Аймақтар • 05 Сәуір, 2020

Ақтөбе облысы: Қаржылай көмек 45 мыңға жуық адамды қамтиды

599 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы мен облыс аумағына ерекше жағдайдағы шектеу режимі енгізілген. Осындай сыни шақта облыстық бюджеттен әлеуметтік осал топтарға қаржылай қолдау көрсету шаралары белгіленді. Ақтөбе облысында құрылған жедел штабтың хаттамалық тапсырмасына сәйкес олардың әрқайсысына 20 мың тенгеден қаржылай қолдау көрсету туралы шешім алынды. Бұл игілікті іс қосымша жәрдемақы төлеу жөніндегі елімізде қалыптасқан нормативтер мен талаптарға сәйкес атқарылмақ.

Ақтөбе облысы: Қаржылай көмек 45 мыңға жуық адамды қамтиды

Бұл мақсатқа 900 миллион тенгеге жуық қаржы қарастырылған. Аталған сома әр жан басына шаққанда күнкөріс деңгейі 27 666 тенгеден кем болған жағдайда төленетін болып шешілді. Өңірде мұндай санатқа кіретін 44 534 адам бар. Сөйтіп жоғарыда айтылған тәртіптерге сәйкес өңірдегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, сондай-ақ жалғыз басты қариялар мен әлеуметтік аурумен ауыратын науқастардың отбасыларына аталған қаржылай  көмек беріле бастайды.

- Жөн екен. Қазіргі үйден қарыс қадам аттап шығуға болмайтын төтенше жағдайда оны тұрғындар қалай алмақ? Оның үстіне бүгінде әлеуметтік төлем мекемелерінің бәрі жабық, қызметтері уақытша тоқтатылды емес пе?

«Egemen.kz» тілшісі тарапынан қойылған бұл сауалға Ақтөбе облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова төмендегіше жауап қайтарды.

- Бұл қаражаттарды алу үшін тұрғындарға еш жерге аяғымен жүріп барудың қажеті жоқ. Өйткені арнайы жасақталған базада осындай санатқа кіретін азаматтардың деректері сақтаулы. Қаржылай көмек осы мәліметтер бойынша есептеліп, азаматтардың есепшоттарына аударылады, - деді басқарма басшысы.

Әрине, мұндайда бәрекелді деудің әбден жөні бар.

 

Ақтөбе облысы