Әлем • 08 Сәуір, 2020

АҚШ-та қашықтан қалай оқиды?

298 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Коронавирустың пандемиясына қатты зиян шеккен бағыттың бірі – білім саласы. Індеттің таралуы салдарынан оқу орындары жабылып, миллиондаған оқушы қашықтан немесе онлайн білім алуға мәжбүр. Әр мемлекет төтеннен келген қатерге шама-шарқынша бейімделе бастады. Технологиясы дамыған, білімі мен ғылымы алдыңғы қатарда саналатын АҚШ-та қолда бар мүмкіндіктің бәрін қарастырмақ.

АҚШ-та қашықтан қалай оқиды?

Бүгінге дейін Құрама штаттарында 380 мыңнан астам адам Covid-19 вирус жұқтырғаны анықталған. Қазіргі таңда осы коронавирустың салдарынан АҚШ-та 124 мың мектеп қиындыққа тап келді. Сәйкесінше, 55 миллион бала оқу орындарына бара алмай қалған.

Әсіресе, Нью-Йорк қаласы вирустан қатты зардап шекті. Әлемдік қаржы нарығының отанына айналған шаһарда 140 мыңға жуық адам науқастанған. Осының салдарынан қалада бүкіл оқу орындары жабылып, миллионнан астам оқушы қашықтан білім алмақ.

Осы орайда мынаны айта кеткен жөн. Нью-Йорк қаласының басшылығы мектептерді жабуға асыққан жоқ. Мәселен, наурыздың ортасына дейін бүкіл оқу орындары қалыпты жұмыс істеп тұрған. Тіпті, бес мұғалімнен вирус табылғаны да шаһар басшылығын нақты қадам жасауға итермелемеді. Бірақ оған дейін Куинс ауданының әкімі Шарон Ли ата-аналарды балаларын мектепке жібермеуге шақырған-ды. Ақыры жағдайдың ушығып бара жатқанын түсінген қала басшылығы наурыздың соңында ғана бүкіл мектепті жауып, қашықтан оқытуға көшуге шешім қабылдады.

Нью-Йорк қаласы Білім департаментінің мәліметіне сүйенсек, бүгінге дейін 80 мыңнан астам ұстаз қашықтан оқытудың әдіс-тәсілін үйренген. Олар үш күн бойы онлайн-платформаны қолдану жолдарын меңгерген.

Алайда мұнымен шаһардағы онлайн білім беру мәселесі шешілді деп айту қиын. Өйткені оқушылардың 13 пайызы ағылшын тілін жетік меңгермеген. Әр бес оқушының біреуінің мүмкіндігі шектеулі. Сондай-ақ 10 пайызы баспанасыздар қатарында. Бұған қоса, кей отбасында бірнеше бала болғандықтан, онлайн оқуға қажетті құрал-жабдықты кезекпен қолданады. Бұл да қашықтан оқыту процесін қиындата түсті.

«Жығылғанға жұдырық» дегендей, қала оқушыларының 72,8 пайызы немесе 820 мыңға жуық бала тұрмысы төмен отбасында өмір сүреді. Солардың 300 мыңында қашықтан оқытуға қажетті электронды құрал-жабдық жоқ. Бұл да шаһар басшылығының бас ауыртар мәселесіне айналды.

Аталған мәселені шешу мақсатында Білім департаменті мектеп оқушыларына планшет пен ноутбук беруге кірісті. Қазірге дейін 200 мың планшет таратылып үлгеріпті. Сондай-ақ мектептер де мәселені оңтайлы шешуге өз үлестерін қосып, электронды құрылғыларды тұрмысы төмен отбасындағы балаларға үлестіріп келеді. Айтпақшы, оқушыларға үлестірілген ноутбуктар, планшеттер түбегейлі үлестірілмейтінін айта кеткен жөн. Білім департаменті электронды құрылғы қажет еткен отбасымен арнайы келісімшарт жасасып, қажетті ақпараттың бәрін жазып алады. Бұл бір жағынан биліктің қай бағытқа басымдық беруін анықтауға мүмкіндік жасаса, екінші жағынан пандемия аяқталғаннан кейін планшеттер мен ноутбуктарды қайтарып жинап алу үшін керек.

Пәленбай мың оқушыны электронды құрал-жабдықпен қамтамасыз ету оңай шаруа емес екені белгілі. Осыған байланысты Нью-Йорктың білім департаменті Apple компаниясымен әріптестік орнатып, аптасына 50 мың планшет сатып алып отыр. Кейіннен аталған құралдарға оқушыға қажетті бүкіл бағдарламалар орнатылады. Ведомство басшылығы сатып алынған әр планшеттің құнын әзірге жариялаған жоқ. Әйтсе де, компанияның сайтында ең арзан iPad-тың құны 399 доллар тұрса, ортаңқол нұсқасы 799 долларға тең.

АҚШ-та бәрі керемет десеңіз, оңбай қателесесіз. Мәселен, Нью-Йорктың кей бөлігінде кеңжолақты интернет желісіне қол жеткізу қиын. Қалалық бақылау агенттігі Скотт Стрингердің деректеріне сүйенсек, 2019 жылы шаһардағы тұрғын үйлердің 29 пайызына мүлдем интернет жеткізілмеген. Яғни, шамамен 2,2 миллионға жуық адам үйде отырып жаһандық желіге шыға алмайды деген сөз.

Осыған байланысты қала басшылығы сымсыз интернет желісін күшейтуге кірісті. Бұдан бөлек, T-Mobile мобильдік байланыс қызметімен келісім жасалып, оқушыларға жеңілдікпен арнайы тариф ұсынылмақ. Оның құны 3 долларды құрайды. Айта кетерлігі, мұндай тарифтің құны бұған дейін 30 доллар болатын.

Қашықтан оқыту қызметі қалай жүрмек? Оқушылар мен студенттерді қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге кіріскен Білім департаменті онлайн білім алудың тәсілдерін де ұмытқан жоқ. Соған сәйкес, әр білім алушыға арнап арнайы аккаунт ашылды. Оларға Google Classroom және Microsoft Office 365 қызметін тегін пайдалануға мүмкіндік берілген.

Оқушылар үшін, әсіресе, Google Classroom таптырмас құрал. Аталған бағдарламада тапсырма беруге, оны бағалауға, ортақ жұмыс істеуге, мұғалім мен оқушының жедел байланысуына жағдай жасалған. Бұдан бөлек, Google Classroom арқылы онлайн конференция да өткізуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар Google компаниясының Google Docs, Google Drive секілді басқа да қызметтерін тиімді пайдалана алады.

Айта кету керек, Білім департаменті оқушылардың бәрі сабақ басталған сәтте онлайн болуын міндеттемейді. Керісінше, қолайлы уақытта бағдарламаға кіріп, берілген тапсырманы орындайды. Онлайн трансляция да аптасына 2-3 мәрте ғана ұйымдастырылады екен. Бұл да Google Classroom-ды білім саласында ыңғайлы ете түсті.

АҚШ-та білім саласында бірқатар жеңілдік жасалмақ. Атап айтсақ, 19 штатта жыл соңындағы емтихан мүлдем алынып тасталды. Нью-Йоркте де кей сабақтар бойынша тапсырылатын сынақ өтпейді.

Қорыта айтқанда, коронавирус пандемиясы салдарынан білім, ғылымы дамыған АҚШ-тың өзі абдырап қалғаны анық байқалды. Әрине, технологиясы дамыған мемлекет үшін елдегі бүкіл студент пен оқушыны қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз ету аса қиындық келтірмес. Әйтсе де, індеттің тез таралуы ешкімнің қашықтан оқытуға түбегейлі дайын еместігін көрсетіп берді.