Қаржы • 11 Сәуір, 2020

Қайтарылмаған несие банк секторына қауіп төндіреді

1006 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Сарапшылар қаржы  секторына ендігі қауіп клиенттен емес, МҚҰ (микро-қаржы ұйымдарынан) төнуі екенін айтып отыр. Қазақстан Қаржыгерлері қауымдастығының  төрағасы Е. Бахмутованың кешегі кездесуі банк жүйесін реформалаудың кезі жеткенін көрсетті.  1 миллионнан астам қазақстандық несие төлеу бойынша негізгі борыш пен сыйақы төлеу мерзімін кейінге қалдыруды сұрап, банктерге өтініш бергені банк секторына алдағы бірер жылда төнетін қауіптің белгісі.  

Қайтарылмаған несие банк секторына қауіп төндіреді

Себебі несиесін төлеуді кейінге шегеруе өтініш берген 1 млн клиент ендігі жерде МҚҰ-ның көмегіне жүгінуі әбден мүмкін. Олардың қаншасының жұмысынан айырылып, үкімет берген 42500 теңгені талғажу етіп  қалғанын біз білмейміз. Олардың банктен алған несиесі 25-30 пайыз болатын. Олар жұмысынан айрылып қалса  МҚҰ көлеміне жүгінеді. МҚҰ пайызы кемінде 70-90 пайыз. Амалының жоқтығынан осыған барған клиенттердің жағдайы «түйені жел шайқасса, ешкіні аспаннан ізде» дегенге көбірек ұқсайды. Халықтың жағдайы көңілінен шықпаса мемлекеттің де тынышы кететінін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрбір мәлімдемесінен байқап жүрміз.

Сарапшылардың алаңдауына себеп бар.  2010 жылдан кейін қазақстандық банктер портфеліндегі тұтынушылық несиелердің үлес салмағы азайған еді. Былтырдан бері бұл бағытта өсім байқалады. 2012 жылы «Банктік және банктік қызмет туралы» заңға өзгертулер енгізіліп, тұтынушыға емес, банктерге ыңғайлы етіп түзетілді. Соның бір тармағы – несиені мұраға қалдыруды заңдастырды. Бірақ бұл елдегі проблемалы несие көлемін қысқартқан жоқ. Соңғы үш жылда жеке тұлғаға несие беру 2,6 трлн теңгеден 5 – 5,5  триллион теңгеге  дейін өскен. Бұл мәліметтер ҰЭМ сайтында жарияланған.

Айтпақшы, біздің елде тек қара тізімге еніп қалған клиенттер базасы бар да, несиенің қайтарылу деңгейі туралы база жоқ. Бұл мәліметтер статистика базасына енбеген. Себебі ортақ жүйе жоқ. Ұлттық банк мұны жекелеген банктердің проблемасы деп таниды. Сарапшылар бұл – қате көзқарас екенін айтады. Жеке тұлғаларға берілетін несиенің артуы бағаның өсуіне және өндірістің даму мүмкіндігінің төмендеуіне соқтыратын тенденция екен. Кеше Қазақстан Қажыгерлері қауымдастығының  төрағасы Е. Бахмутованың бейне конференциясынан соң қаржыгерлермен вебинар жүйесі бойынша өткен жиында осы мәселе сөз болды.

Қаржыгер Ерлан Ибрагимнің  халықаралық талап бойынша, банк капиталының 10 пайызы акционерлердің,   90 пайызы депозит салымдарынан тұруы тиіс. Бірақ, қаржыгердің айтуынша,  бұл заңдылық сақталмайды. Банк акционерлерінің депозиттерінің қайда сақталатыны біздің елде құпия. Банктер банкротқа ұшыраса, қайтарылмаған несиенің бәрін  проблемалы несиелер санатына енгізе салатынына, үкіметтің оны кешіре салатынына   акционерлері әбден сеніп алған. Тұтынушылық несиелендіру көлемінің өскен себебі осы.

Экономист Жарас Ахметов банк үшін халық тек қарыз алушы екенін айтады.  Бұған қаржылық сауаттылығын көтеруге талпынбаған кейбір адамдар да кінәлі. «Бірақ несие берер кезде екі жақ үшін де қарыз беру мен алудың барлық шарты сақталуы қажет. Сақталмаса қиындық туындайды. Біздегі несие беру талаптарының халықаралық шарттардан алшақтап кетуінің басты себебі осы тұста байқалады. Тұрғындар несие алар кезде өзінің құқын білмейді, екінші тарап оны өз мүддесіне пайдаланады» дейді Жарас Ахметов.

Экономист осы ретте 2006 жылдары ипоте­ка­лық несие оңды-солды таратылғанын,  кейбір банктер агрес­сиялы саясат жүргізіп, несие беру тәртібін бұзғанын айтады. Жинаған қо­ры болмаған соң, табы­сының төмендігінен халық несиеге жүгінді. Тұрмыстық қажеттілігін қарыз алып қана қана­ғаттандырды. Бұл құбылыс әлі де байқалады. «Бұл – әлеуметтанушылар зерттеп, үкіметтің назарына ұсынатын тақырып. Қаржылық сауаттылықтары жоғары болса ғана жастардан келешекте жақсы қарыз алушы шығады» дейді Жарас Ахметов.

Оның пайымдауынша, кейбір банк қайтара алмай қалған алашағын жаңа клиент есебінен өндіреді. Ол үшін пайыздық үстемақыны көтереді. Банктен несие берудің үстемақысы орта есеппен 17-25 пайыздың арасы. Мысалы, банк келісімшарт бойынша 17 пайыз­бен несие беріп отыр делік. Бірақ «несиеге қызмет көрсету»  деген тармақта ол сома түрінде көрсетілген.  Несие алушы мұны түсінбейді. Бұл жерде заң бұзылып тұрған жоқ, несие құжат бойынша 10-17 пайыз беріліп тұр. Сырт көз оны алушы мен берушінің арасындағы қатынасы деп қоя салады. Біздің сауатсыздық осыдан келіп туындайды екен. Құжатқа қол қойып біткен кезде  несиенің 35 пайызға көтеріліп кететіні келісімшартта көрсетілмейді. Бірақ жүйелесең, банкке қайтаратын қаржыңды ой елегінен өткізсең бұл фактор алақандағыдай айқын болып шыға келеді.

Сондай-ақ сарапшылар микро қаржы ұйымдарының жауапкершілігі мен клиентпен арадағы байланысы, несие пайызының мөлшері туралы мемлекеттік деңгейде талқылануы тиіс екенін айтады. Себебі биылдан бастап банктер төлем қабілеті төмен клиенттерге несие бермейді. Сондай-ақ  мұндай талап МҚҰ-на енгізілуі тиіс.

Жарас Ахметовтың пайымдауынша, банктер мен МҚҰ-ның қаржылық капиталында айырмашылықтар бар. Біздің елдегі әрбір  МҚҰ-ның қоржыны 350 млрд теңге, ал банктердің қаржылық қоржыны 14,5 трлн теңге. Айырмашылық көрер көзге көрініп тұр,  Бірақ МҚҰ-ның несиелік пайызы 100 пайыздан асып кетеді. Күні ертең қысылған халық амалының жоқтығынан МҚҰ көмегіне жүгінуі әбден мүмкін. Егер, несие  қайтарылмаса, МҚҰ тағы да үкіметтің көмегіне жүгінеді.

«Әлемдік банк тәжірибесінде МҚҰ-ның  банктерге айналғандары аз емес. Керісінше, жағдайы шатқаяқтаған банктер МҚҰ-ға айналады. Бұл екі құрылым бір-бірін жетектеп жүріп өсетін немесе бір-бірін буындырып өлтіретін екі институт. Дені сау қаржы секторын құрамын десек, микро-қаржы ұйымдарының жұмысын ретке келтіретін кез келді» дейді Жарас Ахметов.

АЛМАТЫ