Бүгін Президент Нұрсұлтан Назарбаев Парламент V шақырылымының 3 сессиясын ашу барысында еліміз жетістіктерін атап өтіп, алда тұрған міндеттерді де жүйелеп шықты. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігі хабарлады.
«Қазақстан экономикасының құқықтық негізі жақсарып, салық жүйесі жетілдірілді. Шағын және орта бизнесті дамытудың заңнамалық көп мәселелері шешілді. Зейнетақы жүйесін жаңғырту, білім беру жинақтау жүйесін құру, мемлекеттік қызмет көрсету туралы және басқа да көптеген маңызды әлеуметтік заңдар қабылданды. Бүгінгі таңда Парламенттің қарауында отызға жуық заң жобасы бар. Парламентіміз жоғары саяси жауапкершілік режимінде жұмыс істеп, халық өкілі ретінде өз міндетін абыроймен атқарды. Алдағы уақытта Бірегей экономикалық кеңістік бағытын дамытуда да Парламентті маңызды жұмыстар күтіп тұр. Беларусь елімен және Ресеймен бірлесе біз Еуразиялық экономикалық одақ құратын боламыз. 2014 жылы еуразиялық интеграцияның жаңа деңгейіндегі базалық келісім-шарттардың басты құжаттар топтамасын әзірлеу аяқталмақ. Осыған орай Парламент Мәжілісі мен Сенатының депутаттары заң шығармашылығындағы осы бағыттардың барлығы бойынша жемісті жұмыстар атқарады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы сөз орайында.
Елбасы биылғы жылдың қарашасында «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізу үшін қажетті заң жобасы енгізілетінін, жер қойнауын өнімсіз алыпсатарлық практикасынан қорғау қажеттігін де атап өтті. Кейбіреулер кезінде жерді меншігіне алып, әлі күнге дейін оған инвестиция құймай отыр екен. Сондықтан да мұның ақ-қарасын ашу өте маңызды болып отыр.
«Жаһандық жаңа дағдарыстың мүмкіндігі азаймай отыр. Экспорттық өнім мен шикізатқа бағаның тұрақсыздығы ұзақ мерзімді үрдіс секілді. Сыртқы несиелендіруге ғана сенім арту қисынсыз, сондықтан елді дамытудың барлық ішкі мүмкіндіктері мен көздерін жұмылдыру керек. Осыған байланысты бизнестің өзін сенімді сезінуіне мүмкіндік беретін құқықтық ортаны құру маңызды болып табылады. Атап айтқанда, Мен Үкіметке кәсіпкерлік кодекстің жобасын әзірлеуді тапсырдым. Онда қазақстандық кәсіпкерлік қызметінің және мемлекетпен өзара іс-қимылдың базалық ұстанымдары айқындалуы тиіс. Бұл біздің бизнестің конституциясы іспеттес болуы қажет», - деді Президент. Келесі маңызды заң жобасы «Рұқсат беру және ескертулер туралы» екенін айта келе, онда бизнес-құрылымдарға қатысты кез келген бюрократиялық қол сұғушылықтан нақты кепілдіктер жазылуы тиіс. Ағымдағы жылдың соңына дейін Үкіметке аталған жобаны Мәжіліске енгізуді тапсырамын», - деп жүктеді.
Данияр Түймебай.