Аймақтар • 14 Сәуір, 2020

Карантин кедергі емес

251 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 126 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Жалпы 2020 жылы 370 млрд теңге игеріліп, 1600 адам жұмыспен қамтылатын 102 жобаны іске қосу жоспарланған. «Карантинге қарамастан біздің ойға алған жобаларымыз жоспар бойынша жүзеге асып жатыр» дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.

Карантин кедергі емес

– Өткен жылдың қорытын­дысын жасаған кезде өңір басшысы Ғали Есқалиев 2020 жылы өңірдегі басты экономикалық бағыт – инвестиция тарту болатынын айтқан болатын. Әрине әлемдік пандемия мен коронавируске байланысты енгізілген төтенше жағдайдың өзіндік әсері бар. Бірақ мемлекеттік бағ­дар­ламаларды іске асыру ая­сын­да негізгі назар Президент тап­сырмасы – инвестициялық ахуалды жақсарту, инвестиция тарту, импорт алмастыруды да­мыту, бәсекеге қабілеттілікті арт­­тыру және жаңа жұмыс орын­­дарын құру мәселесіне бағыт­талған, – дейді әкімнің орынбасары.

Әкімдік жанында инвести­ция тарту, инвестициялық ахуал­­ды жақсарту және экспорт­ты жылжыту жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Бұл кеңес 2019 жылы 5 отырыс өткізсе, биыл жыл басынан бері 2 отырысын өткізді. Осы кезеңде барлығы 18 жоба қолдауға ие болған. Өңірде соңғы 3 жылда негізгі капиталға салынған ин­вес­тиция көлемі 401,6-дан 584 млрд теңгеге дейін өсті, яғни 1,5 есе артты. Әрине инвес­тицияның негізгі үлесі – 70%-ы тау-кен өндірісіне келеді.

– Біз 2020 жылды қарқын­ды бастадық, 2 айдың қорытын­дысы бойынша негізгі капитал­ға са­лынған инвестиция көлемі 3 есе артып, 102,6 млрд теңгені құ­рады. Карантин әсері шағын бизнеске тигенімен, облыс­тағы ірі және орта жобалар тоқта­ған жоқ. Бәрі жоспардағыдай даму­да. Әкімдік тарапынан кәсіп­керлерге барынша көмек жасалып жатыр, – дейді М.Манкеев.

Өңір экономикасына құ­йылған инвестиция ішінде негіз­гі капиталға салынған шетелдік инвестицияның үлесі 91,3%-ды құрайды. Батыс Қазақстан облысы негізгі капиталға салын­ған инвестициялардың жалпы көлеміндегі шетелдік инвестиция үлесі бойынша республикада 1-орын алады.

Жасыратыны жоқ, әкімдік өңірдегі ірі жобаларға көбірек көңіл бөледі. Өйткені әр ірі жобаның айналасына кластерлік орта пайда болады. Яғни ірі жобаларда жұмыс орны саны көп әрі ол жобаның қасында жанама жұмыс істейтін шағын және орта бизнес нысаны көбе­йеді. Сондықтан әкім­дік­тің апталық кеңесінде ірі жоба­лардың орындалу барысы үнемі талқыланып, бөлек қарастырылып отырады. Осы­ның нәтижесінде 2019 жы­лы өңірде құны 354,2 млрд тең­геге бағаланған 10 ірі жоба пай­далануға берілген.

Жалпы, бүгінде облыста жалпы құны 2,4 трлн теңге болатын 126 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл жаңадан 2 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бер­ді. Соның ішінде биыл 370 млрд теңге игеріліп, 1600 адамға жұмыс беретін 102 жоба іске қосылмақ.

– Бұл жобалардың ішінде «Күбілей» компаниясының құны 700 млн теңге болатын тері өңдеу цехы, Орал жылыжай комбинатының құны 7 млрд теңге болатын жылыжай кешені жақында жұмысын бастайды, – дейді М.Манкеев.

Бұған қоса Орал трансформатор зауыты трансформаторлар үшін панельдік радиаторлар өндірісін биыл іске қосады. Бұл жобаға 4 млрд теңге инвестиция құйылған. «Квант» ЖШС-ның 2 млрд теңге көлемінде инвестиция салған жиһаз фабрикасы да биыл кіріседі. Ал Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланд 425 млрд теңге көлемінде инвестиция құйған Қарашығанақ қайта өңдеу кешенінің газына өндіріс шектеулерін жою жобасы 2021 жылы жүзеге асады. Мұның бәрі өңірдің екінші тынысын ашып, экономиканы жаңа белеске шығарады деген сенім бар.

Облысқа инвестиция тарту және ірі жобаларды жүзеге асыру үшін Теректі ауданындағы Ақсуат стансасында 281 га жер бөлініп, индустриялық аймақ құру жоспарланған. Аймақ­тың техникалық-экономикалық негіз­демесі, жобалық-смета­лық құжаттамасы әзір. Жоба­ға мемлекеттік сараптама жүр­гізілді. Сонымен қатар биыл бұл жерде 1,7 миллиард теңге­ге инф­ра­құрылым жүргізу мақұлданды.

Индустрияландыру картасы өңірде өңдеу өнеркәсібін да­мытуға бағытталған. «Биз­нес­тің жол картасы-2025» бағ­дар­­ламасы аясында 947 кә­сіп­кер­дің жобасына мемле­кеттік қол­дау шаралары жасалып, жалпы көлемі 124,2 млрд теңгеге несие мен инфрақұрылым қам­тыл­ған. Бүгінгі таңда несие сомасы 1 713 млн теңге болатын 55 жаңа жобаның пайыздық мөл­­шер­лемесін субсидиялау ма­құл­­­данды, төлемдер 220,6 млн тең­гені құрады. Бұл – үлкен көмек.

– Өткен жылы «қарапайым заттар экономикасын» дамыту жөніндегі жоба іске қосылды, бұл бағдарламаны іске асыру­дағы кедергілерді жедел анық­тау және жою мақсатында жоба­­­лық кеңсе құрылды. Оның құра­мына жергілікті атқа­ру орындары, «Даму» АҚ, кәсіп­кер­лік қауым­дастық өкіл­дері кірді. Жо­ба­лық кеңсе бизнес-жос­пар­ды әзірлеуден бас­тап қар­жылан­дыруға дейін сүйе­мел­деуді жүзеге асырады, жоба­лардың тұрақты мони­торингін жүргізеді, – дейді әкім орынбасары.

Жобалық кеңсе бүгінде жалпы құны 27,7 млрд теңге болатын 196 жобаны қадағалап отыр. Соның ішінде 8,8 млрд теңгелік 139 жоба мақұлданды. Тағы 3,7 млрд теңге көлеміндегі 37 жоба қаралу үстінде.

Әдетте кез келген эконо­мика­лық дағдарыстың «жатырында» жаңа өрлеу, тың серпі­лістің «ұрығы» дами бастайды. Бұл үшін экономиканың алғы­шарттары дұрыс жасалуы, дамудың іргетасы дұрыс қала­нуы керек. Батыс Қазақстан өңірінде осыған көңіл бөлініп жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы