Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Павлодар облысында 800 миллион теңгеге жуық субсидия берілмеген

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірдегі Ертіс ауданында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталды.

Павлодар облысында 800 миллион теңгеге жуық субсидия берілмеген

Ауданның ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және ветеринария бөлімінің басшысы Еркін Ескендіровтің мәліметінше, биыл  ауданда егіс алқабы 278,64 мың гектар болса, 185,3  мың гектарға астық дақылдары егіледі. Оның 150,5 мың гектары–бидай.

Майлы дақылдар 23,2 мың гектарға, жем азығы 69,8 мың гектарға тең. Жоспарға сай, 80 мың гектар алқапта қар тоқтату жұмыстары жүргізілді. Аудан бойынша 30,7 мың тұқым әзірленген. Биыл аудан шаруалары 848,5 миллион теңгеге 19 жаңа техника сатып алды. Яғни, көктемгі егіс жұмыстарына техника паркі дайын. Ауданға 3865 тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді

Ал аудандағы «Оразбаев» шаруа қожалығының басшысы Сайлау Оразбаевтың айтуынша, биыл шаруашылықтың егіс алқабы 25 мың гектар.

- Қазір 250 гектар алқапта суармалы жүйе жобасының жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 400 гектар алқапты да суармалы алқапқа айналдыру жобасы да әзірленуде,-дейді С.Оразбаев.

Шаруашылықта жыл сайын бидай, арпа, тары, күнбағыс, қарақұмық егіледі.  Жыл сайын элиталы және 1 репродукциялы тұқымдар ғана себіледі. Жергілікті ғалымдар ұсынған «Юбилейная» тұқымы қолданыста.  Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде техника паркі де жаңартылуда. Бүгінде «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы «John Deere» компаниясының комбайнын сатып алуға өтініш берілген.

Сайлау Оразбаевтың айтуынша, шаруаларды көбіне субсидия мәселесі алаңдатады. Мысалы, былтыр өңірде гербицид, минералдық тыңайтқыш және тұқым бойынша берілетін 800 миллион теңгеге жуық қаражат төленбеген.

Қазір әр ауданда шаруаларға қаржы үлестіруге жауапты несиелік серіктестіктер де бар. Олардың әрқайсысына көктемгі егіс жұмыстарын қолдау мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасынан 300 миллион теңге бөлінген.

Павлодар облысы,

Ертіс ауданы