Медицина • 07 Сәуір, 2020

Балаларымды сағынсам да...

860 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жұқпалы аурулар дәрігері Ақбота Әбішбае­ваның дамылдамай, әріптестері тәрізді атышулы індетпен күрестің алғы шебінде тәулік бойы пациенттерінің қасынан табылып жүргеніне қаншама күн болды.

Балаларымды сағынсам да...

Ақбота Мәжитқызымен телефон арқылы сөйлесудің өзі оңайға түспей, әзер деген­де қысқа ғана қайырып әңгі­мелестік. Өйткені дәрігер­дің әр уақыты қымбат. Жо­ғары оқу орнын бітірген 10 жылдың ішінде дәрігер-ин­фекционист ретінде еңбек етіп келе жатқан Ақбота қа­зір дәрігерлердің ғана емес, бүкіл отандастарының сын сағатта отырғанын ай­қын се­зінеді. Өйтпегенде ше, күн-түн қатып жұмыста жүр­ген жолдасы, әскери қыз­мет­тегі майор Нұрболат Қаймақ­баев­ты айтпағанда, сонау Қы­зылорданың Қармақшы ауд­анындағы енесі, зейнет­кер Алтын Сыздықова бұлар­дың ең үлкені 10, ал ең кіші­сі 2 жастағы 3 баласын ба­ғып-қағып, елге көмегін ти­гі­зіп отыр. «Екеуміздің де жұ­­мысымызға байланыс­ты ба­­лаларды ауылға апарып тас­тадық. Онда интернет бірде бар, бірде жоқ, қосылған уа­қытында апам балалардың су­ретін салады, дауысын да ести алмай, сағынып жүрміз, әйтеуір мына қиындықтан аман-есен шығып, отбасымен қауышуды армандаймыз», дей­ді ол. Айтуынша, алғашқы кезде шетелге шығып келген отан­дастарымыз карантинге түссе, қазіргі уақытта  шекара аспай, елде жүріп-ақ вирус­ты жұқтырғандар бар. Сосын ауру белгілері білінісімен дә­рігерге жүгінбестен, уақыт оздырып, апта аралатып, 10 күн, тіпті одан да асырып  ке­ліп жатқандар да жетерлік. Кә­дімгі тұмауға ұқсайтын бол­­ғандықтан, сырқатының ко­ронавирус екенін ажырату қиын. Нақты анықтау үшін  екі түрлі сараптама – бірі, ауыз бен мұрын қуысынан, екіншісі, қанға ПТР әдісімен зерттеу жасалғанда ғана ви­рустың бар-жоғы белгілі болады. Сон­дық­тан кәдуілгі тұмау тәрізді ауыра бастаса дереу дәрігер шақырған жөн.

– Біз осы аурухананың ішін­де, пациенттерімізбен бір қабатта болғанымызбен, бөлек блокта тұрамыз. Тәулік бойы осындамыз, сондықтан пациент жағдайына қарай әрқашан қасынан табыламыз. Ауруларға медициналық көмекпен қатар психологиялық тұрғыда да жәрдем керек болып жатады, сол себепті психолог мамандар да жұмыс істейді. Әйтеуір ел болып жұмылатын уақыт болып тұр, – деп жұмысының ара-арасында әріптестерінің де сұрақтарына жауап беріп үлгеріп жатқан дәрігерге «сіз­дің уақытыңызды алмайы­н, ел білуі тиіс нәрселерді өзіңіз айта беріңіз» – дедік.

– Ауру жас талғап жатқан жоқ, кәдімгі қылшылдап тұр­ған, қайратты адамның өзі індет тырнағына ілінуде, созылмалы дерттері, жүрек-қан, өкпе, сусамыр тәрізді  бұрыннан ілесіп жүрген аурулары бар адамдарға қаттырақ тиеді. Сосын өкпеге зияны өте ауқымды. Ал вирус жұқ­тырғанымен пәлендей ден­саулығына салмақ салмай же­ңіл түрде өтіп жатқандар да бар. Біріншіден, жеке бастың гигиенасын сақтау, сабындап, дұрыс жуыну, сосын аралас-құраластықты мейлінше шектеу қажет. Тамақ алуға да үй­ден аптасына бір рет шыққан дұрыс, – деді дәрігер.

Ақбота Мәжитқызынан «осы уақыт ішінде 120 меди­цина қызметкеріне вирус жұ­ғып­ты, сізбен бірге еңбек етіп жатқандар арасынан осы тә­різді оқиға кездесті ме?» деп сұрадық, «Әрине біз пациент­ке барарда алдымен обаға қарсы арнайы жан-жағы тұ­йық­тал­ған қорғаныш киімін киеміз. Одан кейін екінші қабат тағы киеріміз бар. Бас-аяғымыз тегіс тұмшаланып, шаш тегіс орамал астына жіберіліп, оның сыртынан тағы жабындымен оранып, сыртынан күләпараны киеміз. Аяғымызда арнайы обаға қарсы резеңке етік, со­ған қарамастан жұққыш пә­ле жұғып қалып жатыр. Шет­елдер де қаншама дәрігер көз жұмды. Бізде шүкір олай емес, болмай-ақ та қойсын, бірақ «сақтансаң – сақтаймын» дегендей, бәрімізге де сақтану керек. Халықтың ішінде осы індеттің қауіпті екеніне сенбей жатқандар бар дегенді естігенде күйіп кете жаздаймыз. Бірақ қазір көпшілік те ұғынған тәрізді, алайда ел ішінде әлі де көршілерге барып шай ішіп, туыстармен қалай араласпай отырамыз дейтіндер болуы мүмкін, сондай  жандарға: «Әзірге, араласудан уақытша тыйы­ла тұрыңыздаршы, мына ау­руды еңсерейік, сосын-ақ бір-бірімізбен қуана қауы­шып, туыстығымызды, көрші­лі­гі­мізді, ағайын-бауыр­лығы­мыз­ды бекіте түсеміз дегім келеді. Ауру таралмау үшін үйде отыру маңызды. Ін­детпен күнделікті арпалы­сып, отбасын сағынып, жанын шүберекке түйген дәрі­гер ретінде жұртшылыққа осыны жеткізгім келеді», дейді Ақбо­та Мәжитқызы.

Дәрігерден сұрап білгені­міздей, аурудан айыққан және 14 күн карантинде болған адамның ПТР талдауында вирус жоғы анықталған соң жер­гілікті емхана бойынша үйдегі бақылауға жіберіледі.