Әдебиет • 06 Сәуір, 2020

Толқын ҚАБЫЛША. Қандай ғажап, сенің барың әлемде

3737 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Бүгін сіздердің назарларыңызға  сыршыл ақын  Толқын Қабылшаның бір топ махаббат жырларын ұсынып отырмыз. 

Толқын  ҚАБЫЛША, халықаралық «Шабыт» Шығармашылық жастар фестивалінің  лауреаты, «Жаныммен  жалғыз  кешкем  мұң», «Жаңбырдағы  сағыныш», «Осы  бір  сәт  ұнайды» жыр  кітаптарының авторы.

Толқын ҚАБЫЛША. Қандай ғажап, сенің барың әлемде

 ***                                                             

      Сені кейде грек сұлуларына ұқсатам,-деді ол.
                                                                   Сен кейде сондай жұмбақсың! деді және біреу.
                                                                   Ақындар, сендер осы өлеңде өліп-өшіп ғашық    боласыңдар,ия?!-деді әлдекім.

Білемін, кейде, болмысым көпке кереғар,
Тағдырым анық,
түсіне алмайды мені олар.
Афродитадай Гефестті сүйген от болып,
Кеудемде ыстық жебе бар.

Афинадағы аңыздай жұмбақ есімі,
Ақынның жаны –
Тағдырдың қилы шешімі.
Гомерлер сүйген «Иллиада» сынды дастаны,
Ғұмырым менің – От пенен Судың кесімі!

Зевс те ұқпас, Ахиллес мәңгі құша алмас,
Мендегі сезім –
Тәңірдей  тылсым, күш, алмаз.
Жер менен Көктің арасын кезген құдірет,
Тәнті еткен мені күш алғаш.
Қос қанатымен әлемді құшқан талайлар,
Дәл мендей биік ұша алмас!

Сұлу да деме,
Мифтегі мүсін – кейіпкер,
Ұғынғың келсе, жанымды бір сәт сүйіп көр!
Нәркестеу мынау жанардың төзсең отына,
Асқақтау мендік болмысты мына иіп көр!

Мендегі мұңның ұғына алмайсың киесін,
Дейсің бе, маған,
Өртеніп неге сүйесің?!
Алапат жанын алқаракөкке ұсынған,
Мендегі тылсым күй осы.
Адалдығымның, ғазал жырымның жердегі,
Бір өлең  жалғыз иесі!

1

                ***

Бір сәтте баз кешіп бәрінен,
Бір сәтте көз жұмды көп арман.
Бір мезет жанымның халінен,
Бір сәуле жылайды жоғалған.
Бір жүрек соғып тұр кеудемде,
Беймезгіл жылуы тоналған.

Бір ақ сәт шешеді барлығын,
Біз ғаріп, сол сәттің құрбаны.
Бір сенім айтады жарлығын,
Бір үміт өлмесе болғаны.
Бір мезет ғайып боп үлгердім,
Бір сәттік елестей жолдағы.
Бір тамшы көз жасы – гүлдердің,
Бір мезет суықтан тоңғаны.

Бір сезім беймезгіл көктейді,
Тәңірдің екі етпей жарлығын.
Жаныма бір мейір жетпейді,
Тәрк етіп кетер ем барлығын.
Бір ғана адалдық көксейді,
Бір ғана өкініш, тағдырым.
Бір шуақ жылытып төскейді.
Бір сәтте өбсе ғой жан нұрын…

 2

                               ***

Мынау ғалам арылсын деп күнəдан,
Аспанға ұқсап,
Ағыл-тегіл жылаған.
Арашалап алғаусыздау үмітін,
Қара жерге қыламық боп құлаған,
Қар секілді бола алсақ қой кінəсіз…

Ұлпасында мөлтілдеген мейірім,
Ұғынсам деп жан біткеннің пейілін,
Зеңгір көктің ғаламаты секілді,
Кіршіксіз қар,
Аймалайды бетімді,
Адалдыққа сенгісі кеп шүбəсіз.

Ең аяулы сезіміндей аспанның,
Мынау қардың пəктігінен жасқандым.
Жанды баурап,
ақ ұлпасы мамықтай,
Ақша бұлтқа
ұшқым келді қалықтай,
Жанарымнан жалқы тамшы жас тамды.

Мен де сендей,
ізгілікке құштар ем,
Естимісің?
Ақ ұлпа қар, қысқы əлем?!
Адалдыққа сеніп келем əлі де.

Ақ ұлпа қар жанарымен аймалап,
Қара жерді  құшты сосын, тайғанақ,
Бар шындығың осы болса, аяулы,
Тағдырыңның айтшы, кәне, мəні не?!

3

****

Кейде осылай алабұртып кетемін,
Қажытқанда құса әлем.
Сағыныштың білсем егер мекенін,
Қанат бітіп ұшар ем.

Кім өлшеген ?
Мендік мұңның салмағын,
Бебеулейді тереңдік.
Кеудемдегі ақиқаттың тармағын,
Келем үнсіз өлең ғып.

Кім ұғынсын?!
Менің нәзік жанымның,
Мөлтілдеген бар мұңын.
Базынасы артқан сайын бағымның,
Ақылдымын, арлымын.

Кім біледі?
Тағдырымның жолдарын,
Мен сүйініп, мен сүрген.
Кешіп келем ғұмыр-күннің орманын,
Таңдар қалды күрсінген.

Кейде осылай алабұртып кетемін,
Қажытқанда құса әлем.
Сағыныш па?
Тапсам оның мекенін,
Құшағыма қысар ем…

4

             ***

Есіңде ме?
Ол мезгіл ақпан еді,
Қыламық боп қар түсіп жатқан еді.
Аппақ қардай жанымды аршып алып,
Сен мені қиянаттан сақтап едің.
Жаратқанға қол жайып, сауға сұрап,
Мен сені тағдырымнан тапқан едім.

– Есімде әлі…
Ол мезгіл көктем еді,
Бір іңкәрлік беймезгіл көктеп еді.
Бір нәзіктік сүйген сәт көктемені,
Қайтқан құстың сазындай сағынышпен,
Құдірет боп жанымды өбкен едің…

– Құстар, құстар,
мегзейді көкте нені?
Беймәлім ғой біздерге көк дерегі.
Адалдыққа ұласты көксегенім,
Сонау зеңгір куә боп қимастыққа,
– «Аманат» деп көз жасын төккен еді.

– Ал, қазір ше,
Ұқтырам  көпке нені?
Мезгіл өтті. Бір  үміт  көктемеді.
Аңсарымды  ай құшқан  ғұмырымда,
Ақ  жауынға  несіне  өкпеледім?!
Аманатқа  қиянат ете  алмайтын,
Адалдық қой,
Ол үшін сөкпе  мені!

5

               ***

Сол бір сәттер,
қайда кетті мен сенген?
Сол мезеттер, қайда кетті сен сенген?!
Жер мен көктей тым аяулы, тым алыс,
Адалдық-ай,
құның немен өлшенген?!

Ғажайыпты,
қайда, қашан тәрк еттік?
Ай мен күнге, адалмыз деп ант еттік.
Сағыныштың кеудесінде күрсіндік,
Қимастықтың жанарында жалт еттік.

Пері емеспіз,
бола алмадық періште,
Бір мезетте құлдиладық еңіске.
Жанұшырып бір үмітке қол создық,
Бағытымыз жеңіліс пе, жеңіс пе?

Ғажайыптар қайда кетті мен сенген,
Ғажайыптар қайда кетті сен сенген?
Аласұрып аспан құшып келемін,
Адалдық-ай!
құның немен өлшенген?!

6

                        ***

Жас көрдім деп ұшынан жанарымның.
Халім сұрап, қайтесің?!
Жаралымын!
Жұлым-жұлым жүректі қолына ұстап,
Күлімдемек болады  тəн-алыбым.

Жанның дертін емдейтін кім бар, сірə?!
Бақытым да, сорым да бір басымда.
Қыл бұрауға түссе де, үзілмеген,
Жапырақтай жаным тұр, шың басында.

Адалдық қой, тəрк етпес құс ұясын.
– Нəзіксің деп несіне жымиясың?!
Тəңір сүйген жүректің лүпіліндей,
Ұға алмайсың, жанымның құпиясын.

Болса дағы сəттерім, көп түңілген,
– Халым сұрап,
Қайтесің, күпті күннен.
Теперішін  жазмыштың сілкіп тастап,
Тіл қататын  тағдырға,
Мықтымын  мен!

7

         ***

Іздеген кім,
ол күндердің дерегін.
Естілмейді ерке күлкім,
ерек үн.
Ең аяулы мезеттердің жоғалған,
Екеуміз де сұрамадық себебін.
Екеуміз де үнсіздікке байландық,
Бір үміттің талғажау ғып қорегін.

Тəрк еттік те,
Ғажайыптың барлығын,
Сен де,
Мен де құлатпадық ар жүгін.
Жанарымнан төгілсе де бар мұңым,
Жүрек дейтін жалғызыма сыбырлап,
Жаратқанның құлай сүйдім жарлығын.

Сен бе, мен бе,
жете алмаған  байыпқа?
Тағдырымды  шын  ұнаттым, айып па?
Жазмышымдай  менің  жұмбақ  шешімім,
Қиянаттай сенің қатал кесімің,
Тіл қата алмай,
Қол бұлғадым ғайыпқа.
Бұл күндері
Сенің атың  сағыныш,
Тербетілген «ғұмыр» атты қайықта.

8

Сағынышым кінәсіз

Алды – соқпақ, арты – мұң,
Жеткізбейтін жол мына.
Абақты ғой бұл ғұмыр,
ақылды мен арлыға…
Аңсарыңды бұғаулап,
арманыңа құн кескен,
Сағынышың жазалы,
құштарлығың – ол күнə.

Асу, асу жолдардан,
Бетегейлі белдерден,
Ғайып болды қанша арман,
Мен сүйініп, сен сенген.
Иір-қиыр мына жол,
Талай мұңның куəсі,
Шындығының шырайын,
Тағдыр өзі көмкерген.

Ақын болу азабын,
Адам болу мұратын.
Сезіндірген бұл жолда,
Сағынышым – қуатым!
Қимастығым жанарда,
Құштарлығым кеудемде,
Шынайыға шын құмар,
Ғұмыр бəлкім шын атым!

Алды шаттық, арты мұң,
Сағым құшқан жол мына.
Сол сапардан бақ күткен,
Ақылды  көп, арлы  да,
Жолайрықта  бір  үміт,
Қол  бұлғайды, қимаймын.
Сағынышым – кінəсіз,
Құштарлығым  ол  – күнə.

 9

***

Маңдайдағы бағым сірә, бес елі
Аз болмады соған лайық сорым да.
Бір кем дейді,
Дүниенің есебі.
Тепереші қалар кейін қолыңда.

Бәзбіреулер баз кешкенде әлемнен.
Бір кем дейді,
бақ пен сордың себебін.
Неге ендеше, жанұшырып келем мен?
Өзегімнен өшпесін деп өлеңім.

Бір кем болса,
ғұмыр күннің ғажабы.
Ессіз сүйген кеудемдегі шаттығым.
Неге ендеше жүрегім бар жазалы?
Неге ендеше,басылмайды аптығым?

Енді біреу
«бәрі жалған»деседі.
Ақиқат боп өлең қалсын соңымда,
Маңдайымның бағы білем, бес елі...

 10

Ұғындым  мен…

Күлкіге де күрсініс, мұң тұнатынын,
Қимастықтың кеудемде бұлқынатынын,
Тынысыңсыз мына әлем,
тұншығатынын…
Тағы да ұғындым мен.

Шын сүйсең,
қызғануға  хақың  болатынын,
Тағдырға да  тура  айтар  датың  болатынын,
Жазмышыңнан  жырақтың  жақын  болатынын,
Бұрын  білгем…

Кеудеңнен үміт қашса,
жан  тоңатынын,
Ғажайыптың ғұмырда аз болатынын,
Бұлттың да күнді көрсе,
назданатынын,
Сезген сәт, суындым мен.

Тәңірдің де тылсымды сүйетінін,
Күнге де,
кейде салқын тиетінін,
Таулар да сүйсе, басын иетінін,
Мойындап,
Көкті  құшып, жылындым  мен.

Түннің де жалғыздықтан сыздайтыны,
Мейірімсіз жер беті мұздайтыны,
Аспанның да, түнеріп, аңсағанда,
Ақ жауын боп, ғаламды қозғайтыны,
Ақиқат,
Ақын болып  туылдым мен.

11

***

Айтып қайтем, сөз керім.
Мейлі, кейде күмілжісін көзде мұң.
Қандай ғажап?
сенің барың әлемде,
Қандай ғажап?
тынысыңды сезгенім.

Қарашыққа жас тұнса да,
іркілген.
Бір күрсініс сезілсе де, күлкімнен
Қандай ғажап?
Жалғыз сенің тілегің.
Үндескені жүректегі тылсыммен.

Алауласақ, айтылмаған сөздерден.
Айыптымыз,
болсақ бүгін өзгерген.
Алай-дүлей мінезіңе көнуге,
Алып ұшқан сәттерімде сөз бергем.

Айтпасаң да,
маған арнап сөз керім.
Мейлі, кейде, айыптасын көздерің.
Қандай ғажап,
сенің барың әлемде.
Қандай ғажап,

Тынысыңды сезгенім?!

 12

Жүректі  көрдім  жаралы ...

Өз-өзін алдаған  жанарды көрдім,
Жүректі көрдім  жаралы.
Ақиқат жеңген тағдырын көрдім,
Көңілін сездім қаралы.

Жанардан көшкен жалғанды көрдім,
Арманды көрдім аһ ұрған.
Келмеске кеткен таңдарды көрдім,
Жазмышқа жылап бас ұрған.

Өкініш құшқан өткенді көрдім,
Күн кешкен жансыз сүлдері.
Көктемді көрдім, көк белді көрдім,
Көктей алмайтын гүлдері.

Адамды көрдім, адалды көрдім,
Аңсарын үнсіз тәрк еткен.
Қайта жасалмас қадамды көрдім,
Қимастық сездім жалт еткен.

Жоғалған сансыз үмітті көрдім,
Тапталған нәзік жүректе.
Қап-қара түндей күдікті көрдім,
Шарқ ұрып қалған түнекте.

Сансыз адамның пейілін көрдім,
Көздерді көрдім сұқтанған.
Мөлтілдеп тұнған мейірім көрдім,
Қарашық көрдім шық тамған.

Егілген ессіз жүректі көрдім,
Ес-түссіз сүйген бөтенді.
Баз кешкен бей-жай тілекті көрдім,
Бар мұңым енді бекер-ді!

13

                                  ***

Жырақтан сыр шерткенде,
жаның үнсіз,
Кезім жоқ күн кешпеген сағынусыз.
Демеймін, сүймегендер шын бақытты,
Білерім, сүймегеннің бәрі мұңсыз.

Сүйгенмін.
Жұмбақ емес.
Анық бәрі.
Жүрегім ізгі арманнан жалықпады.
От болып өртенбей-ақ құштарлықтан,
Құшаққа құламай-ақ талып тағы.

Ұнаттым.
Үнсіздікті.Ұлы үмітті.
Сенімнің желбіреуші ед туы мықты.
Сен мені ұнаттың ба,
ұққаным жоқ,
Мендегі сүйдің бе әлде жылылықты?

Бір бақыт күтетіндей жырақта анық.
Мен емес,
жүрек саған сыр ақтарып.
Сен құшпаған жаныммен ағыл-тегіл,
(Көз ілетін түндер-ай, жылап барып…)

Ал бүгін.
Соның бәрі сірә, АҢЫЗ.
Сүйгенім – хақ.
Қалғанын сұрамаңыз.
Мені емес, іңкәрлігін жасырмаған,
Өлеңім ғой, тек соны
кінәлаңыз!

14

                                        ***

Сағындым ба?
сонау күзгі қаз үнін,
Сұп-сұр мынау әлемімнен қажыдым,
Саған жетпес құштарымдай шертілген,
Әуенін-ай, мына көктем сазының.

Маңдайымнан сүйсін қанша жарық күн,
Сенсіз осы сергелдеңнен жалықтым,
Мағынасыз мезеттерге тоналған,
Күлкімнен де құлазыған хәл ұқтым.

Жапырақтың жанарында үзілген,
Тамшыларда тағдырым жүр түзілген,
Сенсіз сүрген шаттығымның жасанды,
Торлап алды көздерін мұң, жүзін мең.

Сағынғаным,
болар,мейлі жазығым,
Аңсарым-ай, сенде бәлкім, қажыдың?
Аспан астын қайтайықшы бір байқап,
Естиікші, сонау кешкі қаз үнін.

Барлығына болса дағы кеш бүгін,
Келеді екен дауысыңды естігім,
Қапияда қалайықта кезігіп,
Қол ұстасып қайтайықшы кешқұрым.
Қайдасың?!

15

                                ***

Сүйген сәтті кім айтады кез деп мұң?
Сезім едің,
сергелдеңсіз, саналы.
Өзің едім, өгейсідің, өзгерттің,
Сағынышсыз күндер жалғап араны.

Нәзік едім,
Нәркес едім расында,
Жанарымда күн кешетін жарты әлем.
Шексіз мендік сол махаббат қасында,
Мынау ғалам өлшенбейді картамен.

Аспан асты арманымнан нұрланып,
Күннің өзі күмілжитін сәулемнен.
Өмір өзі адастырды бізді анық,
Ғашықтарға бір ғадауат бар деумен.

Сол күндердің оты қалып санамда.
Жүрегімде бос кеңістік, бос әлем.
Қайта оралып, мына нұрсыз ғаламға
Ғажайыбың  болам  десең, тосар ем…
Қайдасың?

16

Көздер кейде, бізден  батыл...

Жолайрықта жанарыңмен  жолықтым.
Көздер кейде бізден батыл,
соны ұқтым.
Жанардағы сағынышты айтудан,
Сен жасқандың,
мен тағдырдан қорықтым.
Қанатына сағынышын байлаған,
Жыл құсындай,
неге мұнша торықтым?!

Қыс мұңайып, көктем үміт үзгенмен,
Сені көрсем, сыздайды деп күз кеудем.
Жанарымыз аңсар құшып тілдесті,
Жалқы тамшы сырғанады көздерден.
«Өлең» дейтін аманатым болмаса,
Тәңіріне серт айтысып, сөз берген.
Тағдырымда ештеңе жоқ өзгерген.

– Жолайрықта жанарыңмен кездестім,
Керегі жоқ, сенен басқа, өзге ешкім!
Қос қарашық дәл осылай тіл қатты,
Қимастық па?
Мұң кернеді,төзбес мұң.
Аспанымнан бұлт ауғандай бір сәтке,
Алқаракөк арманыммен үндестім.

Айтылмаған сырдың бәрі асыл ма?
Көздер кейде тым батылдау, расында!
Көктеменің нөсер жауған кешіндей,
Жанарымыз ұқсап тұрды жасынға.
Біз екеуміз үнсіздікте мұңайдық.
Сол үнсіздік татиды екен ғасырға.
Көздеріміз бізден батыл,
соны  ұқтым…

17

       ****

Жанарда жалт еткен үміт,
жарқылым үшін,
Жүректе «адалдық» дейтін  алтыным үшін,
Сатқындық көріп, бейуақыт жабырқап келсем,
Маңдайдан сүйіп, жұбатқан әр күнің үшін,
Мен саған қарыздармын, Ана!

Мөлтілдеп көшкен бойыма мейірім үшін,
Адамдықтан да аяулы кей ұғым үшін,
Қиянатты да кешірер парасатыңменен,
Сәбидей сұлу болмысың, пейілің үшін!
Мен сені жақсы көремін, МАМА!

Жарыққа құштар нәп- нәзік көңілім үшін,
Жарқырап сүрген жылдарым, ғұмырым үшін!
Жаныңа тұнған сезімнің сәулесін сүйіп,
Желкілдеп өскен ұл-қыздың тұлымы үшін!
Мен саған қарыздармын, АНА!

18

 Қызғанады екем…

Ауадан, гүлден,
күн менен түннен,
Білмеймін, неге қызғанам?
Желменен ұшқан жапырақтан да,
Селк етіп, жаным сыздаған.
Күлкімнің өзі күмілжіп барып,
ғайып болғанда, көзімнен,
Осынау дауыл, алапат күйдің,
Баянын таппай,безінем.

Есімің сенің айтылған мезет,
Күбірлеп өзге еріннен.
Шабытым көзсіз шарқ ұрған мезет,
Қызғанып кетем сені мен.
Сүюдің мұнша азабы барын,
Қалайша бұрын ұқпағам?
Ғаламға іңкəр,
Ғажайып едім,
Өзімді қалай құтқарам?

Жап-жарық менің əлемім кейде,
үздіксе ессіз ғаламнан.
Нəп-нəзік үнім,сəлемім кейде,
Жалт етсе,бөгде жанардан.
Дəл солай сен де қызғанып мені,
Ес-түссіз құлай сүйіп пе ең?
Жалғызым сені,
қызғанады екем,
күнəсіз осы кейіппен.

19

 Әкесіз үй…

Тұңғышпын ғой…
Тұлымшағым желкілдеп,
Туған үйге барушы едім төркіндеп,
Сонадайдан әкем қарсы алатын,
-Құлыншағым, кел, кір,-деп…

Жанарында сәулеленіп мейірі,
Анам жүрер,
алып-ұшып пейілі.
Еркелігім қайта тулап бойымда,
Балалықтың басылмайтын сейілі.

Әр бөлмеден тауып алып ізгілік,
Сағынышым сарқылмайтын,
жүз кіріп.
Әкем жаққан отқа үнсіз жылынып,
Қыс өтетін, жаз жететін, күз күліп.

Қайран күндер,
Төрде әкем жантайып,
Бал-бұл жанып жыр оқушы ем,
… марқайып.
Тұңғышының талабына сүйініп,
Босағада анам тұрар қалқайып.

Кең дүниенің сездіргендей тарлығын,
Ғұмыр кейде,
тәрк етеді-ау барлығын.
Бұл күндері суреті тұр әкемнің,
Жеткізе алмай жалғанымның бар мұңын.

Суреті тұр,
үнсіз ғана қарсы алып,
Жанарында сол мейірім,
жан-салық.
Айтылмастан кетті әкелік қанша арман,
Үмітіңді ақтай алдым қаншалық?!

Әкем жатқан құс жастықта күрсініп,
Сағыныштың таңы атады,
күн шығып.
Батқан күннің базынасы секілді,
Тірілерде сол баяғы тіршілік.

– Қызым, келіп, шәй ішіп кет, үйден, – деп,
Анам жүрер, ас үй жақта күйбеңдеп.
Төргі бөлме, төр жатады, қаңырап,
Тағдыр- солай, мойынсұнып,үйрен,-деп.

Алақанын сағынсам да ананың,
Бұл күндері, үйге сирек барамын.
Әкесіз үй, сондай салқын екен-ау,
Әкесіз үй, ашпайды екен қабағын.

– Әке,сенің мейіріңді аңсадым!

 20

 

***

Жер мен  Көктей  таныдым ба алыпты?

Кеудемдегі  сүйемін  бе  жарықты?

 

Ізгілікте  бар  ма  менің  үлесім?

Кім  жеңеді  кереғарлық  күресін?

 

Күллі  әлем  алақандай  ап-анық,           

Күллі  жанар  бір  нүктеге  қадалып,

 

Күрсінеді  ғалам   іштен  тынғандай,

Күнтізбеден  күліп  шығар  күн  қандай?

 

Көзді  арбаған  бақ  па, сор ма, маңызды?

Жаратақаным  тіл  қататын  тәрізді.

 

Жер  бетіне  жетпей  бәлкім, мейірім?

Сынап  жатыр  адамзаттың  пейілін.

 

Күбірлейді  жаһан  үні   құлақта,

Күмілжіген  жан менен  тән  сынақта.

 

Күллі  әлемді  қауызына  сыйдырып,

Батқан күнді  базынасыз  сый  қылып,

 

Бір тамшыдан  мына  мені  жаратқан,

Құдіретпен  сәтім  көп  пе  санасқан?

 

Аспан   үнсіз   тағылымын   төккенде,

Шұғыласы   маңдайымнан   өбкенде,

 

Өтедім бе  жер  ананың  қарызын?

Өтедім  бе  адамзаттың  парызын?

 

Қарашыққа   үміт   жасын   тұндырып,

Көлбеңдейді   ғұмыр  дейтін  құндылық.

 

– Жер  ананың  сақтай  гөр, – деп  бесігін,

Тәңірімнен  сұрап  тұрмын  кешірім...

21