Аймақтар • 13 Сәуір, 2020

Карантиндегі Қарағандыда қалыпты өмір...

725 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Карантиннің құрсауындағы Қарағандыда COVID-19 инфекциясы үйіріп соғып тұр. Бүгіндікке жеткен ақпарат бойынша, өңірде тағы 11 адамның індет жұқтырғаны анықталып, мұндағы ауырғандардың жалпы саны 76-ға жетті...

Бұған қарамастан, облыста пандемиямен күрес бір сәтке де толастаған емес. Коронавирускеқарсы майданның орталық штабы, «Жедел әрекет ету орталығы» күні-түні жұмыс істеп, қолдан келгеннің бәрін жасауда...

Карантиндегі Қарағандыда қалыпты өмір...

Ешкі лақтап, пони құлындады

Қарағандыдағы хайуанаттар бағында будандастырылған ешкі лақтады. Жаңа төлдеген бұл жануар тау ешкісі мен қойды шағылыстырудың нәтижесінде алынған тұқым. Ғалымдар ешкіде 60 хромосом, ал қойда 54 хромосом болатынын айтады.

Сонымен қатар, таяуда мұнда пони да құлындап, хайуанттар бағының қызметкерлерін қуанышқа бөледі. Дүние есігін енді ашқан құлыншақтың салмағы – 9,5 кило, ал бойы 57 см.

Зоологиялық мекеме директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Адамбекова мұндай жағдайдың сегіз жылдан бері алғаш болып тұрғанын айтады. «Қазіргі уақытта құлын ширады, енесінің жанынан бір елі қалмайды», дейді ол.

Бүгінгі күнде хайуанаттар бағының әкімшілігіжаңа туған пони-құлыншаққа ат таңдау үшін онлайн-байқау жариялапты. Мамырдың 1-ші жұлдызына дейін созылатын конкурста жеңімпаз болғанға хайуанаттар бағына тегін билет және жұмсақ пони ойыншақ тарту етіледі екен.

Ө

 

«Президенттің орынбасары» қамалды

Теміртаудағы №1 ауруханада жатқан азамат медицина қызметкерлеріне деген өкпе-ренішін бейнетаспаға түсіріп, оны әлеуметтік желіде таратқан. Шағым иесі өзінің жүрегі ауыратынын, ал дәрігерлер болса оны кардиологияға емес, COVID-19жұқтырғандармен байланыста болғандар жатқан пульмонология бөлімшесіне орналастырғанын айтып, наразылық танытқан.

Бүгінгі күнде әлгі азаматтың шағымына облыстық денсаулық сақтау басқармасы ресми түрде жауап берді. Олардың айтуынша, науқас пульмонологиялық бөлімшеге «пневмония» диагнозымен және COVID-19 жұқтыруы мүмкін деген күдікпен жатқызылған екен.

«Науқас келген күннен кешенді тексеруден өтті, бірақ COVID-19 табылмады. Бірақ ол зертханалық қайта тексеруден өтуден үзілді-кесілді бас тартты... Бұдан бөлек, ол өзін өте дөрекі ұстайды. Дәрігерлерге ыдыс-аяқ лақтырып, оларды балағаттады», дейді ведомство өкілдері.

Науқастың осындай тәртіпсіздіктері үшін дәрігерлер бірнеше мәрте полиция шақыртыпты. Енді ол төтенше жағдай кезінде ауруханада видео түсіргені және медицина қызметкерлерін балағаттағаны үшін жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Мұның алдында осы Теміртауда өзінің«Президенттің орынбасары» екенін айтып, дәрігерге «Еденді неге жумайсыңдар деп зекіп, қоқан-лоққы көрсеткен тағы бір науқас сот шешімімен бес күнге қамалған болатын. «Сіз немене, мен үшін жұмыс істеп жүрсіз бе? Гиппократқа мен үшін ант беріп пе едіңіз? Енді келіп жыламсырап тұрсыз! Жұмыстан кетіңіз!», деп айқайлаған еді ол желіге салған бейне көріністе.

Ғ

 

Түрмедегілердің тартуы

Қарағанды облысындағы АК-159/17 ҚАЖДмекемесі коронавируспен күрес майданына белсенді түрде ат салысуда. Төтенше жағдай кезінде түрмеқызметкерлері әлеуметтік әлжуаз топтар санатына жататын бірнеше отбасына көмек қолын созды.

Бол жолы олар облыс орталығына жақын орналасқан Сангородок елді мекенінің көпбалалы және жалғызлікті отбасыларына азық-түлік үлестірді. АК-159/17 ҚАЖД мекемесінің басшылығы аталған акцияның алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтады.

Бұдан бұрын біз Қарағанды облысындағы түрмелерде медициналық қорғаныш маскаларының тігіле бастағанын хабарлаған болатынбыз. Бұл бетперделер бірінші кезекте блок-бекеттерде күні-түні күзетте тұрған тәртіп сақшылары мен медицина қызметкерлеріне берілетін болады.

Әншейінде «ит пен мысықтай» болып жүретін қылмыскерлер мен полицейлердің өзін «татуластырып» жіберген коронавирустың залымдығында шек жоқ екен...

Ғң