Қоғам • 07 Сәуір, 2020

Кәсіпкерлер тілегі ескерілді

395 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент кәсіпкерлердің барлық тілектеріне жауап берді. Мемлекет басшысы біздің өтінішімізге құлақ асқанын көрдік. Енді Президент тарапынан берілген тапсырмалардың сапалы орындалғанын күтеміз. Меніңше, бұл тапсырмалардың жүзеге асырылуын бақылауға алуға бизнес те қатысады.

Кәсіпкерлер тілегі ескерілді

Жалпы, төтенше жағдай режімінде кәсіпкерлер тап болған басты проблема – шарттық міндеттемелердің бұзылуы, жалдау ақысы, еңбекақы төлеу, коммуналдық қызметтер және тағы басқалары. Кәсіпорын басшылары қызметкерлерін белгісіз уақытқа ақысыз демалысқа жіберуге, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болып отыр. Елімізде шағын және орта бизнес секторында 3 миллионнан астам адам жұмыс істейтінін ескерсек, қанша адам жұмыссыз қалуы мүмкін екенін ойлаудың өзі қиын.

Президенттің мәлімдемесінде айтылған мәселелерге қарап отырып, мемлекет бизнестің осы тектес проблемаларына қатысты жедел әрі жан-жақты жауап берді деп санаймыз. Барлық салықтар бойынша мерзімін ұзарту, несиелер бойынша демалыс, мемлекетке тиесілі үй-жайларды жалдау бойынша демалыс берілді. Осылайша, мемлекет бизнестің қолда бар қаражатын жалақы төлеуге жұмсауы үшін жағдай жасады. Көптеген адамдар қазіргі шектеулер кезінде жалақысын алды.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер айтарлықтай кеңейтілгені өте орынды болды. Енді оны сауда және қоғамдық тамақтандыру саласы да пайдалана алады. Айталық, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің басым бөлігі осы бағдарламаға қатысып, 6 % жеңілдікпен қаржыландыруға қол жеткізе алады. Бір кәсіпкерге арналған кредиттік қолдау көлемі 7 миллиард теңгеге дейін артты.

Қазіргі таңда бизнеске нақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, шағын және орта бизнес субъектілері үшін салық және басқа да төлемдерді төлеу мерзімін ұзарту қарастырылды. Атап айтқанда, бұл салық пен төлемдердің бес түрін: жеке табыс салығын; әлеуметтік салықты; міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті медициналық сақтандыру және әлеуметтік аударымдарды қамтиды. Көптеген скептиктер аударымдардың басым бөлігі қызметкерлер төлеуі тиіс төлемдер деген пікірде. Іс жүзінде, барлық қызметкерлер қолына алатын жалақыны ғана ойлайды және олар бизнес төлеп жатқан салықтарға көңіл де бөлмейді. Сондықтан, төтенше жағдай кезеңінде ағымдағы айналымнан қаражат алуды барынша азайту өте маңызды. Әсіресе, әңгіме жалақының 32%-на қатысты болса.

Президент тапсырмасы бойынша, салықтық есептерді тапсыру кейінге қалдырылып, салықты төлемегені үшін өсімпұлды есептеу де тоқтатылды. Бірақ статистикалық есептер бойынша, кейінге қалдыру ұсынылмады. Қызметі тоқтап тұрған ұсақ кәсіпорындар үшін есептілікті уақытында тапсыру мүмкін емес! Осы мәселеге қатысты мен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа хат жолдадым. Бұл хатта статистикалық есептілікті тапсыруды кейінге қалдыруды, яғни бүкіл Қазақстан бойынша төтенше жағдай аяқталғанға дейін тоқтата тұруды сұрадым. Жақын арада жауап беріледі деп күтіп отырмыз.

Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шараларына қарамастан, бизнеске бір қалыпты жұмыс қарқынын сақтап қалу оңай емес. Бүгінгі таңда «Атамекеннің» жедел штабына кәсіпкерлерден 15 мыңнан астам өтініш түсті.

Әзірге ел экономикасы шеккен зардапты бағалауға әлі ерте, өйткені пандемия аяқталған жоқ. Бүгін біз екі жағымсыз жағдайды байқап отырмыз: коронавирус және мұнай бағасының төмендеуі. Экономикаға осы екі фактордың қысымы бірден түсті.

Сонымен қатар 20% девальвация болды. Өздеріңіз білесіздер, еліміз импортқа барынша тәуелді. Экономиканың импортқа тәуелді салаларына осы факторлар әсер етеді. Олардың импортпен байланысты шығындары шамамен 20%-ға өседі.

Қазақстан үшін көп нәрсе шикізат нарығындағы бағаға байланысты. Дегенмен, біз пандемиядан кейін экономикада айтарлықтай төмендеу орын алады деген болжам жасап отырмыз.

 

Рустам ЖҮРСІНОВ,

Қазақстан кәсіпкерлерінің

құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл