Соңғы кездері еліміздің емдеу мекемелерін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін бірыңғай дистрибьютордың жұмысына байланысты көптеген мәселелер туындауда. Осыған орай біз фармацевтикалық саланың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру, дәрі-дәрмек өнеркәсібін дамыту мақсатында және тегін медициналық көмектің шеңберінде дәрілік заттарды сатып алу мен қамтамасыз ету бойынша бірыңғай дистрибьютордың қызметін іске асыру үшін құрылған “СҚ-Фармация” ЖШС бас директорының орынбасары Жанайдар МУСИНДІ әңгімеге тартқан едік.
– Қазір бірыңғай дистрибьютордың жұмысына байланысты мәселелердің туындап жатқанын көріп отырмыз. Мұнда емдеу мекемелеріне дәрі-дәрмектердің жеткізілмей жатуы себептен дәрілерді сатып алуды Денсаулық сақтау министрлігіне беру туралы мәселелер бар. Осыған қандай түсініктеме бере аласыз?
– Ең алдымен мына нәрсені айтайын. Бірыңғай дистрибьютордың мақсаты – Үкіметтің қаулысына сәйкес дәрі-дәрмектерді төмен бағаға сатып алу, емдеу мекемелеріне дер кезінде жеткізу болғандықтан қазір біз осы жұмысты дәрілерді сатып алумен айналысатын дистрибьютор компаниялар арқылы жүргізіп келеміз. Ал енді оның қандай себеппен елді мекендерге жеткізілмей жатқанына келсем, дәрілерді ішінара жеткізу ақпан айының басынан басталды. Өткен жылдары өңірлік бағдарламалар бойынша дәрілік заттарды жеткізу наурыз-сәуірде, республика бойынша мамыр-маусымда жүргізілетін еді. Былтыр 39 жеткізушімен желтоқсанның соңынан бастап қаңтардың басы аралығындағы кезеңге шарттар жасалды. Бұдан басқа 7 желтоқсанда Үкімет 2010 жылғы қаңтар-ақпан айларына арналған дәрілік препараттардың қажетті екі айлық қорын өңірлерге жеткізуді денсаулық сақтау ұйымдарына тапсырған болатын. Содан кейін ақпан айының басында бірнеше емдеу-алдын алу мекемелерінде, желтоқсан айының аяғында емдеу мекемелері дәрілік заттардың жеткілікті көлемін растағанына қарамастан, препараттар тапшылығы пайда болды. Осыған байланысты дәрі-дәрмектердің тапшылығын болдырмау үшін Үкімет денсаулық сақтау ұйымдарына айлық қажеттілік шегінде ең қажетті медикаменттерді дербес сатып алуды жүргізуге рұқсат берген болатын. Енді осы қаулы күшіне енгеннен кейін наурыз айынан бастап сатып алу жүргізіле бастады. Дәрілердің жеткізілмеуінің тағы бір себебі бар. Биыл қыс өткен жылдарға қарағанда қатты болды. Сол себепті дәрілер ауруханаларға дер кезінде жеткізілмей жатты. Қазір біздің 1708 ауруханамен дәрі-дәрмектерді жеткізу бойынша жасалған келісімдеріміз бар. Препараттарды жеткізумен логистикалық компания айналысып келеді. Енді жағдай қалпына келген соң осы сәуір айынан бастап ауруханаларға дәрілер 100 пайыз жеткізілетін болады деп ойлаймыз. Ал дәрілерді сатып алуды Денсаулық сақтау министрлігіне беру туралы мәселе шешілген жоқ. Жалпы, біздің пікірімізше, сатып алуды бір жерден жүргізу керек. Егер бұрындары сатып алу бойынша тендерлерді Денсаулық сақтау министрлігі бір бөлек, облыстық басқармалар бір бөлек өткізіп, дәрілердің бағасын әр түрлі қойған болса, қазір бірыңғай дистрибьютор жүйесі бойынша өтетін тендерлерде препараттарға қойылатын бағалардың бәрі бірдей, дәрі де төмен бағамен сатылады. Осының нәтижесінде биыл дәрілерді сатып алуға бюджеттен бөлінген 30 млрд. теңгенің 4,5 млрд. теңгесін үнемдей алдық. Осы қаржыға біз тағы қосымша дәрі-дәрмектер сатып алуды жүргіздік. Бұл дәрілердің бағасы Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық басқармалар сатып алған дәрілердің бағасынан әлдеқайда төмен.
– Парламент Мәжілісінің өткен бір отырысында дәрілердің, шприцтердің сапасына қатысты Үкімет басшысының атына сауал жолданғанын білеміз. Онда қытайлық шприцтердің сын көтермейтіні айтылған еді. Қазір біздегі инсулиндік шприцтердің сапасын қалай бағалар едіңіз?
– Негізі, дәрілердің сапасына бақылау жасаумен Денсаулық сақтау министрлігі мен “Дәрі-дәрмек” компаниясы айналысады. Егер осы компания шприцтердің, дәрілердің сапасын үнемі қадағалап отырса, біз оның сапасына күмән келтіре алмаймыз. Қытайлық шприцтер туралы айтсам, егер олар Қазақстан рыногына енген болса, онда шприцтер арнайы мекемелерде тіркеліп, сертификат алған. Ал сертификат, шприцтерді тіркеу олардың сапасына қарай берілетіні белгілі. Қазір барлық жеткізілетін дәрі-дәрмектердің сапасы Ұлттық сараптамалық орталықта қатаң бақыланады. Жаңа сіз айтқан инсулиндік шприцтерді біз бірыңғай дистрибьютордың емдеу-алдын алу мекемелерінің өтінімдеріне сәйкес, 3,5 млн. қытайлық Bіoject және 1,5 млн. дана германиялық Vogt Medіcal инелері бар шприцтерді сатып алдық. Бұлар еліміздің барлық жерінде тіркелген және оларды сатуға рұқсат етілген. Денсаулық сақтау министрлігі өткен жылы Қытайдың Bіoject өндірісінің шприцтерін сатып алды және бүгінгі күнге дейін уәкілетті органға олардың сапасы бойынша ешбір ресми шағымдар мен наразылық түскен жоқ.
– Сатып алынған дәрі-дәрмектердің қаншаға түскенін айтып берсеңіз.
– Гипроксикармабид препараты 20 млн. теңгеге сатып алынды. Сол сияқты басқа да дәрілерді төмен бағаға сатып алдық. Біз сатып алынған препараттардың бағаларына талдау жүргіземіз. Мысалы, кезінде облыстық денсаулық сақтау басқармалары аторвастатин дәрісінің бір таблеткасын, ванкомицин, гемцитабин, доксорубицин, оксалиплатин препараттарының бір флаконы мен октреотид препаратының бір ампуласын “СҚ-Фармация” ЖШС-нің бағаларынан 220 және 800 пайызға қымбат бағамен сатып алған екен. Сондықтан біз дәрілерді сатып алуды бірыңғай дистрибьютор арқылы жүргізу керек деп есептейміз.
– Отандық өндірісті дамытуда компанияның қандай жобалары бар?
– Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасында фармацевтикалық өндірісті дамыту мәселесіне көңіл бөлінгенін білесіздер. Бұл өндірісті дамыту жұмысымен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі айналысады. Қазір елімізде 5 ірі фармацевтикалық зауыт бар. Осылардың ішіндегі “Химфарм” зауытының бір бөлігін Астана қаласында салу жоспарлануда. Алдағы кезде елімізде осындай ірі жобалар іске асатын босла, отандық фармацевтикалық өндірістің 30 пайызға артатынына сенім мол.
– Қазір көпшілікті Қазақстанның Кеден одағына кіруіне байланысты Ресей және Беларусь елдерінің фармацевтикалық саласымен бәсекеге түсе ала ма деген мәселе толғандырып жүргені белгілі...
– Сұрағыңызды түсіндім. Бәсекелес болу үшін отандық дәрілер көршілес елдердің препараттарына қарағанда сапасы жағынан жоғары болу керек. Кеден одағының аясында Қазақстанның бір ұтатын жері, Ресейде мысалға, дәрілерді тіркеу мерзімі өте ұзақ, сосын ол қымбатқа түседі. Мысалы, оларда тіркеу мерзімі 210 жұмыс күніне созылады екен. Ал тіркеу бағасы 50 мың АҚШ доллары. Бізде 3 мың доллар, ал тіркеу уақыты жарты жыл. Осы жағынан Ресей ұтылатын болады. Ал сапасына келер болсам, солтүстік көршімізде өндірістің мықты дамығаны белгілі. Сондықтан олардың бізді он орап кетпеуі үшін фармацевтикалық өндірісімізді одан әрі дамытқанымыз жөн.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.