Руханият • 06 Сәуір, 2020

Мұңға толы мінәжат

870 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

«Егемен Қазақстан» қазақтың қабырғалы ақыны Ғалым Жайлыбайдың әлемдегі эпидемиялық жағдайға байланысты жазылған ақын сауалы, ақын сауғасы – «? (Сұрақ белгісі)» поэмасын жариялаған болатын. Поэма жайлы оң пікірлер мен жылы лебіздер айтылып жатыр. Газетіміздің меншікті тілшісі, ақын Хамит Есаман да осы поэма жайлы толғанып, толымды сөз айтып, тұшымды ой білдірген екен. 

Мұңға толы мінәжат

Ақын Ғалым Жайлыбайдың «? (Сұрақ белгісі)» поэмасы туралы

  Дүние жаратылғалы бері жер бетінде не болмаған. Топан су, өрт, соғыс, ауру, бәрі де адамзаттың маңдайынан сорғалаған тағдырдың тамшылары секілді. Ұлы Тәңірі Өзі жаратқан адамзаттың ажалын түрлі құбылыстарға жасырып қойған. Қазақ мұны «Біреудің ажалы оттан, біреудің ажалы судан», дейді. Әрине, көне тарихтың әрбір сәттері бізге адамзат тағдырындағы түрлі уақиғаларды тәпсірлейді. Құдай Тағаладан түскен қасиетті төрт кітаптың да айтатыны – адамзаттың жалпы тағдыры, бақыты мен соры, дүние жаратылғалы орын алған ірі уақиғалар. Есі түзу адамға айтылған ескертулер. Жер бетінде не болмаған?!.

Дүние түгел сұрақ белгі? Фәни қалай жаратылған, қалай түгесіледі? Адамзаттың ақыры не болады? Әуелгісі де, соңғысы да сұрақ, ал екі ортадағы қаншама дүние сұраққа толы. Ілкіде адамзаттың асылдары – пайғамбарлар да адамзаттың азабына араша, дертіне дауа, сауалына жауап іздеген. Бірақ, Құдіреттің құзырында жасырылған құпиялар оларға да сырын аша қоймаған. Адамзат санасында орнаған сан түрлі сұрақ, әлі сол сұрақ күйінде қалып келеді. Адам нәсілінен болған арғы-бергі тарихтағы ақындар да өз жаратылысының сауалына жауап іздеген. Шыр көбелек айналған дүниенің әрбір қалтарысында Құдайдың құбылысы бар. Ол түрлі кезеңдерде өмір сүрген адамзатқа қандай бейнеде көрінеді, неге олай болады, бұл да сұрақ. Ғаламның өзі жан сыздатқан сауалдардың жиынтығы сияқты. Көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай жаңа жазылған «? (Сұрақ белгісі)» поэмасында да дүниеге сұрақ қояды. Бұл – негізінен мұңға толы мінәжат жыры. Исі мұсылманның қорғаны дұға, сұрар сауғасы мінәжат болған. Бұл – Аллаға деген ақынның ақжарылуы, сол арқылы жасаған мінәжаты. Бүгінде әлемді шарпып келе жатқан аждаһа-аурудың жалқыны жалғанның тынысын тарылтып барады. Әуел баста Алланың нұрынан жаратылған дүние сан түрлі құбылыстардан, қилы-қилы кезеңдерден, адамзат санасының өзге арнаға бұрылуынан қапасқа қамалып бара жатқандай. Сондықтан да ақын жаны жай таппай, бүгінде өзгеріп бара жатқан адамзат тағдырына алаңдаушылық білдіреді.

Тарихтан белгілі, жұқпалы оба ауруы адамзат тарихында бірнеше рет болған. Жер бетінде 1720 жылы оба тараған екен. Әр жүз жыл сайын мұндай жұқпалы індет тырысқақ, испан тұмауы болып қайталанып отырған деседі. Ілгеріде Омар халифаның заманында мұндай кеселдің Шам шаһарынан шыққаны айтылады. Әйгілі жазушы Альбер Камю де «Оба» романында адамдар мен қалалар туралы суреттейді. Сүреңсіз кейіпке енген шаһар, жабық саябақтар, бір жерге кіру үшін кезек күтіп сабылған жұрт. (Айтпақшы, бүгінде Еуропа халқы бұл кітапты сарылып іздеп, сабылып оқып жатыр екен). Бүгінгі тілмен айтқанда қаладағы карантин бұл. Бізде де бүгінгі жағдай осы. Ақын бұл шығармасы арқылы адамзатқа келген ауыр сынақты айтады. Сондықтан да «Жан-жанарымнан жас саулап тұрып жыр жаздым, – Қанға малынған қаламның ұшын тістелеп», дейді. Аштық, репрессия, соғыс, қысқасы зұлматтың түр-түрін көрген қазақ қоғамын бұл індет те өкінішке қарай, айналып өтпеді. Халықтың тұтастығы, елдің амандығы – басты байлық. Қазір күллі әлем Тәңірдің алдында тағдырға араша сұрап тұр. Ақын да бұған қосылып, «Адамзат үшін Алладан медет сұрайды, тәуекел етіп тас жұтқан елдің ұрпағы», дейді.

«Адамзат көші адаспау үшін тұманда,

Айтылған бәрі...

Інжілде

Сосын

Құранда.

Жалғыз қауызға сыйғызатыны рас екен –

Алты құрылықтың ақылмандарын бір Алла!»

Бүгін ғаламның «жалғыз қауызға сыйғанын» көрдік. Бас сауғалаған пенденің жерден басқа барар жері де жоқ. Сосын Аллаға қарай қашады. Бірақ ғайып пендеге ашылмайды. Ойланып қарасақ, адамзаттың тағдыр-тарихында болып жатқан барлық оқиға Құдіреттің күшімен ғайыптан келеді екен. «Алла қаһарланса он сегіз мың ғаламды тарының қауызына сыйдырып жібереді» деген тәмсіл бар. Бала кезде көп естіген сөз. Құдайдың құдіретіне иман еткен көнекөз қариялар да осы сөзге имандай сенетін. Қазіргі кезде адамзаттың санасы жаппай болмаса да өзге арнаға бұрылды, өзгеше сорапқа түсті. Ал, адамзатқа бағдар болған төрт кітап (Тәурат, Зәбур, Інжіл, Құран) дін саласындағы адамдарға болмаса, былайғы пенделердің жүрегінен алыстап бара жатыр еді. Әрине, сонда да бұған қарап күллі адамзатты имансыз деу күпірлік. Ақын поэмасының бастауында «Әуел баста Құдай аспан мен жерді жаратты. Жер тіршіліксіз бос еді» деген қасиетті Тәурат сөзін келтіреді. Бұл – Құдайдың адамзатқа баяны. Яки, алып жер қалай жаратылды, адамзат не үшін жаралды, қайдан келді деген мәңгілік сұрақтардың жауабы ұлы кітаптарда. Ақын бұл шығармасында дүниенің бастау ілімінен тамыр тартып, бүгінгідей ғаламның ғапыл күйін суреттейді.

«...Самарқанның көк тасы еріген күн,

Қара тасы Қағбаның тұнжырады». Дүниедегі ең қастерлі мекен – Қағба. Бірақ Алланың дәргейіне бас ұрып, адамзат сауға сұрайтын жеріне жете алмай қалды. Көктеммен бірге келген кеселдің күдігі мен үрейі адамзаттың аяғына еріксіз тұсау салды.

«Ғаламның ғапыл күйін естігелі,

Анамның елес берді орамалы», – деген ақын ананың кір шалмаған ақ орамалын еске алу арқылы әлемдегі мейірімділікті жоқтайды. Тазалық қана тағдырдың тауқыметінен арашалап қалады деп ұғады. Жалпы, бұл шығарма адамзаттың алдынан шығып келген, әлі де шыға беретін ұлы сұрақтардың жиынтығы. «Бұл Адамзат, білмеймін кімнен қашпақ?», «Асыл сөзін Құранның аудардың ба – Не Зәбурді, Тәурат, Інжілдегі», «Көп асқанға –  бір тосқан» болатынын, тарих бізге қашанғы дәлелдесін?..» Сұрақтармен астасқан базына. Шайыр көкірегін кернеген шер. Ақын ананың ақ орамалын алға ұстаған күйі адамдардың жүрегінде өліп бара жатқан мейірім шуағын қайта тірілткісі келіп жанталасады. Сол арқылы қазақ даласына келген індеттің жойылуын Алладан үміт етеді. «...Ақ тілегі секілді Адамзаттың, ақ орамал бір ғасыр кір шалмаған», деп, барлық адам баласының ортақ тілегін мінәжат-жыр, сауға-сыр қалпында хатқа түсіреді. Ақынның өзі:

«Зұлмат пен зауал біткен

Әлімсақтан –

Туады пиғылынан пенделердің...», деп байлам жасайды. Айтпақ болған ойының негізгі темірқазығы – осы. «Қалай қарай жел тұрса, солай қарай майысқан» (Әбубәкір Кердері) адамзаттың шарасыз халі, Жаратушыға шаққан мұңы мен сұраған сауғасы, кей-кейде шалыс басқан қадамы үшін де  жарылқау тілеуі еді бұл. Қасиетті Құран Кәрімде де бір заманаларда пиғылы бұзылған пенделердің күнәларының қарымтасына әп-сәтте алып шаһарлар мен қауымдардың жойылып кеткендігі айтылады. Тарихи деректерден белгілі Атлантида мекені тағы бар. Ал, бүгінгі әлемде болып жатқан уақиғаларды ақын өткен тарихпен тамырластыра отырып жырлайды. Сонымен қатар, поэмада тәубе ғасырларының көркем суретін жасайды. Жер бетіндегі ауыр кезеңдер, тарихтың сабақтары, тағдырдың сынақтары қамтылады.

Әлқисса, адамзаттың бастауы Адам ғалейһиссалам. Ақын адамзат тағдырынан тамыр тартып, Нұх, Сүлеймен пайғамбарлардың дәуірлеріндегі өрнек боларлық уақиғаларды еске салады. Сол арқылы ескерту жасайды.

«Ғаламның Айға

Қол созған кезі

Адамның қайда қуат пен күші?» – деп, ақыры жауабы күрделі сұрақ қояды. Яғни, бәрібір адамизаттың Айды сілкіп, жұлдыздарды қағып жіберетін дәрмені жоқ. Оны қанша алқаласа да, ол қанша шалқаласа да ақиқаты солай. Жұмыр жердің тұрғыны жұмыр басты пенде бәрібір шарасыз. Мұны аяқ астынан өршіп, әлемді әбігерге салып отырған індеттің өзі де көрсетті. Бүгінде ғылым дамып, өркениет алға озған шақ. Бұрын-соңды адамның санасына кіріп-шықпаған дүниелер іске асуда. Адамның мүмкіндігі жан-жақты ашылды. Қолдан өзі сөйлейтін, өздігінен қимылдайтын құлтемір жасады. Тағы да санап тауыса алмайтын нәрселер қаншама. Сол адамзат бір қолымен ғылымды дамытса, екінші қолымен түрлі сұмдықтарды да жасауда. Адамзаттың өз-өзіне деген қастығы әлі тоқтаған жоқ.

«Сұрақ белгісі...

Алдыңнан шығар –

Қиямет күнінің қыл көпірінде». Адам баласының дүниеге келген күнінен кеткен күніне дейінгі ғұмырының бәрі сұрақ. Ислам дінінің сенімі бойынша да сұрақ белгісі қиямет күні адамның алдынан шығады екен. «Құдайың кім?», «Кітабың не?», «Пайғамбарың кім?»... ұлы күннің сағаты соққанда сананы сансыратқан сұрақтар бұлар да. Ғалым Жайлыбай «? (Сұрақ белгісі)» поэмасында дүниеге сұрақ қоя отырып, өз таным-тұрғысынан оған жауап іздейді. Бір-ақ сәтте әлемді басқаша күйге түсіріп жіберген тылсым құбылыстың себеп, салдарын ақындық шабытпен астарлап жеткізеді. Нұх ғалейһиссалам (жер бетін топан су қаптауы, пайғамбардың кеме жасау хикаясы) заманынан толғап келіп, «Бар айып – жұмыр бастың пейілінде», екенін ескертеді. Сол сияқты Сүлеймен ғалейһиссалам дәуірін жырлап келіп, Жәбірейіл періштенің мәңгіліктің суын әкелгенін айтады да, «Халықпен бір көремін не көрсем – деп, Пайғамбар ұрттамапты Мәңгі судан», деп түйіндейді. Әлбетте, бұл діни дастан емес, бірақ өткен тарихтың маңызды тұстарын тәпсірлеу, сол арқылы адамзаттың халін баяндау. Өмірдің сабақтарын сана биігіне көтеру. Әрі-беріден соң Құдай ілімін тану арқылы тығырықтан жол табуды мұрат тұтқан мұңды мінәжат. Сөйтіп шығарманың ширыққан тұсы алас жырына ұласады.

Әйгілі Вольтер Фернейде маңдайшасында «Вольтер Құдайға жөнелді» деген жазуы бар ғибадатхана тұрғызып, тіпті «Құдай жоқ болса, оны ойлап табу керек», деп жариялаған. Бүгінде сан-салалы көзқарасқа бөлінген адамзат Жаратқаннан жақсылық тілеп жанталасуда. Ғалам ауыр ойда. Ақынның «Азия тұр аңтарылып, Еуропаны кезген елес...» дейтіні сол. «Не көрмеген, неткен халық, Таупық берші байтағыма!», деп толғайды. Кім болса да түптің-түбі адамзаттың жолығатын жері – Құдайдың алды болмақ. Бәлкім біреу о басынан иланар, бәлкім ойлап табар. Бірақ, бүгінде адамзатқа ауыр сынақтан жан сауғалау үшін Құдіреттің көмегі керек.

Ғалам ауыр ойда... Адамзаттың сұрағы көп. Не болып жатыр, енді қалай болмақ? Бұл да сұрақ?..

 

Жамбыл облысы