Үкімет • 03 Сәуір, 2020

Қаржы халыққа бағытталады

249 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында Қазақстан Республикасының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және 2020 жылға арналған республикалық бюджеті, сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 31 наурыздағы тапсырмаларын іске асыру аясындағы дағдарысқа қарсы шаралардың қосымша топтамасы қаралды.

Қаржы халыққа бағытталады

Бюджет өлшемі: мұнай баррелі – 20 доллар

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов 2020 жылға арналған макрокөрсеткіштердің болжамын нақтылау және Мемлекет басшысының кепілдендірілген трансфертті түзету жөніндегі Жарлығының жобасы туралы айтып берді. Оның айтуынша, болжамды нақтылаудың негізгі факторлары – тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдай, жаһандық рецессия және коронавирусты таратпау бойынша қорғау шаралары аясында іскерлік белсенділіктің баяулауы.

«Жыл басынан бері мұнай бағасы 65,7%-ға, металдар орта есеппен 15,6%-ға, әлемдік биржалық индекстер орта есеппен 20,9%-ға төмендеді. 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 22 долларға дейін төмендеді» деді Ұлттық экономика министрі.

Осыны ескере отырып, осы жылғы сәуір-желтоқсанға мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11% аралығында есепке алынды. Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бо­йынша болжам 86 млн тоннаға (4 млн тоннаға) дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада бұған дейін мақұлданған өсу қарқындарымен салыстырғанда төмендеу күтілуде.

«Экспорт 16,3 млрд-қа төмендеп, 35,1 млрд долларды, импорт 7,5 млрд-ға төмендеп, 26,6 млрд долларды құрайды. Жоғарыда аталған факторларды ескере отырып, ішкі жалпы өнімнің 0,9%-ға төмендеуі күтілуде. Номиналды ішкі жалпы өнім 69,7 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 4,8 трлн теңгеге төмен», деді Р.Дәленов.

Түзетілген макроэкономикалық болжамның негізінде 2020 жылға арналған республикалық бюджет параметрлерінің болжамы нақтыланды. Республикалық бюджеттің кірістері трансферттерді есепке алмағанда 2020 жылы 6 414,1 млрд теңге көлемінде бағалануда, бұл бекітілген жоспарға қарағанда 1 672,3 млрд теңгеге аз. Негізгі төмендеу қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы және табиғи ресурстарды пайдаланғаны үшін түсетін түсімдер бойынша күтілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін қабылданған салықтық ынталандыру мен жеңілдіктер бойынша барлық шаралар бюджеттің кіріс бөлігінде ескерілді. Ірі сауда объектілері, сауда-ойын-сауық орталықтары, кинозалдар, театрлар, көрмелер, қоғамдық тамақтандыру, қонақүй, хостел және туристік қызмет объектілерін жылдың соңына дейін мүлік салығынан босату көзделді. «Салық салудың жалпы белгіленген тәртібінде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлер жыл соңына дейін жеке табыс салығынан босатылды» деді Р.Дәленов.

Агроөнеркәсіптік кешенді қолдау мақсатында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер бойынша жер салығын жылдың соңына дейін төлемейді. Сондай-ақ биологиялық активтерінің импорты жылдың соңына дейін қосылған құн салығынан босатылды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік та­уарлары үшін қосылған құн салығының мөлшерлемесі 30 наурыздан 1 қазанға дейінгі кезеңге 12%-дан 8%-ға дейін төмендетілді.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, шағын және орта бизнесті еңбекақы төлеу қорынан алынатын салық және әлеуметтік төлемдерден 6 айға, биылғы 1 қазанға дейін босату қарастырылған. Бұл шара турис­тік қызмет, қоғамдық тамақтану, қо­нақүй бизнесі салаларын, ірі сауда объектілерін, сауда-ойын-сауық орта­лықтарын, кинозалдар, театрлар, көр­мелер мен денешынықтыру-сауық­тыру және спорт ғимараттарын, көлік қызметтерін, консультациялық қызметтер мен ақпараттық техноло­гияларды, тамақ өнімдерін өткізу мен дәріханаларды қоспағанда сауда субъектілерін қамтиды.

 

Жұмыспен қамту шығындары 1 трлн теңгеге ұлғайтылады

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов экономиканы, ШОБ-ты, азаматтарды қолдауға және бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге арналған шығыстарды қоса алғанда, 2020 жылға арналған республикалық бюд­жеттің қайта нақтыланатынын айтты.

«Қарауға ұсынылған «2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы» Президент Жар­лы­ғының жобасы осындай қиын жағ­дайда экономиканы, шағын және орта бизнесті, халықты қолдауға және бюд­жеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Республикалық бюд­жеттің кірістері 6,4 трлн теңге көле­мінде бағалануда. Сыртқы жағымсыз факторлардың әсерінен қосылған құн салығы, шикі мұнайға экспорттық кеден бажы, табиғи ресурстарды пай­да­ланғаны үшін түсетін түсімдерінің төмендеуі күтілуде» деді Ә.Смайылов. Оның айтуынша, төтенше жағдай кезінде халықты және экономиканы қолдауға үш бағыт бойынша қосымша шығыстар қарастырылған.

Бірінші бағыт. Экономикалық тұрақтылықты және төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге бірқатар шаралар көзделеді. Осы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасын» іске асыруға 1 трлн теңге бағытталатын болады. Инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады және 250 мың жұмыс орны ашылады. «Бизнестің жол картасын» іске асыруға қосымша 84,5 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр. Бағдарламада кәсіпкерлер кредиттері бойынша субсидиялау және кепілдендіру арқылы кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейту көзделеді. Бұл шамамен 16 мың жұмыс орнын ашуға және 250 млрд теңгеден астам салық түсуіне мүмкіндік береді», деді Ә. Смайылов.

Сондай-ақ азаматтардың жекелеген санаттары үшін азық-түлік, тұрмыстық жиынтық беруге 30,8 млрд теңге қарастырылған. Осы шаралар жалпы 2 млн-нан астам адамды қамтитын болады. Нақтылау шеңберінде, «Еңбек» бағдарламасын іске асыруға сомасы 50 млрд теңге қосымша шығыстар көзделеді. Соның нәтижесінде жаппай кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік осал халықты қолдау, еңбек делдалдығы мен шеберліктің тиімді моделін жасау жалғастырылатын болады. Бұған қоса, Ә.Смайылов коронавирус инфекциясының таралуы бойынша ағымдағы жағдайды ескере отырып, Мемлекет басшысы карантинге тартылған медициналық және басқа да қызметкерлерге қосымша ақы төлеуді жүзеге асыруды тапсырғанын атап өтті. Аталған мақсаттарға 40,5 млрд теңге қарастырылған.

Екінші бағыт. Макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты іс-шаралар. Осы жылдың 1 сәуірінен бас­тап әлеуметтік төлемдерді индексациялау және шетел валютасының өзгеруіне байланысты шығыстарды өтеу жүзеге асырылады. Оған 315,6 млрд теңге бағытталады.

Үшінші бағыт. Азаматтарды және экономиканы қолдауға, оның ішінде Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмасын іске асыруға 293 млрд теңге бағыттау ұсынылады. Осы қаражат шеңберінде өмір сапасын жақсарту және кірістер мен сұранысты ұлғайтумен бірге өндірісті ынталандыруға бағытталған шаралар мен жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Бюджет кірістері бойынша шығындарды өтеуге және жоғарыда аталған шараларды іске асыру үшін республикалық бюджет шығыстары 532 млрд теңгеге оңтайландырылды. Бюджет тапшылығы 841 млрд теңгеге ұлғайтылды. Нәтижесінде, республикалық бюджет параметрлері былайша қалыптасты: Түсімдер – 11,8 трлн теңге (515,8 млрд теңгеге ұлғаюмен); Шығыстар – 14,3 трлн теңге (1,4 трлн теңгеге ұлғаюмен); Тапшылық – 2,4 трлн теңге немесе ішкі жалпы өнімге 3,5%.

«Республикалық бюджетті нақ­ты­лау бойынша тиісті Жарлықтың жобасы Мемлекет басшысының қа­рауына жіберіледі. Осы шешім қабыл­данған күнінен бастап барлық бюджет әкімшілері қосымша бөлінген қара­жатты уақтылы және тиімді игеру үшін тиісті мемлекеттік сатып алу және басқа рәсімдерді дер кезінде іске асыруы қажет», деп түйіндеді Ә.Смайылов.

 

7 мың жобаны қамтиды

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Нұрымбетовтің айтуынша, Жұмыспен қамтудың жаңа жол картасын іске асыруға 1 трлн теңге қарастырылады. Бағдарламада 7 мыңнан астам жоба қамтылады. Оның 300-ден астамы жаңа тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін өндірістік, перспективалы жобалар.

«Жұмысшылардың еңбекақысы 85 мың теңгеден төмен емес 242 мың жұмыс орны ашылады. Жол картасының талаптары мен шарттары бойынша кемінде 90%-ы отандық жұмыскерлер болуы тиіс. Жұмысқа тартылған қызметкерлердің кемінде жартысы жұмыссыз жастарға баса назар аудара отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы тартылуы тиіс», деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Ел Президентінің тапсырмасы бо­йынша ірі қалаларда жұмыс істеген және бүгінде жұмыссыз қалып отырған өңірлердегі жастар Жол картасының жобаларына қатыса алады. Оларға 85 мың теңге көлемінде үстемеақы төленеді. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар мобильді пункттер құрып, оларды жұмысқа тарту жөнінде шаралар қабылдауы тиіс.

«Жол картасы аясында жүзеге асырылатын жобалардың 35%-ы әлеуметтік сала нысандарына, 34%-ы инженерлік-көлік инфрақұрылымын жаңғыртуға, 14%-ы тұрғын үй-коммуналдық мәселелерді шешуге, 17%-ы елді мекендерді абаттандыруға бағытталған», деді Б.Нұрымбетов.

Жалпы, Жұмыспен қамтудың жол картасы биыл 600 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етеді деген болжам бар.

 

Қажетті қаржымен қамтамасыз етіледі

Отырыста қаралған мәселелерді қорытындылаған Үкімет басшысы басым міндет жұмыспен қамту екенін атап өтті. Жаңа «Жұмыспен қамтудың жол картасын» қаржыландыру 1 трлн теңгеге ұлғайтылды, бұл 240 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, бұл жобалар іске асырылатын кезде құрылатын уақытша жұмыс орындары ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құру да кіреді.

«Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру инфрақұрылымды жаңғырту мен тиімді активтерді құрудың негізі болуы тиіс, олар болашақта өсу мен дамуға негіз болады» деді А.Мамин.

Премьер-Министр кәсіпкерлерді қолдау үшін салықтық жеңілдіктер қабылданғанын айтты. Бұл экономиканың түрлі салаларын қамтиды, оның ішінде сауда, қоғамдық тамақтандыру, қонақүй және туристік бизнес, сондай-ақ қызмет көрсету секторының басқа да салалары бар. Салықтан босату және мөлшерлемелерді төмендету түрлі мерзімге және 700 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісіне қолданылады. Әлеуметтік төлемдерді алушылардың қатары артады, оның ішінде жұмысынан айырылған өзін өзі жұмыспен қамтығандар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз кейбір топтары бар. Шамамен 3 млн қазақстандық 42500 теңге мөлшерінде төлемақы алатын болады. Көп балалы отбасыларға, жұмыссыздарға тұрақты негізде тұрмыстық азық-түлік жиынтығы тегін беріледі. Бұл шарамен 800 мыңнан аса адам қамтылады.

Үкімет басшысы әкімдерге мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жаңа Жұмыспен қамту жол картасын уақтылы әрі тиімді іске асыруды, әлеуметтік қолдаудың барлық түрін төлеуді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары қажетті қаржыландырумен қамтамасыз етіліп, уақтылы орындалатын болады» деп түйіндеді сөзін  А.Мамин.