Қызды ұстауға негізгі себеп болған – оның кәмелет жасына толмай ата-аналарынсыз көшеге шыққандығы болып отыр. Облыстық санитарлық дәрігердің карантин жөніндегі қаулысында осындай талап бар көрінеді.
Сонымен, қыз полиция басқармасына жеткізіліп, анасы шақыртылды. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің «Төтенше жағдай режімін бұзу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материалдары мамандандырылған әкімшілік сотқа жөнелтілген.
Осы бұзушылыққа адами көзбен қарасақ, дұрыстыққа жата ма? Полицияның міндеті карантин туралы қаулының талабын періп-ұрып, көзсіз орындау емес, бар мақсат - адамдардың саулығын сақтауға бағытталғандықтан соған қолқабыс тигізу ғой. Ендеше 16 жасар қызды ұстамай-ақ, үйіңе бар деген ескертумен жібере салуға болады ғой. Бағынбай жатса – басқа мәселе. Айы толмаған-ақ шығар, бірақ 16 жасар қыз өз ісіне жауап беретін жаста емес пе? Темірді де бір-біріне бекіткенде «жылжу орны» («допуск посадки») деген болады ғой. Адамдарға да түсіністікпен қарап, кәмелеттік жасты тұп-тура талап етпей, әрі-бергі 2-3 жылына кешірім жасауға болады ғой. Негізгі міндет короновирустың таралмауын болдырмау ғой. Ал біздегі сақшылар... жазылған нұсқаулыққа жабыса қалатын адам емес, роботтар сияқты. Әлде жанашырлығы – есепті көпіртумен ғана шектеле ме? Қоғам жай да қысылып, тынысы тарылып тұрғанда жасанды тығырық тудыра бермеу керек қой...
Полициядан алған ақпараттарға қарағанда Петропавлда бұл бойжеткеннен басқа да карантин талабын бұзған бес жасөспірім ұсталған. Әр оқиға бойынша тексеру жүргізіліп, хаттама толтырылады.
Бүгінгі таңға дейін Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустық инфекцияны жұқтырудың 18 жағдайы тіркелді.
Солтүстік Қазақстан облысы