Көктемнің алғашқы айы өтсе де алжып өлген биылғы қыстың көрсетпеген “өнері” қалмады. Біреулер торқалы той деп, біреулер топырақты өлім деп қаһарлы қыстың қиын жолына тәуекел етеді. Біз де бармасақ болмайтын сапарға, жалғыз ағаны бақилық сапарға аттандырып салу үшін жолға асығыс аттанып едік.
Алматыдан алаң көңілмен ұшаққа отырған біз Өскеменге де жеттік. Мұнда да барлық бағыттарға апарар күре жолдар күнде соққан ақтүтек боранның кесірінен тау-тау үйінді қар астында қалған. Сондықтан ұшақ қабылдай алатын қалалар мен аудан орталықтарынан жолаушыларды жеткізу үшін шағын ұшақ атаулы кестеге де қарамай, тек ауа райының сәл қолайлы сәті түссе-ақ аспанға көтеріледі екен. Бүкіл аймақта қалыптасқан апатты жағдайға байланысты, бұл да облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевтың жіті қадағалауының нәтижесінде жүзеге асырылып отырған шара көрінеді. Облыс басшысының өзі бірде аттан түспей, боран көміп тастаған негізгі күре жолдардағы қар аршып, жол күреу жұмысын бақыласа, бірде бірер тәулік күн жылығаннан еріген қар суы басып қалған Абай ауданы мен Тарбағатайдағы ауылдарға аттанады екен. Одан шыға тау қойнауларын кісі бойынан биік болып басып жатқан қар ерісе, Шүлбі, Үйдене сияқты плотиналардың жай-күйін біліп қайтуға жолға шығады екен. Ал Алтай қойнауларында жатқан Қатонқарағай, Марқакөл, Күршім аудандары тұрғындарының бүгінгі қасіреті қалың қар тұтқынынан шығу. Оларды “үлкен жермен” байланыстырар, азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізер жалғыз көлік тікұшақ қана. Ондағы тұрғындар үшін су тасқыны ертеңгі күндерден күтер үрейлі хабар.
Зайсан жерін наурыз айының соңғы күндері болса да әлі тұмшалаған қалың қар дымын шығармай, тұншықтырып жатқандай. Қаланы қолтығына қонақтатқан Кішкенетаудың биік-биік жартастарының төбелері ғана қараяды. Өскеменнен әупірімдей ұшып жеткен біздің қала орталығына жетуіміздің өзі күшке айналды. Ұшағымыздың жерге қонғанын күтіп тұрған жаяу борасын қас пен көздің арасында ат құлағы көрінбес ақтүтекке айналды. Сәл ғана бұрын қар күрегіш техникалар жүріп өткен көшелерді үрінді қар толтырып тастапты. Мәшинелер жүріп емес, аппақ лайдың ішінде жүзіп келе жатқандай. Әйтеуір, көңілге медеу тұтар бір жай – Зайсаннан 45 шақырымдай ғана қашықтықтағы тау қойнауын сағалаған қыстауда жатқан ағамыздың науқасы меңдеген тұста аудан басшыларының күшімен екі күн трактормен жол тазалап жүріп, жедел жәрдеммен аудан орталығына жеткізіп үлгергендері. Әйтпесе, Алматыдан Өскеменге, одан Зайсанға жеткеннен гөрі Зайсаннан Талды деп аталатын тау ішіндегі мекенге жетуіміз екі талай еді. Көп жылдар көршісі болған ағамыздың іні-достарының бірі топырақ салу үшін сол Талдыдан атпен шығып, кеудесімен қар сүзіп болдырған көлігін жолда қалдырып, еңбектегендей болып әрең келіпті.
– Інім, сендердің қамқорлықтарыңның арқасында ол кісі орталыққа жетіп қалыпты, – деп ауданның бас дәрігері Марат Білейменовке ризалық білдірсем, ол:
– Бұл біздің парызымыз ғой, – дейді. – Біз сол сапардан ең шалғайда жатқан Шілікті ауылынан толғақ қысқан бір келіншек пен жолай Талдыдан ағаңызды орталыққа жеткізіп үлгердік. Шілікті жолынан жеті-ақ шақырым жерде жатқан Талды жолының қарын тазалау үшін бір жарым тәулік тынымсыз арпалысқан тракторшы жігіттердің еңбегін айтыңыз. Жар құлақтары жастыққа тимей, ұйқыны да, күлкіні де ұмытып, аттан түспей жүрген аудан басшыларының еңбектерін айтыңыз.
Өмір есігін ашқалы тұрған нәресте, өмір жолын тұйықтағалы жатқан пенде уақыт таңдамайды. Ақтүтек боранға, нөсер жаңбырға олар қарайлай алмас. Бұл – жаратылыс қағидасы. Жаратылыс қағидасына жан пенде қарсы келе алмас. Зайсан қаласының іргесінде жатқан ауылдарға да қатынас күн аралатып тоқтайды екен. Бәрі бір қар күрегіш тракторға ілескен жедел жәрдем автокөліктерінде тыным жоқ. Олардың өмір үшін күресі табиғаттың кесірлі мінезіне қарап тұра алмас. Дүниеге сәби әкелетін аналар толғағы, жаны қиналып, ауырып қалғандар туралы хабарда үзіліс жоқ. Көңілімізді жайма-шуақ жаздың күндері, жайдары жұмсақ қыстың күндері жарты сағатта барып-қайтар ауылға бару үшін кемінде жарты тәулік азаптандырар сапарларда жүрген жол тазалаушылар мен өмір үшін күрестерін тоқтатпаған жедел жәрдемшілердің қиын жұмыстары толқытты.
Иә, біз ауыл іргесіндегі қорымның жолын аршытып жүргенімізде басқа ауылдардан бір кісінің қазасы туралы хабар естілді. Демек, қар тазалаушылардан олардың да көмек сұрайтындары ақиқат. Бұларсыз ол жер ат шананы қойып, салт атты кісі жүре алмас соңғы сапардың соңғы шақырымы жер үстіндегі қияметтің қыл көпіріне айналыпты. Демек, жер аяғы кеңіп, қар көбесі сөгілгенше осынау азаматтарда тыныштық болмас.
Ағамызды мәңгі мекеніне ақ боранмен алысып жүріп, қоныстандырған күні түс ауа жылы қарасай желі соғып, соңы қарлы жаңбырға, одан бұршаққа ұласты. Енді қала көшелерінің өзінен техниканы қойып, жаяу жүрудің өзі мұңға айналды. Үй шатырынан су сорғалап, қарлы жаңбырдың ауыр салмағына шыдамаған олардың қайсыбіреулерінің белі опырылып кетіпті. Көше-көше ақ ірімтік суға толды. Мұндайды қазақ жұт дейтін. Жем-шөбін молдап қамдаған кейбір шаруақор жандар болмаса, көбісі-ақ малын жанының садағасына балапты.
Зайсанның ортасын қақ бөліп ағып жатар Жеменей өзені түн ортасында гүрілдеп-сарылдап, қаһарына мінсін. Онсыз да теледидардан Қызылағаш, Қарауыл, Үржар, Тарбағатай аудандарындағы Ақсуат, Ойшілік, Қызылкесік мекендеріндегі тасқын туралы, Сауырдан бастау алатын Қандысудан Шілікті, Тасбастауға төнген қауіп туралы құлағдар жұртта үлкен үрей бар. Бүкіл Зайсан жұртының қаупі – Үйдене. Осыдан жарты ғасыр бұрын тұрғызылған сыйымдылығы 75 миллион текше метр Үйдене өзеніндегі үлкен плотинаның ГЭС-і электр қуатын өндірумен бірге, жинап алған қорынан жаз кезінде диқандарға су беретін. “Сауырдың төбесінен бермен ағар мол су келсе, “Өтпелі кезеңнің” өларасынан бермен күтім көрмеген бөгеудің опырыла құлауы мүмкін екен”, дейтін, қаңқу сөз тез тарапты. Аудан әкімі Әнуарбек Мұхтарханов ауыл әкімдерін жинап, жұрттың үрейленбеуін сұрапты. Қауіп-қатердің алдын алатын республикалық Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік сияқты ғұзырлы мекемеден бастап, облыс әкімінің Үйдене жайын өзі назарда ұстап отырғанын, бөгеудегі су деңгейінің қазір 32 миллион текше метр ғана мөлшерде екендігін, егер су деңгейі көтеріле бастаса күндіз-түні күзетте тұрған адамдардың оны реттеп отыратынын қадап айтыпты. “Жақсы сөз – жарым ырыс”. Ең қажетті керек-жарағымыз деп буыншақ-түйіншектерін ыңғайлап отырған жұрт біршама байызданғадай. Лайым, айтқандары ақиқатқа айналғай.
Бұл күнде аудан әкімшілігінен басшылардың біреуін кабинетінен табу қиын. Бірі Өскемен бағытындағы тас жолда қамалып қалған машиналарды құтқару үшін екі күн бұрын аттанып кеткен болатын. Бірі Қандысудың арнасын аршытумен жүрсе, бірі Майғапшағай кеден бекеті арқылы Шығыстағы көрші елге сапаршылап барып, жолда қамалып қалған туристерді құтқаруға кетіпті. Аудан әкімі Әнуарбек Мұхтархановқа қиын кезеңде: “Алла жар болсын!” дейтін ағайындық тілектестікті білдіру үшін қалта телефоны арқылы байланысқа шыққанбыз. Неше тәулік бойы Өскеменнен шығып, Қабанбай ауылының тұсында жолда қалғандарға азық-түлік жеткізіпті.
– Бүгін түн ортасы ауа жетіп қалармыз. Баяу болса да жылжып келеміз, – дейді.
– Жаз да шығар. Ел де ес жинар. Тек еңбектеріңіз еш болмасын! Жолда қалғандарды сүйреп шығарғандай, бүкіл ауданыңызды да сүйреп шығаратындарыңызға сенемін.
– Рахмет. Алайда, бұл қыстың ұмытылуы қиын болар, – дейді ол.
– Қалған техникамызды жиып-теріп, кеденнен өте қар қамауында қалған павлодарлық бес-алты автобусты әрең дегенде жеткізіп, ыстық тамақ ұйымдастырып едік, – дейді әкімнің орынбасары Қазыбек Биқадамов. – Кәсіпкер келіншектер: “Осында тегін қонақүйге орналастырып, Павлодарға тегін ұшырмайсыңдар”, деген өкпе айтады.
– Қиналған жұрт қисынсыз әңгіме айтар. Жол аршылса болады да, – дейміз біз.
– Қазір аудандағы автокөлік түгелге жуық тоқтады. Жол аршитын техника мен жедел жәрдемге деген аз ғана жанар май қалған. Жанар май жоқ. Өскеменнен бері қарай жолдың жабылуына байланысты, жанар майдың бар қоры таусылды.
Әкімнің орынбасары өз әріптестері Сансызбаев Ризабек, Ақтекенов Оразхан, тағы басқа мекеме басшыларының бәрі де қар басқан жолдарды аршу, тасқын судың алдын алу сияқты шаруаларда жүргенін айтады. Мынандайда басшылар ғана емес, әр азаматтың азаматтығына сын болар қиын кезеңде ағайын-жұртынан барын аямай, ауыртпашылықты бірге көтерісіп, бар техникаларын түгел жұмылдыра білген жергілікті кәсіпкерлер Қуат Әбжанов, Болат Нұрасыл, Ербол Келгенбаев, Ғалымбек Салбанов сынды жігіттерге ризалық білдірді.
Мен осы өлкеде туып-өссем де, шалғайда жүргенмен жылына екі-үш дүркін келіп-кеткенде мұндай қысты, қытымыр ғана емес, қасақы қысты көрмеппін. Бұл да бір мылтықсыз майдан екен деген ой келді. Тек елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тіледім.
Алматы облысындағы Қызылағаш қасіреті ұмытылмас. Бүкіл жұрт болып, басшылық болып, көмек қолын созды. Елдігімізді көрсете білдік. Мектептегі бүлдіршіндерге дейін қолда бар жәрдемін ұсынып жатқанын көргенде көзге жас іркілді. Енді Шығыстың шырғалаңы басталды. Табиғат дегенін істеп бақты. Әлі де көрсетері алда сияқты. Өйткені, бүкіл аймақты тұншықтырып жатқан кісі бойы қардың тұмсығы жібігенінің өзінен талай үй суға малтығып, талай көпір қирады. Тек күн сабырмен, асықпай жылысын деңіз.
Қазір Шығыс өңіріне де көмек қолын созуға шақырған бастамашыл зиялы топтың арнайы есеп-шот аштырып, үндеу тастауы әбден құптарлық. “Көп түкірсе – көл”. Азды-көпті көмек табиғат апатына тосқауыл бола алмас, тым болмағанда, тасқынмен арпалысып жатқандардың арттарында елі тұрғанын сезінгендерінің өзі жәрдемнің үлкені болмақ.
Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ, жазушы.