Әдебиет • 13 Сәуір, 2020

Бауыржан Ширмедин. Доп (поэма)

2392 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Бүгін оқырман назарына жас ақын Бауыржан Ширмединнің "Доп" атты сиясы кеппеген жаңа поэмасын белгілі ақын Светқали Нұржанның алғысөзімен ұсынып отырмыз. Аталған шығарма дауасыз нәубет – тәжтажалдың тырнағына іліккен адамзаттың ауыр халін суреттейді. Оқиға қатерлі індеттің ошағы саналатын Ухан қаласында өрбиді. 

Бауыржан Ширмедин. Доп (поэма)

АЛАМАННЫҢ АЛДЫНДА БОЛ, БАУЫРЖАН!

 Мен Бауыржан Ширмединді ең әуелі айтыс ақыны ретінде таныдым. Басына тұмақ, үстіне ішік киіп еңгезердей болып сахнаға шыға келгенде ізінен Шалкиіздің шаңы ілесіп келе жатқандай шалықтап-ақ қаласың. Ал орынтаққа жайғаса салып, көнеліктермен кестелеп, дырау-сарынмен дестелеп жыр төккенде құлағыңа Доспамбеттің дабылы естілгендей аруақтанып сала бересің... Бірақ оның сөз өрнегінен әп дегеннен-ақ «бұл, асылы, жазба ақын шығар?» деп топшыладым. Қателеспеппін, ұзамай оның уытты жырларына  ұшыраса бастадым.

         Енді, міне, сол Бауыржан қазіргі әлмеғайып шешуші сынсағатта поэзияның «ауыр артиллериясын» іске қосыпты. Тұңғыш поэмасын сиясы кеппей маған жолдапты. Тақырыбы тым өзекті. Қазіргі әлемді қалтыратып отырған тажал-індет – тәжвирус туралы. Оқиға да сол індеттің ошағы Ухань қаласында өтеді. Ауру досының добынан дерт жұқтырған ажал аузындағы бала сол досының өзіне деген жүрек-ықыласынан дауа табады. Автор ойы айқын. Мынау рейімсіздіктен, қатыгездіктен, тойымсыздықтан, мігірсіздіктен адамкейпін жоғалта бастаған адамзатқа Жүрек-Тыныштығын іздейтін шақ жетті. Бұл жүмілаға тұтас төнген індет Жаратушы Иенің анық та ашық ескертуі. Адамдар ТЫНЫШТЫҚ үнін естуден қалған. Себебі ол үнді «долларлардың шыртылы, оқ-бомбалардың гүрсілі, көліктердің зуылы, адамдардың шуылы» басып кеткен. Жер – дертті вирусы бар доп сықылды. Оны тек адамұлының адал махаббаты ғана аман алып қала алады! Міне, қазір күллі адам баласы мұқтаж болып отырған осынау келелі ойды ақын образға орап өте шымыр қалыптап, ұтырлы жеткізген.

         Бүгінгі оқырман, бәлкім, қаламгерлер санасы «көлемді шығарманың күні өтті. Уақыт – шапшаң. Бұрынғыдай ірі туындыларды оқып отыруға мүмкіндік жоқ» деген ұғымды киіп алған. Бұл пікірде белгілі дәрежеде шындық та болуы мүмкін. Бірақ қаламгер шын шахқар (шедевр) шығарма жазсыншы, жұрттың қуалап жүріп оқымағанын көрейін! Міне, мен де поштама түн ауа келіп түскен жас ақынның поэмасын бір деммен оқып шықтым. Ұйқым шайдай ашылды. Ашқан – әлемнің тынысын, жер бетіндегі әр адамның жүрек лүпілін тыңдап отырған менен де басқа Ақын бар екенін сезінген сәттегі санамдағы сәулелердің шағылысуы еді...

         1831 жылы Ресейдегі «Болдино обасы» кезінде карантинде жатып Александр Пушкин өте өнімді еңбек етіпті. Үлкен шығармашылық өрлеуді бастан кешкен. Александр Блок 1918-дің қан қақырған қаңтарында «Двенадцать» поэмасын жазып болып: «Менің жүрегім уақыттың тынысымен бірге соғуда!» деп насаттаныпты. Солар сияқты Бауыржан да дәл қазір уақыттың тамыршысы құсап отыр. Әр адамның, әр халықтың, керек болса, күллі адамзаттың өтетін тараң-тін – қаран-түн – карантині болатынын дәл бүгінгі ешкімді алаламай төнген ауыртпалық көзімізге көрсетті. Оны А.Сүлейменов мысалдайтын яхтсмендер бетпе-бет келуге құштар Австралия – Антарктида арасындағы толқыны 11 баллдан асып құтырынатын «ревущие сороковые» меридианына теңейсіз бе, жоқ, өзіміздің Оралханның «сайтан көпіріне» балайсыз ба, өзіңіздің шаруаңыз. Одан қалай өту әркімнің ділдегі мөріне, тілдегі сөзіне, маңдайдағы бағы мен таңдайдағы дағына, одан да ары шүңейттесек, табандағы бұдырына, кәламдағы Қызырына байланысты. Ал біздің Бауыржан жауыны сарқыраған қылдай тар, дауылы жұлқылаған құздай құрдым өткелден сау-саламат өте алды. Ол қасиетті қас-қағым сәт: «Жүрек – жан сарайының алтын құсы» екенін ұққан сәті!.. Бұл АҚИҚАТТЫ тұтас ұлтымыз дер кезінде ұға алса, онда ер мұратының орындалғаны. Ақынның жаңа туындысы осы ҚАСИЕТТІ ІСКЕ қызмет етеді деп үміт етем...

         Пікірімді осы нотада аяқтасам болар еді. Алайда бір ауыз ағалық кеңесімді қоспай кетсем, жанашырлық болмас. Поэманың бірінші шумағының бунақтары тұтас 4-3-4 өлшемімен басталады да екінші шумақтың екінші жолынан бастап 3-4-4 болып өзгеріп кетеді. Шығарма ылғи осылай өріліп отырады. Мұны мен, әрине мін санап отырғаным жоқ. Ол, тіпті, кейбір ақынның табиғатынан тууы да мүмкін. Мысалы, Мұқағали поэзиясы түгел осындай өлшем ойнатулардан тұрады. Ал «сөзінің арасына қыл сыймайтын» (Құланаян Құлмамбет) Есенғали сияқты шайырлардан мұндай мүлтік таппайсың. Мұны жырдың салқар керуеніне қосылған Бауыржан болашақ шығармаларында ескерер деп есептеймін.

        

                                                                  Светқали НҰРЖАН (Айт-Ман).

                                                                  11.04.2020 ж.

                                                                  Ақтау шәрі

                                                                  Маңғыстау уәлаяты.

 

 

  ДОП

 

(поэма)

 

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...»

                                                                  Абай

 

                         І

 

Маған егіз сияқты Ауа мен Нұр,

Маған егіз сияқты Дала мен Гүл.

Самал желді тыңдасаң даладағы,

Тілде сөйлеп тұрғандай бар әлем бір!

 

Тілде сөйлеп тұрғандай бар әлем бір,

Әлемнің айтатыны – Нала мен Жыр!

Сол жырды тыңдап, жылап тұр Қара жер,

Байғұс-ай, не көрмеген Қара Жер бұл?

 

Байғұс-ай не көрмеген Қара Жер бұл?

Үстінде Қара жердің зар әуен жүр!

Әлемнің үнін неге естімейсің,

Әй, Адам!

Алла саған сана бергір!

 

Сен қызыққа қандың ба?

Жоқ, қанбадың!

Естімедің  жаһанның жоқтауларын.

Естіртпеді шыртылы долларлардың,

Естіртпеді гүрсілі оқ, бомбаның!

 

Естіртпеді ұраны замандардың,

Естіртпеді тықылы табандардың.

Естіртпеді зуылы көліктердің,

Естіртпеді шуылы адамдардың.

 

Керек еді ғаламға бір ТЫНЫШТЫҚ!

Керек еді адамға бір ТЫНЫШТЫҚ!

ХХІ ғасырда  келген індет,

Дүниені тастады тым-тырыс қып.

 

Бұл тыныштық – Әлемнің үндегені,

Бұл тыныштық – Ананың мұңды өлеңі!

Тыңдашы! Түсіндің бе бірдеңені?

Айт! Кім не деді?

1 

ІІ

Қытай. Ухань.

Таң бозы. Салқын ауа.

Күнмен бірге оянды жарты қала.

Сәлден кейін Уханьның көшесімен,

Ағады өмір деген сарқырама.

 

Күн шығады. Қайтадан батады күн,

Күн – шамы ғой адамзат сапарының!

Оян, оян күнменен сапарға шық,

Бұл – ұлы заңы Ухань шаһарының!

 

Мүмкіндік жоқ бір таңды қайталауға,

Тұрсын, шықсын сапарға!

Айт адамға!

Арманы мен үмітін дөңгелек қып,

Барады бір шал теуіп шайтанарба.

 

Асықпай, баяу ағып арнаменен,

Шал қайда кетті шайтанарбаменен?

Ол өмірдің соңына бара жатыр,

Жүр дейсің басқа қандай шаруаменен?

 

Қаланың басталады шуы жылдам,

Шудың да ән екенін кім ұғынған?

Тұсынан Фу ағайдың кафесінің

Жылан иісі шығады қуырылған.

 

Кімдерден қалмаған бұл дәурен, өмір?

Бала-дәурен!

Елеңдеп, әрнеге бір,

Қос қолын қанат қылып, алып-ұшып,

Досына келе жатыр Чан деген ұл.

 

Екі дос, бөліседі барын олар,

Екеуі де достыққа анық адал.

Кеше екеуі ойнаған күні бойы,

Бүгінге де дәл сондай уағда бар.

 

Оны бұзса, осал деп санамай ма?

Үйі тұр Тао достың анадайда,

Чан барып дос үйінің қақты есігін,

– Апа, сәлеметсіз бе? Тао қайда?

 

Чанды көріп жылады дос анасы,

– Бірдеңе болып қалды-ау, о, шамасы?!

Байғұс ана солқылдап жылағанда,

Босады дос үйінің босағасы.

 

– Ұлым суық тигізді-ау, аңдамады-ау,

Түнімен қызды. Бойы жанған алау.

Таң ата «Жедел жәрдем» алып кетті,

Досыңның хәлі ауыр!

Чан балам-ау!

 

– Хәлі ауыр?!

Чан түк те түсінбеді,

Бір суық тоңдырады ішінде оны.

Бірақ, бірақ еңсесін түсірмеді,

Себебі достық заңы күшінде еді.

 

– Сөзімді тыңдаңызшы енді менің,

Апа!

Мен жақсылыққа сендіремін.

Қорықпаңыз, балаңыз жазылады,

Біздің Тао мықты ғой!

Мен білемін!

– Айтқаның келсін сенің, еу, жүрегім!

 

Бірақ өзі жоқтады оны қатты,

Дос жанына досының жоғы батты.

Дәліздің бұрышында жалғызсырап,

Таоның қызыл түсті добы жатты.

 

Сол күні бұлт аспанды сәндеген жоқ,

Күнде де күндегідей сәулелер жоқ!

Үрпиіп, үй жақтағы орындықта

Кешке дейін отырды Чан менен доп.

 

Допқа сенің жоғың да, барың да бір,

Добың бар да, досың жоқ!

Ауыр ма? Ауыр!

Қытайдың бас арнасы ССTV

cөйледі:

– Ухань-вирус! Дабыл! Дабыл!

 

Вирус түгел қаланы жауып қалды,

Сақтау керек ел-жұртты, халықтарды!

Дәрігер Ли Вынлянь дәл айтыпты:

«495 адам анықталды! »

 

Естіп Чанның өзгерді сүреңі де,

Біреу қанжар тыққандай жүрегіне.

– 495 адам жұқтырыпты! –

Тао досым солардың біреуі ме?

2

III

Арада өтті екі-үш күн арасы,

Ақ қырау «Сары тырна мұнарасы».

Шатырынан тамшылар тырс-тырс тамды,

О, мұнара!

Өтінем, жыламашы!

 

Күн шықты. Халық әлі оянбаған!

Вирус жүр тағдырларға тоя алмаған.

Бәрі – сұп-сұр!

Салынып сұр матаға,

Ухань сурет сияқты боялмаған!

 

Мына өмір киномен шамалас па?

Иә, иә!

Қазір бұл қала – басқа!

Бұл қалада өмірдің үш түсі бар:

Аппақ маска. Көк маска. Қара маска.

 

Ухань сондай.

Сап-салқын. Сұп-сұр! Бөтен!

Қалам! Сен де ауырып тұрсың ба екен?

Көшеңменен жүруге бата алмадым,

Жүрсем,

Жан-жүрегіңді дүрсілдетем!

 

О, Хубэй провинциясы! Тылсым мекен!

Өтірік пе, жоқ әлде бұл шын ба екен?

Ішектей боп тартылған көпірлер-ай,

Барсам, баньху сияқты сыңсыр ма екен?

 

Хуанхэ, Янцзы – жүрегі бір су ма екен?

Кәнизактар болған ба?

Былшыл ма екен?

Түйреуіші жарқырап шашындағы,

Тұрған арғы беттегі кімсің, көкем?

 3

                         IV

 

Келді COVID – 19. Саудырадық!

Вирус өте қатерлі алды бағыт!

Ақ киімді кісілер үш күннен соң,

Кеткен еді үйінен Чанды да алып.

 

Вирус Чанға жеткізді ұзын қолын,

Бала дертті.

Қызыл шоқ жүзінде оның.

Мүмкін, оған бұл вирус жұқпас еді,

Досының ұстамаса қызыл добын.

 

Тағдырдың тар бүйірден қысқаны ма?

Бұл деген түсініксіз іс тағы да.

Чан допта вирус барын білмеді ме,

Жоқ әлде біліп тұрып ұстады ма?

 

Білмейміз, достық әлде дерт ала ма?!

Достық – серт!

Ал аттаған серт оңа ма?

Кіріп келе жатты ол зембілменен,

Жан досы Тао жатқан емханаға.

 

Тао қазір қауіптен алыс күйде,

Оңалып келе жатыр дәрі ішпей де.

Дәлізден дәрігерлер өтіп кетті,

Арба.

Оның үстінде таныс бейне.

 

– Құдай-ай! Чан болмасын! Чан болмасын!

Алаңдайды қимасы бар болғасын.

Амал не, көрді астынан аппараттың,

Өзінің бірге ойнаған жан жолдасын!

 

– Досым-ау, не болғаның, сенің мұның?..

Шаршатты ма денің сау керім күнің?

Бұл дерттің дауасы жоқ!

Табылмаған,

Болса да небір ғалым, небір ғылым!

 

Вирус – тажал, дию-дерт, беті қара,

Жаздапты қос ғұмырға жетіп ала.

Сұм ажалдың қабылдау бөлмесінде,

Тұрды солай екі дос, екі бала!

 

Жылайды Тао:

– Досым, бұл қалай? – деп,

Чан солған. Келбетінде нұрлы арай жоқ.

Екі өкпе демалтпайды, ішінде оның

толып тұрған сияқты сынған әйнек.

 

– Тао, досым! Налыма, налыма, біз...

Біз тек достық заңына бағынамыз!

Біздер – доспыз! Екеуіміз бірге ойнадық,

Ауырсақ та біз бірге ауырамыз!

 

Чанның байғұс өкпесі сырылдады,

Аппараттың экраны құбылмалы,

Бір сызыққа айналып бір-ақ сәтте,

Шыңылдады...

 

Бір сызық үміт пе екен үзілмеген?

Дәрігер келді, қолда тізімменен,

Сол тізімде есімі Чан Хуаньның,

Белгіленіп тұр екен қызылменен.

 

Жүрек – жан сарайының алтын құсы,

Сәби-жүрек!

Тоқтадың, ал, тыншышы!

Бүгін 195 жан көзін жұмды,

Ал Чан Хуань – жүз тоқсан алтыншысы!

 

Таоның іші қайғы, сырты қайғы,

Жанары жас жуғасын жылтырайды.

– Тұршы, досым! Ояншы, ояншы енді...

Мен сені жақсы көрем...

Жұлқылайды.

 

Білмеймін қандай күшпен сиқырлады?

Экранның жүгіріп цифрлары,

Чанның сәби жүрегі қайта соқты,

Аппарат шиқылдады...

 

– Мен қандай ауру-дертпен белдеспедім?

Сиқырласам, ажалды жеңбес пе едім?

Досың сенің қайтадан тірілді ғой,

Әй, бала!

Сен не істедің!?

Сен не істедің!?

 

– Дәрігер!

Жар болды ғой жасағаным!

Қуаныштан көзіме жас аламын!

Досыма айттым жақсы көремін деп,

Мен басқа ештеңе де жасамадым!

 4

                            V

 

Аспанның ақ кеудесін қаққа жарып,

Күншығыстан келеді қап-қара бұлт.

Күншығыстан келеді қара айдаһар,

Айдаһар қонады қай жаққа барып!?

 

Бұл бұлт – крематорийдан шыққан түтін!

Тура келген ажалдан құтқарды кім?

Қызыл оттың өңеші Уханьдағы,

Төрт мың жанның денесін жұтқан бүтін.

 

Жер-жаһанға тигізіп жалай заһар,

Келеді көкпен ұшып қара айдаһар...

Күннің бетін бұлт емес, түтін жапса,

Азия таңың қалай арайлы атар?

 

Айдаһар келеді удың жайып бәрін,

Еуропа!

Удан мүмкін айықпауың,

Италия жылайды ағыл-тегіл,

Жас тербейді Венеция қайықтарын.

 

Ұлы Рим!

Ұлы деген атың қайда?

Кешегі гладиатор – батыр қайда?

Колизейдің ішінен атып шығып,

Тажалды жекпе-жекке шақырмай ма?

 

Улы дем АҚШ-ты да селдіреткен,

Келе ме Вашингтонға енді көктем?

Вирусты тоқтатып көр автоматпен,

Тоқтатып көр, ұшақпен, зеңбірекпен.

 

Тұншықтырды Әлемді тұмылдырық,

Қағба бос. Қайда кеткен бұрынғы жұрт?

«Аллам, кешір!»

Жылайды сұлу жігіт,

Әл-Харамның еденін жуып жүріп.

 5

     VI

 

Төрдегі теледидар темір жақты,

Әлем жаңалықтарын беріп жатты:

Сенсация! Қытайлық бір дәрігер,

Короновирустың емін тапты!

 

Жаһан көзін TV-дан алмайды әлі,

– Тоқтайды ма тажалдың қан майданы?

Коронавирус қалай жойылады?

Дауасы бұл вирустың қандай дәрі?

 

Мінбеден бір дәрігер көрінеді.

Жүзінен жап-жарық нұр төгіледі.

– Иә, иә, вирустың емін таптым!

О, әлем!

Жақсы көру – оның емі!

 

Сілтідей тынып қалды бүкіл ғалам...

Сатырлаған, дыбыс жоқ сықырлаған.

Тоқтады дүниенің дөңгелегі,

Тоқтады сағат тілі тықылдаған..

 

«Құлақ салсын дүние, ғалам маған!

Құлақ салсын уақыт пен заман маған!

Күллі адамзат – қылмыскер!

Қылмысы сол –

жақсы көрмей кетіпті адамды адам!

 

Біздер жақсы көрмейміз!

Бұл – қате емес!

Біз – адамбыз, жаны жоқ бір зат емес!

Адамға адам керек шығар, иә,

Бірақ адам адамға қымбат емес.

 

Өзімізге өзіміз байқалмаймыз,

Жанымызға жан емес, жай таңдаймыз,

Жақсы көрдік байлығын, мүмкін түрін,

Ал адамды?

Иә! – деп айта алмаймыз!

 

Жақсы көрмеу – жандардың барша мұңы,

Шіркін, адам түсіне алса мұны!?

Вируспенен ауырды миллиондар,

Жазылмай, өліп кетті қанша мыңы?

 

Дәрі – дауа?

Емес қой бұл да талап!

Өлді дейсің дәріге кім қаталап?

Оларға жетіспеді – бір жылы сөз,

Оларға жетіспеді – шын махаббат!

 

Жаңбыр шөлін басады жер құрғаса,

Гүл билейді жалауын жел бұлғаса.

Жақсы көру – ұлы ерлік, ұлы сезім!

Ей, Адамзат!

Жақсы көр!

Ерлік жаса!»

 6

                           VII

 

Жап-жас болып кеткендей кәрі ғалам,

Дауыстар естіледі жадыраған:

– Мен сені жақсы көрем, жаным ұлым,

– Мен сені жақсы көрем, жаным анам!

 

Тыныштық жоқ қалада не далада,

Кернейді жердің бетін өлең – ода!

– Мен сені жақсы көрем, о, адамзат,

– Мен сені жақсы көрем, о, Жер-ана!

 

Вирус кеткен.

У да шу бар айналам,

Сондай өмір ырғағын қалайды адам.

Жер шары да дөңгелеп бара жатыр,

Доп секілді Тао мен Чан ойнаған...

8

 

 

05 – 08 сәуір. 2020 жыл

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

ақын, журналист,

Батыс Қазақстан облысы,

Сырым ауданы