Қоғам • 05 Сәуір, 2020

Ақтөбе облысы: Төтенше жағдай еріктілерге де жауапкершілік жүктейді

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Пандемияның зіл-батпан ауыр салмағы еліміздегі еріктілер қозғалысының өкілдеріне жаңа, тың шешімдерді қабылдауды қажет ететіні анық. Осы орайда олар бұған дейін әзірлеген жобалары мен іс-жоспарларын төтенше жағдай талаптарына сәйкестендіру үстінде. Осы ретте Ақтөбе қаласында еріктілер қатарынан арнайы штаб құрылып, оның мүшелері жауапты істердің бел ортасында жүргенін айту парыз.

Ақтөбе облысы: Төтенше жағдай еріктілерге де жауапкершілік жүктейді

Олар қазіргідей кезде қамқорлық пен көмекті қажет ететін қоғамның осал топтарына көмек көрсетуде. Сонымен бірге тұрғындар арасында індетің алдын алу мен одан сақтануға қатысты жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Штаб мүшелері тарапынан ақпараттық парақшалар әзірленіп таратылуда. Волонтерлердің өз қолдарымен тігіп, тұрғындарға тегін берілген медициналық бетперделер де ризашылық сезімін туғызды. Мұндай жылы пікірге мұқтаж жандарға штаб мүшелерінің қолымен жеткізіліп берілген азық-түлік жиынтығы мен гегиеналық құралдарға қатысты айтуға да болады.

Ақтөбе облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Гүлнар Қабиеваның айтуынша, волонтерлердің қайырымдылыққа толы іс-қимылдары тұтастай өңір бойына көрініс табуда.

- Облыс аудандары арасында оның басты легін 19 топтан құралған Шалқар ауданының волонтерлері бастап келеді. Аймақтағы әрбір еріктілер тобының өзгені қайталай бермейтін өзіндік іс-жоспарлары бар. Бұлар қоғамдық өмірдің сан-түрлі бағыттары бойынша құрылған. Әйтсе де олардың бәрінің алдына қойған мақсаттары ортақ. Бұл қиын жағдайға тап болған әлеуметтік топтарға қол үшін беру, - дейді Шалқар аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Жанна Әбденова.

Бұдан бөлек облыс аумағында Қызылай қоғамы облыстық филиалының волонтер жастары мен «Antikor» орталығының өкілдері қайырымдылық қағидаттарын ойдағыдай орындап жүргені де оң пікірге әбден лайықты. Қазіргі кезде облыс аумағында белгіленген айырықша режимдегі шектеу шараларына байланысты жеті блок-бекет жасақталды. Еріктілер осы орындарда күндіз-түні жұмыс істеп жүрген мамандарға көмек беруге де бір кісідей жұмылған.

Бұл бағытта М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетінің жас дәрігер-резиденттерінен құрылған волонтерлер тобы нағыз ерлер мен қаһармандарға тән іс-өимыл танытуда. Әр ауысымда 14 адамнан тұратын еріктілердің жұмыс тәртібі өте тығыз, әрі һте күрделі. Олардың басты міндеттері белгіленген нұсқаулыққа сәйкес рұқсат етілген жүргізушілер мен кәсіпкерлерге арнайы қызмет топтары мүшелеріне және транзиттік тұрғындарды медициналық тексерулерден өткізіп, қызуын өлшеу әрі өзге де клиникалық өзгерістерді байқау болып отыр.

Олардың жинаған ақпараттары өз кезегінде тауарлармен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің мамандарына жолданады. Мәселенің арғы жағы бекітілген хаттама бойынша шешімін табады.

Айталық, дәрігер еріктілердің бірі Руслан Арақбаев Ақтөбе-Атырау автотрассасы бағытында қойылған блок-бекетте тұтастай тәулік бойы екі адамнан кезекшілікке тұратынын айтып берді. Жас дәрігер-резидент отбасын құрған, жас сәбилері бар.

- Руслан, өз басыңды болуы мүмкін қауіп-қатерге тігіп, блок-бекетке медициналық кезекшілік жасауға бел буған екенсің. Бұл шешімге ата-анаң мен зайыбың қалай қарады? - дедік біз жас дәрігер-волонтерге.

Ол бұл сауалымызға тосылмай, төмендегіше жауап қайтарды.

- Әрине, олар қазіргі қызметіме қатты алаңдайды. Әйтсе де тұтастай елімізге қауіп-қатер төндіріп отырған індет кезінде осындай шешім алуды азаматтық парызым деп есептедім. Коронавирус инфекциясы таралуын неғұрлым тезірек тежесек, қалыпты өмірге соғұрлым жақындай түсеміз. Бұған ешқандай күмәнім жоқ. Осындай өте күрделі кезеңде біз  жай ғана бақылаушы болып қалғымыз келмеді.

Бұл - арлы сөз, тәлімді де тағылымды тоқтам. Жас жігіттің жүрегінің қалауы екеніне шек келтіре алмаймыз.  Русланың ой-тұжырымына сайсақ, өздерімен бірге блок-бекеттерде уақытпен санаспай кезекшілікте жүрген полиция мен әскери қызметшілер, санитарлық дәрігерлер мен дезинфектор мамандар, атқарушы билік өкілдері де дәл осылай ойлайды. Кезекшілік кезінде біздер бір-бірімізбен тез ортақ тіл табысып кеттік. Арамызда ешқандай түсінбестік пен өкпе-реніш туындаған емес. әрқайсымыз өзіміз атқаратын міндеттерді терең сезініп жүрміз деп айтқым келеді. Алдағы уақытта да дәл солай бола беретініне сенімім мол деп түйіндеді ол өз ойын.

Еліміздің әр азаматы өзінің әлеуметтік жауапкершілігін жас волонтер дәрігер-резидент Русланша сезіне алса, атың өшкір коронавирус індетін соғұрлым тезірек жеңіп шығатынымыз анық.

 

Ақтөбе облысы