Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Абылайхан Оспановтың айтуынша, Халыққа қызмет көрсету орталықтары жабылғаннан кейін азаматтарға барлық мәселе бойынша үздіксіз кеңес беріп отыру үшін call-орталықтардағы қызметкерлердің қатары 200-ден 2 мыңға көбейтіліпті. Төтенше жағдай жарияланғанға дейін 1414 нөмері тәулігіне 25-30 мың қоңырау қабылдаса, қазір күн сайын 600 мыңнан астам қоңырауға жауап береді. Сөйтіп барлығы 4 млн-нан астам кеңес берілген.
– Осыған дейін қашықтан 85 461 ЭЦҚ (Электронды цифрлы қолтаңба) берілді. Жақында заңды тұлғаларға да беруді іске қосып, 1 337 заңды тұлға ЭЦҚ-ны қашықтан алды. Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істей бастады. 21 мемлекеттік орган «бұлтты» құжат айналымына көшті. Қазір осы жаңа жүйе бойынша 5,5 мың мемлекеттік қызметкер жұмыс істеп жатыр. Біз мемлекеттік органдардың құжат айналымын және мемлекеттік қызмет көрсету ісін қағаздан толық арылту процесін жалғастырамыз, – деді вице-министр.
А.Оспанов 42 500 теңге әлеуметтік көмек eGov.kz порталы, 42500.enbek.kz сайты арқылы және 1414 нөмірінен SMS жіберумен берілетінін, сондай-ақ автоматты түрде тағайындалатынын айтты.
@Help42500Bot телеграм-бот та әлеуметтік көмекке өтініш беруді барынша оңайлату үшін ашылды.
– Өте маңызды бір мәселеге тоқталғым келеді. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға жүздеген млрд теңге бөлінді деген әлеуметтік желілердегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Шын мәнісінде бұл бағдарламаға 2 жылда республикалық бюджеттен 41 млрд теңге бөлінді. Оның тек 11,1 пайызы, яғни 4,6 млрд теңгесі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүзеге асырып жатқан бағдарламаларға жұмсалды. Министрлік бюджетінде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасынан бөлек, барлық мемлекеттік органдардың ағымдағы инфрақұрылымын қолдауға бағытталған қаржы қарастырылған. Мысалы, мемлекеттік органдардың барлық ақпараттық жүйелеріне канал ұсынуға 28,3 млрд теңге жұмсалады. ХҚО-ларды ұстап тұруға және қызметін ұйымдастыруға 19,5 млрд теңге бөлінеді, – деді вице-министр.
Баспасөз мәслихатында «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов eGov порталының әлеуметтік көмекті тағайындаудағы маңызына тоқталды.
– Бізге 18 сағат ішінде, яғни 27 наурыздың түнінен 28 наурызға дейінгі аралықта 42500 теңге әлеуметтік көмекті eGov порталы арқылы беруге мүмкіндік жасау міндеттелді. Портал арқылы жарты миллионнан астам азамат өтініш берді. Өтініштердің 101144-і электронды түрде түссе, 402 621 адам жаңа сервисті қолданды. Екі тәулік ішінде іске қосылған телеграм-ботты қолданушылар тым көп болғандықтан, белгілі бір шектеу қоюға тура келді. Осыған байланысты 3 сағат ішінде «Ұлттық ғылыми технологиялар» АҚ аймақтар үшін барлығы 18 телеграм-ботты іске қосты. Бүгінге дейін осы боттар арқылы 515 мың өтініш қабылданды, – деді ол.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Дарын Тұяқов республика бойынша интернет желілеріне түскен салмақ Жаңа жыл түніндегі жүктен де асып кеткенін айтты.
– Сусын мен ас сияқты, интернет те басты қажеттілікке айналды. Дүние жүзі бойынша интернетке артық жүк түсіп жатыр. Мысалы, Еуропада ол 50 пайызға жуықтады, Қазақстанда Жаңа жыл түніндегі көрсеткіштен де 2 есе асып кетті, – деді ол.
Д.Тұяқовтың айтуынша, интернет байланысын сақтауға резерв қорының 25 пайызы жұмсалған. Министрлік интернеттің жұмысын күшейту үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесіп ірі қалаларда діңгекті антенна орнатып жатыр.