Қазақстан • 03 Сәуір, 2020

Ұлттық тағамдар індетке қарсы қабілетті көтереді

730 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отандық және шетелдік медик-ғалымдардың тұжырымдауынша бүгінгі пандемия жағдайындаағзаның жалпы қорғаныс қабілетін көтере білудің пайдасы өте мол. Дүниені дүрліктірген COVID-19 дерті ең алдымен өз щеңберін адамның тыныс мүшесі –өкпеге салатыны белгілі болып отыр. Коронавирус инфекциясының қатерлі болуының ең басты себебі асқынтып алған жағдайда өкпені мүлдем істен шығаратынында екен.

Ұлттық тағамдар індетке қарсы қабілетті көтереді

Ендеше ағайындарымыз оны аман сақтаудың қам-қаракетін ойластырса бұдан еш ұтылмайды дер едік. Медицина ғылымының белді өкілдері соның басты бір жолы қуаты мол, жұғымдылығы жоғары табиғи тағамдарды, соның ішінде мал өнімдерінен алынатын май мен сәуір мен мамыр айында әзірленген сары майды пайдалану екенін алға тартуда. Бұл ретте бүгінгі қазақ медицина ғылымының ақсақалы, қазақ тағамтану Академиясының ректоры, академик Төрегелді Шармановтың ұлттық тағамдарды ұдайы тұтыну жөніндегі айтып жүрген тұжырымдары тектен-тек емес екендігі айқындала түседі.

Бір қызығы қазіргі коронавирус індеті жағдайында өкпеның дұрыс жұмыс жасауы үшін жоғарыда аталған өнімдердің пайдасы мол болатынын Ресей ғалымдары да қуаттап отыр. Айталық Ресей медицина-техникалық ғылымдары Академиясының академигі, дәрігер-ревмотолог Павел Эвдокименконың интернетте білдірген пікірінше адамның өкпесі майға тәуелді. Сондықтан оны қажетті мөлшерде пайдаланбаған жағдайда өкпенің қызметі нашарлай түседі. Өзінің коронавирус індетінен сақтануға қатысты ақыл-кеңесінде ол: күнделікті тағам құрамында малдан алынатын май мөлшерінің жеткіліксіз болуы –өкпе үшін ең қауіпті жағдай. Эпидемия кезінде әр адам күніне ең кем дегенде 20 грамм сары май мен бір кесек шошқа майын жеп тұрғаны жөн деп тұжырымдапты. Әрине бұл жерде оның кейінгі айтқан өнім түрін өзіміздің Төкең –Төрегелді Шарманов айтып жүргендей жылқы қазысының немесе қойдың майымен алмастырып қана қабылдай алатынымыз айтпаса да түсінікті.

Бұған дейін дәрігер-мамандар мал өнімдерінен алынатын майдың зиянды жақтарын, оның ағзадағы холестерин мөлшерін көеруге әсері тиетінін тілге тиек етіп келгені мәлім. Соның салдарынан қуат пен күш және калория бере алатын қазақтың ұлттық тағамдары түрлі аурулардың алдын алу және иммунитетті көтеру мәселесінде екінші кезекке ысырылып келді. Тағы да жоғарыда аты-өні аталған отандық академиктің айтуынша бұл тым бір жақты түсінік болып шығады. Отандастарымыз соңғы уақытта байқап жүргендей қазіргі пандемия жағайында да цитрустық жемістер мен сарымсақтың пайдалы екені жиі айтылып жүр. Рас, аталған жеміс пен көкөністе иммунитеттің басты тіректерінің бірі С витамині бар. Оның ауру тудырғыш микробтарды жоюдағы оң әсерін де жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен осы тұрғыда халқымыздың ұлттың тағамдарының құндылығы мен құнарлылығы бұдан бір мысқал кем түспейді дейді М.Оспанов атындағы Ақтөбе медицина университетінің оқытушысы Қуаныш Сүлейменов.

Ал сары майды ата-бабаларымыз ежелден салқын тигенде, тамақты жібітуге, қақырық түсіруге және өкпе мен қолқаны тазалауға пайдаланып келгені белгілі. Бұған қоса қаймақ, майы айырылмаған сүт, айран мен ірімшіктің, сондай-ақ ұлттық сусындар –шұбат пен қымыздың ағзаға тигізетін пайдасы мол екені өзге бір әңгіменің еншісі.

Жалпы дәстүрлі қазақ қоғамындағы тамақтану дәстүрі мен нормалары ең алдымен денсаулықты нығайтуға негізделгені назардан тыс қалмағаны жөн. Бұл жөнінде орыс әдебиетінде мемуарлық жанрдың жілік майын шағып ішкен суреткер Сергей Аксаков «Семейная хроника» атты шығармасында бас кейіпкердің анасының қымызбен емделіп жазылғаны жөнінде құнды дерек қалған екен. Бұл оның бастан-аяқ өз өмірінен алынып жазылған туынды екені айта кеткеніміз жөн.

Айталық жазушы 1857 жылы Ф.Чижевке жолдаған хатында тек шындықты ғана жазатынын, өмірден алынған оқиғаларды ойдан шығарылған оқиғалармен алмастыруға мүлде ықыласы жоқ екенін айтып кеткен. Ал сол замандағы зерттеушілер Аксаковтың бұл шығармасын тек әдеби туынды емес, тарихи құжат ретінде де құнды деп бағалаған екен.

«Семейная хрониканың» бас кейіпкері –Сергей Богровтың анасы Софья өзінің алғашқы перзентінен айырылғаннан кейін қатты құсаланып, ауыр дертке шалдығады. Оның туған қаласы сол кезде губерния орталығы болған. Уфадағы атақты дәрігерлер қанша тырысса да жас ананың жағдайы күннен-күнге нашарлай берген. Ақыры Авенариус деген дәрігер «Көшпелі татарлар» деп аталып кеткен сол кездегі көшпелі түркілердің ем-домына жүгініп, науқасқа қымыз беру керек деп шешеді. Сөйтіп, Уфа маңындағы татар байларының бірінің иелігіне әкеледі. Сол кезде құр сүлдері қалып жүдеген, жүзі сарғайып кеткен өте әлсіз, өздігінен жүріп-тұра алмайтын келіншекті күйеуі Алексей Степаныч пен дәрігер Авенариустың татарлар ауылына әзер, әрең жеткізгені баяндалған. Оның үстіне қайын атасы келінінің енді «қайдағы бір» басурмандардың сусынымен емделетін болғанын естіп «как же пить молоко нечистого животного» деп дәрігерге қатты ашуланады.

Алайда қымыз ішкеннен кейін Софья екі-үш аптаның ішінде орнынан тұрып, жүруге жараған. Мұны көрген Авенариус қуанып, науқасқа күнделікті ішетін қымыз мөлшерін көбейтуге және көшпенділердің қыз-келіншектері құсап атпен серуендеуге, сондай-ақ қойдың майлы етін жеуге кеңес беріпті. Бұл мамыр айының іші болса керек. Бұл айда көшпенділердің қымыз бен семіз қой етінен басқа ештеңе жемейтінін, тіпті нанды да ауызға алмайтынын, яғни ата-бабаларымыздың тамақтану мәселесінде  белгілі-бір ұстаным, тәртіпке сүйенгенін орыс жазушысы Аксаков осындай деректермен қалдырған екен.

Ал қазақтың ұлттық тағамдарының денін құрайтын ет пен сүттің зияндылығы туралы мәселеге қайта келсек, бұл өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының ішінде америкалық физиолог Ансель Кистен тараған сөз деседі. Оның қаныққан майлардың басқаша айтқанда мал өнімдері құрамындағы майлардың семіздікке шалдықтыратыны және жүрек қан-тамыры ауруларын тударатыы жөніндегі пікірі ғылым мен медицинада жарты ғасырға жуық үстемдік еткені мәлім.

Алайда одан берідегі медициналық зерттеулер мұны теріске шығарып, қазіргі күні дәрігерлер жоғарыда айтылған Павел Эвдокименконың кеңесінде айтылғандай күнделікті ас құрамында мал майының жеткілікті болуын қадағалағанды жөн көреді. Әрине не нәрсенің де белгілі бір шегі бар. Бұл ретте жүрек-қан тамырлары созылмалы дерттері бар, қан қысымы жоғары жандар дәрігермен ақылдасып, мал майын холестерин мөлшерін тексеруден өткізгеннен кейін пайдалану керектігі талас туғызбайды.

Түйп айтқанда бүгінгідей коронавирус инфекциясы таралуы жағдайында халқымыздың ұлттық тағамдары қауіпті індетке қарсы қабілет пен иммунитетті көтеруге септігін тигізе алады демекпіз.