. Міне осы жерде Махмет пен қоян- қолтық кездесіп, тағдыр айдаған дос болып кеттік. Отыз үш жыл өмірін сарп еткен Бабай босап еліне кетіпті. Оның орнын Махмет басқан.

Қайтып келмес азамат Махмет Құлмағанбетов еді...

Бізді, жиырмадан жаңа асқан қос қазақ баласын түсі суық лагерьдің бір бұрышындағы барақка іздеп келіп әкеміздей бауырына басқан Бабай жылап тұр. Биыл саяси айыпты болып Сібірдің талай лагерінде азапты күндер мен түндерін өткізгеніме 32 жыл. Ендігі жылы 33 жыл болмақ. Тағдыр жазса босап, елге бармақ.

- Қарақтарым-ай, қарттық басты, бұл өмірдегі санаулы күнім қалды. Ендігі жылға жетемін бе, жетпеймін бе? Ажал келсе ен болмаса екеуің бір дұға оқыр деп ойлаушы едім. Енді, міне сендерді де әкетіп барады, - дейді Құнанбай Бейсенұлы ақсақал.

Осы лагерьдегі жастарды сұрыптап, басқа жаққа әкетпекші. Тек қана жастарды ғана.

– Мына кәрі-құртаң, ыңғай рецидивист пәлелер жастардың миын улап жатыр. Совет мектебін көргендерді енді олардың үгітінен арашалау керек екен.

        Топтап – топтап мал тиейтін вагондарға сықап салып, Орал тауының теріскейіндегі бір лагерьге әкеліп төккен. Көршілес «8» лагерьдің жастарын бізден бұрын алып келіпті. Лагерьден лагерьге адамдарды жиі ауыстырып жатады. Қазақ аз жетінші лагерьде Бабай, Зейнолла және мен ғана. Көрші (арамыз 30 шақырым) лагерьде екі қазақ бар деп естиміз. Бірі Тоқтар деген Шу жағының азаматы, екіншісі Махмет. Осы жаңа жастар лагерьінде кездесерміз деген едік, болмай шықты.

Жастар лагерьіндегі жағдай тіпті ауыр, жұмысқа айдайды. Қалжырап келгенде ішетініміз бойға жұқпайды. Су, не дымқыл тартқан киімді кептірер жер жоқ. Шалбарымызды астымызға төсеп жатып кептіреміз. Лагерь басшыларына да бізбен жұмыс істеу оңайға соқпады. Бұрынғы лагерьде қайта үлкендер бізге басу айтатын. «Бұлар аямайды, ұрыншақ болмаңдар, атудан тайынбайды» деп тежейтін. Енді жастарға еркіндік тигендей болды. Бұйырғандарына көнбеу, жұмысты ақсату, кішкентай ауыл көшесімен айдап бара жатқанда жаппай отыра қалып қарсылық таныту өрістеп кеткен. Иә , осы лагерьде грузин Индико Кабалия екеумізді итке талатқан.

Ақыры келер жылы жастар лагерьін жапты. Бәрімізді қойша айдап жөнелген. Иосиф Андрушкивке жасатқан домбырамды да алдыртпады. Түркмен Ораз дутар деп мәз болған, татар, башқұрт «домбыра» деп сүйсінген аспаппен жалғыз шегінен жалғыз үн шығарып қоштастық.

Тағы жетінші лагерьге әкеп төкті. Міне осы жерде Махмет пен қоян- қолтық кездесіп, тағдыр айдаған дос болып кеттік. Отыз үш жыл өмірін сарп еткен Бабай босап еліне кетіпті. Оның орнын Махмет басқан.

Тағы да бізді іздеп келген Махмет.

- Бауырларым-ау, бар екенсіңдер ғой. Ауысып келгендер «сенің інілерін бар» дегенді сан айтқан. Япыр-ай,  – дейді бетімізге қарап, – жап-жассыңдар ғой, қалай ілігіп жүрсіңдер КГБ-ның тырнағына?

– Үлкендер бастап, біз қостап, –  деп мәселені өзіне қарай аударып күлісіп алдық.

  Махметтің жасы бізден үлкендеу екен. Арықтау келген қара қоңыр жігіт. Біреулер тесіле қарады деуші еді, жоқ Махмет бар болмысымызды білгісі келгендей үңіле қарады да риза болғандай сәл езу тартты. Иә, онан кейін де лагердегі жігіттермен пікір алысып, кейде таласып қалған жағдайда оның қарқылдап күлгенін көрген емеспін. Тегім Қостанай жағынан деген еді. Аса тергей сұрамадық та, мұнымыз жастық та болар. Оның үстіне біз үшін қазақ деген ұғым бәрінен де қымбат. Руың кім деп сұрау біз үшін масқарадай көрінетін. Оған қызықпайтын едік. Әлі де солаймыз-ау. Биыл қайтыс болған дос жар інім Сәбит Бексейіттің руының Қареке екенін өлерінен екі ай ғана бұрын білдім.

– Ал сендерді мұнда қонаққа әкелмеген болар, не пиғылдармен ғана жақпай қалдыңдар, – дейді Махмет.

Қазақтың бүгінгі басындағы қорлығын, мына тың деген пәледен қазақтың көрген қиянатын, қазақ мектептерінің жаппай жабылып жатқанын, ұлттың жойылу қатері үстінде тұрғанын айтып жатырмыз. Махмет үнсіз тыңдады, анда-санда басын изеп қояды.

– Сонан соң ? – деді сәл жымиып. Біз бір бірімізге қарадық.

– Сонан жасырын ұйым құрдық,  ЕСЕП деп атадық.

Біздің екі жылдан артық жасырын жұмыс істеп, листовка таратқанымызды естігенде басын шайқап.

- Қалай қолға түспей жүргенсіңдер, – деп таң қалған еді.

Махмет Құлмағамбетұлы Түркменияның  Чарджоу институтында студенттерге саяси экономикадан дәріс оқыған екен. Оған Н.Хрущевтің тұсындағы социализмде ұстаған саяси бағыты да ұнамаған. Экономиканың дамуы қате жүргізіліп жатыр деген тұжырымға келген. Өзінің осы пікірін әбден қалыптастырып, политэкономика сабағын өзінің бағытымен жүргізген. Бұл жағдай студенттерге ұнағанымен басқаша пікір айтады деген сөз басшылыққа да жеткен. Институт басшыларының Махметтің тәртібін қараған ауқымды жиналысында Махмет тағы да өз пікірін дәлелдеп шыққан соң, ол жұмыстан қуылған екен.

         Махметтің барар жері Алматы. Алматыда институттарға, техникумдарда әр жерде жұмыс істеген ол өзі өткізген дәрістерінде өз пікірінде айтудан қайтпаған. Сабақтардан кейін студенттермен жеке отырыстар жасап, өзінің жаңаша пікірін дәлелдей түскен. Ақыры үстінен арыз жауып, КГБ-нің дұзағына ілігіп, жеті жыл арқалап, осы лагерге тап болған.  

        - Сендер Қазақстанның барлық ВУЗ-ына листовкалар таратып, елдің сөніп қалған үмітің оятып, тұншығып жатқан намысын түрткілеп, қазақ деген халықтың барын, болатынында айтып жар салдыңдар, партия құрдыңдар. Ал, мен тікелей ашық айқасқа кірістім. Мына биліктің бет-пердесін сыпырдым. Жүздеген жастардың көңіліне от тастадым. Ол енді қанша тұншықтырса да сөнбейді, – дейді Махмет.

    – Неге жасырын жұмысқа кетпедің? –деймін.

   – Ол менің қолым емес. Әркімнің өз жолы бар. Бірақ мақсат біреу. Қараңдаршы мына Хрущев «Целина» деп бүкіл қазақ даласын ту-талақай етіп жатыр. Шаңы шыққан жерге ертең егін де өспейді, мал да жайылмайды. Мұның бәрі Хрущевқа атақ үшін, биліктің басында тұра тұруы үшін қажет. Оған қазақ деген халықтың түкке керегі жоқ. Әр беріден соң «Целина» шовинистерге қажет, қазақ жерін мәңгі басып қалудың жоспары.

   – Сталиннің кінәсін тарих әлі айта жатар. Меніңше СССР-дағы орнаған орыстың шовинистік социализмі. Социализм идеясын патшалық Ресейден келе жатқан тұтасқан шовинистік саясаты жеңген, не сол әбден бойына сіңген. Мұнымен СССР ілгері баспайды, түбі өзін-өзі жейді. Қарашы мына Балтық бойы елдерін, күніне үш адам босап шықса орынына бес адам келіп жатыр. Бәрі жастар, – деймін.

   -СССР-дағы ГОС капитализм, - дейді Махмет. – Бұл социализмнің елесі ғана. Гос капитализмнің капитализмнен айырмасы бар. Капитализм елдерінде халықта еркіндік бар. Фабрика, зауыттың жұмыскерлері өзінің қақысын қорғап жаппай ереуілге шыға алады. Бұл жағдай капиталисті  еріксіз ойландырады, жұмыс тәсілін жаңартуға мәжбүрлейді. Ал, біздегі жұмыскер билікке талап қоя алама? Жоқ. Ана Теміртауда, Новочеркаскіде көшеге шыққанды қырып салған жоқ па? Жұмыскердің еш правосының болмауы оның ынтасын жояды. Ақыры ол  өз еңбегінің нәтижесіне немкетті қарайтын болды. Мұның ақыры экономикалық дағдарыс.

     - Гост капитализм орнатып жатырсыңдар деп Троцкий де қарсы шыққан еді ғой, – деймін.

    - Иә оның солай деп айтқаны бар.

    - Ол партияның шексіз билігін де ұнатпаған тәрізді.

    -  Оның рас. Өзі сені тым жас па десем талай дүниені тексеріп тастағаның көрініп тұр. Иә, ол мемлекетті партия емес профсоюз билесін деген. Партия билесе партияның басшысы шексіз билеуші болып, тотолитарлық режім орнайды. Профсоюз деген ашық демократиялық ұйым. Оның басшыларын жұмыскер қауым өзі сайлайды. Ұнамаған басшыны қуып та жібере алады. Басшы еріксізден елдің жағдайын ойлауға мәжбүр болады. Сол себептен социализм елін профсоюз басқарсын депті Троцкий, – деп Махмет бұл жөніндегі пікірін анықтай түскен. Махметпен арамыз күн сайын жақындай түскен. Пікіріміз ашық. Менен ел жағдайын көп сұрайды.

   - Ауылдың жағдайы қалай? – дейді Махмет.

   - Колхозды тастап совхоз болдық қой.

  - Мына Никита Совхоз болсақ коммунизмнің есігі ашылады деп жар салып жатыр ғой, - деп Махмет мырс ете қалды.

  - Әй қайдам? Колхоздардан қалған түйе атаулыны бір айдың ішінде тегіс етке өткіздіріп жіберді ғой. Коммунизм деген түйеден шошитын болса керек.

  - Ойбай – ау, біз Американы қуып келе жатырмыз ғой. Енді басып озамыз. Соның көрінісі – ет деген дүкендерде симай тұруы керек. Бір түйе екі сиырдың етін береді. Міне солай. Ана Францияның компартиясының газетінде Американы қуып келе жатқан Хрущевтің суреті шығыпты. Белуардан жалаңаш көкең. Балтырынан бұрқ-бұрқ шаңға кірген. Тер деген бұршақ-бұршақ түсіп жатыр. Американы қуып жету оңай деп пе ең. Махметтің жүзін мысқыл басқан.

   - Туф, сенде айтасың-ау, - деп күліп жібердім.

  Көз алдыма қарыны салақтаған Хрушекең келе қалған. – Әй, олар да коммунист емес пе еді.

   - Коммунисі-коммунист. Бірақ олардың компартиясы демократиялық негізінде. Шындықты жазбаса ел ондай партияның есігін ашпайды.

   - Е, онда бізге коммунизмнен гөрі бұлт жуық екен.

   Біз ел, ауыл туралы да талай рет пікір бөлісуші едік.

   - Дегенімен сен мендей емес нағыз ауылдан келдің ғой. Ауылда туып өстің. Ауылдың тамырын басып көрдің. Сол тамыр не дейді? – деп сұраған Махмет.

         Мен 33 жыл отырып, биыл ғана босап шыққан, бар лагерге Бабай атанған Құнанбай ақсақалдан естігендерімнен бастағанмын. Бай екен. Алашордашыл екен. Екі мыңнан аса жылқысы, мыңнан аса қойы, жүз шамалы түйесі болыпты. Сол малды бағатын ағайын, туыстары екен. Жылқысын бірде бір рет санап көрмепті. Ағайынның көңіліне келер деп. Қауым болып өмір сүрген. Қыз ұзату, келін түсіру шаралы Құнекеңнің мойынында. Ағайынның ішіп-жемі сол малдың ішінде. Құнекеңнің жұмысы ағайынның керек-жарағын тауып беру екен.

         Мына колхоз совхоз деген ғасырлар бойы қауым боп өмір сүрген қазақтың көне жолына жақын. Әрине біраз өзгерістер керек. Қауым өз бетімен өмір сүру қажет. Ауыл шаруашылығы қиын мәселе.  Мемлекеттің қамқорлығы да болуы қажетті. Кәзір техниканың өскен заманы. Әр үйді жеке өмір сүр деп тау – таудың қуыс – қуысына тығып тастау мәселені шешпейді. Әр қыстақта жеке қалған үй әлгіндей ауыр техниканы да сатып алып, меңгеріп кете алмайды. Қазақты XIX ғасырға кері сүйреу кері кеткендік болар еді.

  - Сондағы пікірің не?

  - Мен қоғамдық меншікті жақтаймын. Қауым өзін-өзі түзете алатындай, өрістей алатындай еркін түрде құрылуы керек.

  - Қауым болып өмір сүрсек қазақылығымыз сақталады дейсің ғой. Әрине ұлтты сақтау керек. Дегенмен қоғамдық меншікпен ұсақ жеке меншіктің де болғаны дұрыс дер едім. Қазақта үй жасайтындар, етікшілер, ер-тұрман жасаушылар, теріден қайыс жасаушылар тағы басқа талай өнер иелері болған  ғой. Соның бәрін құртқан жоқ па мына әсіре коммунистер. Соны да қалпына келтіру қажет- ау, – дейді Махмет.

         Тағы бір де Махмет Қазақстанда талай-талай шахталар, қалаларда фабрика-зауыттар бар. Солардың билігі тек Мәскеуде, министрлердің қолында дегенді айтып қалды.

  – Қазақ үкіметінде билік жоқ, біздің министрлер жоғарғының айтқанын бұлжытпай орындаушылар ғана, – деймін мен де.

  - Әлгі Троцкийдің Госкапитализмдеп жүргені де осыдан ғой. – Махмет маған сұраулы жүзін бұрған.

  - Солай сияқты.

  - Осы мәселе жөнінде ойланып көрдің бе?

  - Мына Югославияның басшысы Иосиф Броз Тито өзінше жасап жүр ғой.

  - Иә, – дейді Махмет менің көз қарасымды анықтай түскісі келіп.

  - Қаншалықты рас екенін білмеймін әр жерден оқығаным, естігеніме қарағанда зауыт, фабрикалардың иесі сонда еңбек ететін жұмыскер қауым тәрізді.

  - Иә, Титоның не істеп жатқаны жөнінде бізде ештеңені ашып жазбайды. Ол да коммунист, бұлар да коммунист. Хрушекең Титомен араз. Ана Қытайдың Мао Цзе Дуны социализмді өзінше құрып жатқандай. Тіпті капиталистерін де сақтап отыр.

  - Иә, - деймін қостап.

  - Сонда...

  - Сонда мен дегенменде ірі кәсіпорындардың билігі жұмыскер қауымында болғанын қалар едім.

  - Марксшылсың ба?

  - Әуелде Әлихан Бөкейханов та марксшыл болған, – деп бар қазақ мойын сұнған Алаш көсемдерін алға тарттым.

  - Маркстың идеясы XIX ғасыр үшін тұп-тура. Бірақ заман өзгерді ғой. Шексіз деспотизмнің заманы келмеске кетіп бара жатқанын мойындамасқа болмайды. Бірақ ана Рокфеллер сияқты миллиардерлердің әлем билігін бере салуы күмәнды,  – деп Махмет тағы бір терең ойды араға тастаған еді.

    - Рокфеллер, Морган, Дюпон... – деймін мен де.

    - Олардың тамыры бүкіл әлемді шырмаған. Әр елдің президенттерін де, қаптаған министрліктерінде солардың адамдары жетерлік. Қару да соларда. Олар адам баласының саны өскенін қатер деп есептейді. Сонда ..., - деп Махмет басын шайқаған.

   - Махметтің істі болып сотталғаннан кейін жазған Кассациялық арызы да бір көркем, әрі саяси шығармадан кем емес еді. Өзін тергегеннің, әділ соттың, прокурордың бейнесін мысқылдап жазғанын жай отырып оқып шығу мүмкін емес. Тергеушісі Ладыгин деген болса керек. Ладыгин керзі етігімен қылтамағынан басып тұрып «признавайся, терориспін де» деп ақырады. Демім бітіп, тұншығып өліп бара жатырмын. Шошынып атып тұрамын. Әйтеуір түсім екен. Күнде түрмеде көретінім осы, - деп жазыпты арызында Махмет. Тура мылтық билеген заманның карикатурасы.

  -Махмет осы жоғарғы жаққа жазған арызының қол жазбасының «сендер сақтаңдар» деп бізге берген. Мен лагерьде елеусіздеу жүретін Зейноллаға тапсырдым. Айтысып-тартысып қалатын, карцерден карцерге түсіп жүретін мені жиі тінтетін. Ақыры Зейнолла сол арызды лагерьден алып шықты. Зейнолла 1988 жылы жүрек ауруынан қайтыс болып кетті де сол арыздың түпнұсқасы қолыма түспей жүр.

    Карцерге түсе беретін маған Махмет «бұл жерде қарсылық көрсетіп ештеңе таппайсың. Оларға жағынбасаң да тік мінез көрсете бермей басыңды сақта» деп ескертетін еді.

      Махмет Балтық бойының азаматтарымен ерекше араласты. Биік ойлы олардан рухани жәрдем алатындай еді. Бір айдың ішінде бір аптасын ғана лагерде өткізіп, қалған уақытын карцерде кешетін латын жігіті Гуннармен айрықша дос болды. Ақын Кнут Скуениекс, Виктор Калныньшпен қатты сыйласты. Жиырма шақты Латыш жігіттерінің ортасында бір кружка шай болатын. Сонан бәріміз бір ұрттағансып келесі азаматқа ұсынамыз. Жалғыз кружка айналып шығады. Әсерлі әңгімелер басталатын. Махметтің саяси экономика туралы дау тудырмас талдауын, әлем философиясының өрістеуі жайындағы пайымдарын жиналғандар ілтифатын тыңдап, ара-арасында ризалықтарын да білдіріп отыратын. Гуннар, Кнут Скуениекс жеке меншікті қолдаса, Виктор Калныньш қоғамдық меншік дұрыс деп есептейтін. Бұлар пікір алшақтығына қарамастан керемет айырылмастай дос еді.

    Лагерьде Совет өкіметін террористік жолмен де құлатып тастаймыз дегендер болған. Олар алғашқыда қатарын көбейткісі келіп Махметке де жуықтады. «Осылар қай ғасырда өмір сүріп жатқанына есеп бере ме екен» деп күлуші еді Махмет.

   Саяси лагердің іші толған неше түрлі саяси ағымдар. Басқа жұртқа дүрдиіп менсінбейтіндіктерін жасырмайтын орыстың шовинистік топтарының адамдарының жағдайы салыстырмалы тәуірлей надзиратель атаулының өзі оларға қамқорси қарайды. «Фашистер қайдан шығады дейсің ғой, міне осылар соның ұясы» дейді Махмет. Махметке бастан кешкен бір жағдайды айтып бергенмін.  Қан құсып жағдайым ауырлап кеткен. Әйтеуір бір жақтағы өздерінің ауруханасына алып барған. Ауруханадағының бәрі орыс. Қаншалықты науқас екенін кім білсін, бір қарағанда қажымаған адамдар. Мені айдаладан келген туземец санады білем, әуелі өз діндеріне тартып әлек болды, сонан соң қыс пен жаздың ауысуы туралы сандырақтай жөнелді. Оларша күн жерді айналады екен. Сендер мектепте оқып па едіңдер деуге тура келді. Аз күннің ішінде байқағаным, сөздерінен аңғарғаным, орыс халқы дүниенің тірегі, патша ағзамдар әулие, оның тағына қайта отырғызу керек екен.

   - Шовинистердің бәрі осыншалық сауатсыз деуге келмес. Олардың ішінде де сол идеяны ұстанған ірі тұлғалар бар. Бірақ олардан орта ғасырдың исі мүңкіп тұр, - деген еді Махмет.

    Махмет сол кішірек ауылда орналасқан мебель фабрикасындағы диван жасайтын цехта жұмыс істеп жүрді. Ауысымдық нормасын орындамау деген қияметтің қиыны. Орындамасаң жазаға тартыласың. Оған сол цехта істейтін латыш жігіттері көмек етті ғой деймін, әйтеуір ішерлік нан-суынан қағылған жоқ.

    Мынау елде енді біз істерлік ештеңе қалған жоқ. Біз үшін енді бәрі жабық. Күреспей қалай өмір сүремін. Кетемін. Шет елге кетемін. Ебін табамын деуші еді Махмет.

       - Кетпе қазаққа керексін. Біздің халық әлі ұйқыда. Соларды ояту керек. Мына лагерде басқа ұлт өкілдері топ-тобымен жүр. Тіпті алақандай башқұрттардан жиырмаға жуық адам бар. Бізді қарашы? Барлық жоғы үшеу-ақпыз. Сорлап жатыр халқымыз, - деймін.

   - Сен сонда ЕСЕП-тің жұмысын қайта бастамақшысың ба? – дейді Махмет.

   - Жоқ. Ендігі күрес жолы басқа болады.

 Бір күні бір топ адаммен Махметті де басқа лагерге ала жөнелді. Тіпті қоштаса алмай да қалдық. Ендігі бір үш-төрт айда бізді де босатар деген үмітіміз бар. Толқып жүрміз. Мені босатпауы да мүмкін. Әйтеуір Махметті осы лагерге тағы бір әкелер деген үміт бар. Оған арнап хат жазып досым ингуш Иса Кадзоевке бердім. Артық бірер көйлегім бар еді, Махметке берерсің деп грузин досым Индико Кобалиеге тапсырдым.

   Кейін, пәлен жылдан соң жанын шүберекке түйіп жүрген азамат Махметтің түрмеден де шыққанын, ебін тауып шетелге де кеткенін естідім.

  Иә, ол біз туралы «Азаттық радиосына» әлденеше рет хабар да жүргізді. Азаттық радиосының әр хабары біз үшін азаттық, жеңілдік емес келесі бір қиындықтарды басымызға әкелетін.

    Иә, ол «қайта құрушы» Горбачевпен де шетелде кездесіп, пікір таласын жүргізген. Бірақ біздің тәуелсіз елдің тәуелсіз баспалары ол туралы тіс жарған жоқ.

   Елінің болғанын, толғанын аңсаған қазақтың бір туар азаматы Махмет Құлмағанбетов шет елде дүниеден озды. Біздің тәуелсіз ел оны керек қылған жоқ.

    Тәуелсіз елге тәуелсіздікті аңсаған ерлердің керегі болмай қалған заман-ай. Есесін елді коррупция жайлады.

 

 

                                                                                  Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

                                                                                  Диссидент. Жазушы.