Экономика • 10 Сәуір, 2020

Жылына – 100 мың тонна болат құбыр

879 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылдың екінші тоқсанында Алматы қаласы Алатау ауданының индуст­риялық аймағында «Үлкен диаметрлі дәнекерленген болат құбырларын шығаратын зауыт құрылысы» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Құрылыс алаңы­ның жалпы аумағы – 18,3 гектар. Жоғары технологиялық зауыт құрылысы Қазақ­станға әкелінетін құбыр өнімдерінің 70% импортын алмастыруға мүмкіндік береді.

Жылына – 100 мың тонна болат құбыр

Жобаны жүзеге асыру үшін Asia Steel Pipe Corporation Қазақстан-Қытай бірлескен кәсіпорны құрылды. Инвестицияның жалпы сомасы 33 млрд теңгеден асады. Аталған жоба 2015-2019 жылдарға арналған республикалық индустрияландыру картасына енгізілген. Сондай-ақ «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасы аясында Қытай мен Қазақстан арасындағы негізгі жобалар тізіміне кіреді.

Айта кету керек, құбыр зауыты орналасатын жер ретінде Алматы қаласы логистика және болат орамының негізгі жеткізушісі – Батыс Қытайдағы металлургиялық зауыттарға жақын болу үшін таңдап алынған.

Отандық зауыт жыл сайын 100 мың тоннаға дейін жоғары сапалы құбыр өнімдерін шығарады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта өндірісті 150 мың тоннаға дейін кеңейту көзделіп отыр. Бірінші желі спиральды құбырлар шығарады. Кейін үлкен диаметрлі тік жікті құбырлар желісін іске қосу көзделген.

Зауытта диаметрі 355 мм-ден 1420 мм-ге дейін, ұзындығы 8 м-ден 12,5 м-ге дейін құбыр өнімдерін шығару көзделген. Құбырларды өндіру кезінде беріктігі жоғары X80, Х100 санатындағы болат қолданылады. Ал құбыр қабырғаларының қалыңдығы 6,4 мм-ден 25,4 мм-ге дейін болады. Бұл дәнекерленетін құбырлар мұнайды, газды, суды және мұнай өнімдерін тасымалдауға, сондай-ақ тау-кен, құрылыс, химиялық өнеркәсіп, энергетика салаларында пайдалануға арналған. Осылайша жаңа зауыт ішкі нарық пен таяу шет елдерді сапалы құбыр өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар кәсіпорында 300-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.

Дәнекерленген болат құбырларын шығаратын зауыт жобасын жүзеге асыру Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2014 жылғы кездесуінің қорытындысы бойынша іске асырылды. Сол кездесуде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен CNPC арасында мұнай-газ саласындағы кешенді стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылған-ды.