02 Сәуір, 2010

ДҮБІРГЕ ТОЛЫ ДҮНИЕ

580 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Егер АҚШ бір соғыста жеңіске жетсе, оны президент Обаманың үлкен жеңісі демеуге болар еді. Ал америкалық қауымның ең әлсіз бөлігі – 32 миллион халықты қамтыған денсаулық сақтау реформасын жүзеге асырғанын оның үлкен жеңісі деп сипаттаса, ешқандай артықтығы жоқтай көрінеді. ПРЕЗИДЕНТ БАРАК ОБАМАНЫҢ ҮЛКЕН ЖЕҢІСІ Сонымен, Барак Обама әлеу­меттік мә­селелерге бағ­дар ұстап отыр. Көп уақыт түрлі себептер алға тосылып, қор­ғаныс мәселесі бірінші кезекке шығып келсе, енді әлеуметтік мәселелерге де баса назар аударыла бастады. Бұл әлемдік көзқарасқа, әлемдік ұстанымға әсер ететіні сөзсіз. Соған орай басқалар да өз ұстанымдарын өзгерте бастауы әбден мүмкін. АҚШ өзінің басты бағытын өзгертті, қорғаныс мәселелерінен гөрі, әлеуметтік мәселелерге көбірек көңіл аудара бастады дегеннің өзінде, оның қор­ғанысқа жұмсайтын қаржысы да орасан. Цифрларға жүгі­нейікші. Өткен жылы АҚШ қорғаныс ісіне 661 миллиард доллар қаржы жұмсапты. Бұл дегеніңіз, бүкіл әлемдегі барлық мемлекеттердің қорғанысқа бөлген қаржысына пара-пар. Енді сол АҚШ әлеу­меттік үш ірі жобаға (өздерінше Socіal Securіtі, Medіcare және Medіcaіd деп атайды) 1,38 триллион доллар қаржы жұм­сапты. Бұл дегеніңіз, бюджеттің 35 пайызы екен, ал қорғанысқа бөлгені – 17 пайыз. Бұл мәселе талай ондаған жылдар бойы, тіпті соңғы 100 жыл бойы сөз болып келді. Оны тек Обама ғана жүзеге асырды. Халықтың игілігіне арналған денсаулық сақтау жөніндегі реформаны құптату да оңайға соққан жоқ. Республикашылар қасарысып, көнбей отырып алған. Олардың ойында АҚШ-тың өктемдігін нығайтатын шаралар тұрған шығар. Бірақ, АҚШ пар­ламентінің екі палатасы да пре­зидентті қолдады. Денсаулық сақтау жө­нін­дегі ре­форма жо­басы мақұл­дан­ғанмен, оның жүзеге асуы оңай бола қой­май­тын түрі бар. Оған 938 миллиард доллар қаржы бөлініп отыр. Бұл қаржының көзі әрқилы болса керек. АҚШ-тың 14 штатынан бұл реформа заң­сыз, ол штаттардың конс­ти­туциялық құқын шектейді деген арыз-шағым да түскен. Оған да жауап табылар, ұлттық мүдде бірінші кезекке шы­ғарылар. Қарсылардың енді бір тобы ел саясаты бағытының қорғаныс мәселелерінен әлеуметтік мәсе­ле­лерге қарай ойысуы АҚШ беделіне нұқсан келтіреді деген пайым жасайды, одан ел супер держава мәртебесінен айы­ры­лады дейді және оны қателік санайды. Бір кезде қорғанысқа ел бюджетінің жартысына жуығы жұмсалғанын еске салады. Қандай да үлкен шара, жаңа бастама күреспен жүзеге асады. Барак Обама күрес жолын таңдап отыр. Оны АҚШ хал­қының көпшілігі қолдайтынында күмән жоқ. Осынау жеке бір елде жүзеге асып жатқан шараның халық­аралық та жаңғырығы бар. Әлем­нің супер державасы бас­қа­ларды милитаристік әлеуетімен таң­дандыра бермей, халықтың әлеуметтік жағдайын жасауға бағытталған қадамдарымен де таңдандырар болса, басқа жұрттың да еңсесі көтеріледі. ГРЕКИЯНЫ ЕУРООДАҚ СҮЙЕМЕЛДЕМЕСЕ БОЛМАЙДЫ Біраздан бері Еуропаның ұйқысын қашырған Грекияның қаржылық күйреуі ақыры оған Еуроодақ пен Халықаралық валюта қорының көмек беруі қажет деген тоқтамға келуге мәжбүр етті. Әлемдік де­мо­кра­тияның отаны са­на­ла­тын, былтыр ғана ЕҚЫҰ-ның төрағасы болған Грекияны жұрт шын мәнінде мем­лекеттігі мықты, эко­но­ми­касы ке­мел­­денген ел са­натына қосар еді, ал оның күтпеген жерден қаржылық дәрменсіздікке ұшы­рауына таңданбағандар кемде-кем. Афинадағы Олимпия ойын­да­рының да жаңғырығы әлі құ­лақ­тан кете қойған жоқ. Әдетте мұндай үлкен шараларды әлеуетті елдер ғана өткізеді. Дегенде, бұл ел жайында әртүрлі әңгімелер айтылады. Со­ның бірі – “байлар өмір сүретін кедей ел” деген анықтама. Сірә, кедейлер көптеу шығар да, байлары оған ешнәрсе бөліп бере қоймай, елде етек алған ереуіл, шерулер соның салдары шығар. Ал үкімет болса, қарыздан көз аш­пай келеміз, бюджетіміз тапшылық жағдайында, айлықтан қысқартудан басқа жол жоқ десе, халықтың оған көнгісі келмейді. Тас түскен жеріне ауыр дейміз, жағдай Грекияда ауыр екені даусыз. Сөйтсе де, бұл Еуроодаққа да, оның ішінде еуроаймақ елдеріне де қиын соқты. “Өз қотырыңды өзің қасы” деп итере салуға болмайды екен. Ол өзі ғана тереңге батпай, сол еуро аймағындағыларды да тартады екен. Грекия тал қармай бастаған соң-ақ еуроның бағасы түсе бастады. Оның бағасы түссе, бүкіл еуро аймағындағыларға қиын. Содан да осы еуро аймағына кіретін жетекші елдер мәселеге басқаша қарай бастады. Алғашында Грекиядағы жағ­дайға жетекші елдер жеңіл-желпілеу көңіл аударған. Алды­мен Германия көмек бергеніміз жөн десе, кейіннен Грекияға қатаң талап қойып, шашыла бермеңдер, айлықтарыңды азай­тып, салықтарыңды түгел жи­наңдар дегенге дейін барды. Тіпті еуро аймағынан шығарып тас­таған жөн де­ген пікір біл­діргені де бар. Жан қы­сыл­ғанда адам не де­мейді де­ген­дей, осы жер­­де Гре­кия Еу­ро­паның қар­жылық ге­не­р­а­торы Германия­дан қалай да кө­мек алу үшін тіпті ауызға алмайтын сөзді де айтып салды: соғыс кезінде фашис­тердің тартып алған алтыны үшін ақша төлеңдер дегенге барды. Ол қанша ақша, оны төлеудің есебі қандай, оны анықтау үшін қанша уақыт кететіні өз алдына, бұл Германияның шамына тисе көп нәрседен қағылары да анық еді. Бірақ Германия, оның канцлері Ангела Меркель балалық өкпеге бармады. Мәселеге тереңірек үңіліп, Грекияға көмек берудің қажетін түсінді. Сөйтсе де немістер жағы гректерге далақтай бермей, бір-екі аралдарыңды сатсаңдар, біраз қарыздарыңнан құтылар едіңдер ғой деп кекесінді кеңес бергені бар. Ақыры Брюссельде өткен Еуроодақ саммиті Грекияға кө­мектесу қажет деп тапты. Мұнда Германия мен Францияның шешуші рөлі болғанын айтқан жөн. Көмек бергенде, бұл шараға Еуропаның жетекші елдері Халықаралық валюта қорын қатыстыруды жөн санады. Сөйтіп, Грекияға берілетін 22 миллиард доллар қаржының үштен бірін ХВҚ өз үлесіне алды. Гректерге бұл тегін беріле салатын ақша емес және бұл сома оларды күйреуден толық құтқара қоймайды. Бұл әзірге тыныс алуға ғана жетеді, оның үстіне қайтаратын пайызы да жоғары – жылына 6 пайыз өсім. Содан да гректер аздан да, көптен де үнемдеуге тиіс. Және өз қарыздарының қалай жұм­салғанын Еуроодақ қадағалайтын болады. Қысқасы, Еуроодақ өз мү­шесін сүйемелге алды. Сірә, қатарға қосылып кететін шығар. Мамадияр ЖАҚЫП.