Экономика • 15 Сәуір, 2020

Көкөніс экспортына пандемияның кесірі тие ме?

191 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Көрші елдер немесе облыстар арасында ғана емес, іргелес ауданға қатынастың өзін қиындата түскен коронавирустың кесірі көктем шыға үйде отырмайтын диқан қауымға да тиюде. Ерте пісетін дақылдардың басым бөлігін экспортқа шығаратын түркістандық шаруалар үшін шекарадан өту мәселесі өзекті болып отыр. Сондай-ақ көрші өзбек ағайынмен бәсекелестік бағаға кері әсер ете ме деген қауіп те диқанның дегбірін қашыруда. Диқандардың алаңдауына себеп те жоқ емес.

Көкөніс экспортына пандемияның кесірі тие ме?

Түркістан облысында агро­өнер­кәсіп кешенінде еңбек өнім­ділігін арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның тиімділігіне былтыр көзі жеткен шаруалар биыл да қызу іске кіріскен-ді. Яғни биыл бір алқаптан 2-3 өнім алу бойынша 4,2 мың гектар аумақта 1587 жоба іске асырыла бас­тады. Ауыл шаруашылығы бас­қармасының деректеріне жүгінсек, қазір аталған жоба бо­йынша 3,5 мың гектарда 1273 шаруа қожалық ерте пісетін көкөніс дақылдарының өнімін жинауға кіріскен. Сонымен қатар облыс­та 1,1 мың гектар жылыжайдың 0,21 мың гектарына қияр, 0,53 мың гектарына қызанақ егіліп, бүгінге 0,5 мың тонна өнім жиналған. Өнім алу жалғасуда. Ал ерте пісетін қырыққабат 8 мың гектарға егілген. Диқан қауымды мазалап отырған да осы қырыққабат, яғни орамжапырақ өнімін өткізу мәселесі. Өңірде сәуір-мамыр айларында 300 мың тоннаға жуық қырыққабат жинау жоспарланған. Оның 50 мың тоннасын өзге өңірлерге, 250 мың тоннаны Ресейге сату көзделген. Бұл орайда ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов әкімдік тарапынан өнім өткізу нарықтарын айқындау мақсатында барлық облыс әкімдіктерімен меморандумға қол қойылғанын айтып отыр. Сонымен қатар қабылданған карантиндік шараларға байланысты тез бұзылатын өнімді блок-бекеттерден кедергісіз тасымалдау мақсатында «#BizBirgemiz Түркістан облысы азық-түлік өнімдері» атты логотип ұйымдастырылып, әрбір жүк көлігі фитосанитарлық және карантиндік сертификаттар­мен қамтамасыз етілмек. Яғни, арнайы логотипі бар көліктердің блок-бекеттерде кедергісіз өтуіне мүмкіндік туады. Басқарма бас­шысының мәлімдеуінше, қазір Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан орамжапырақ өнімінің экспортына қойылған шектеу алынып тасталған.

Шектеуге қатысты хабарды кей шаруалар кеш естіген немесе түсінбеген секілді. Олай дейтініміз, жақында мақта­арал­дық диқандардың бір тобы әлеуметтік желі арқылы өнім­дерін экспортқа өткізе алмайтынын айтып, дабыл қаққан бола­тын. Олардың жанайқайын түсі­нуге де болады. Көктемгі жұмыс­ты ақпан айынан бастайтын Мақтаарал ауданында 61 мың гектарға жуық егістік жер бар. Жыл басынан бері 3655 гектар жерге бақша, 619 гектар­ға жоңышқа, 392,5 гектарға көкөніс, 55 гектарға бидай, 50 гектар жерге күнбағыс егіп, алғашқы өнімін ала бастаған шаруа қожалықтары да аз емес. Жалпы, мақтааралдықтар көк­өністі, соның ішінде қырық­қабат дақылын қаңтардың ортасынан бастап егеді. Ауданға қарасты Жамбыл, Мақтаарал ауылдық округтерінің диқандары алғашқы өнімін жинап, 59 тонна қырыққабатты ішкі нарыққа шығарған. Ал 1-2 аптаның ішінде бұл дақыл жаппай пісе бастайды. Міне, сол өнімді шекарадан өткізу жағына алаңдаған мақтааралдық диқандар дабыл қаққан болатын. Олардың жанайқайына Ауыл шаруашылығы министр­лігі жауап та берді. Министр­лік қырыққабатты алыс-жақын шетелдерге экспорттауды тоқ­та­ту­ды жоспарламады және ты­йым салмады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі. Осы мәлімдемені кей­бір фермерлердің ресми дерек­көздердегі ақпаратпен таныс­пауына немесе оны дұрыс түсінбеуіне, сондай-ақ әлеу­меттік желілерде қате, кейде әдейі жалған ақпараттың таралуы­на байланысты ресми түрде жасағанын жеткізді. «Орам­жапырақты экспорттауға, соның ішінде Ресей Федерациясының аумағына да экспорттауға рұқсат етілген. Алайда, Қазақстанда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты ағымдағы жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы әлеуметтік маңызы бар тауарлардың жетіспеушілігіне жол бермеуді және халықты азық-түліктің жеткілікті көлемімен үздіксіз қамтамасыз ету үшін оның төмендетілмейтін қорын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігі кейбір азық-түлік тауарларының экспортын реттеу туралы ереже енгізді. Оның қатарына орамжапырақ, түс­ті орамжапырақ, жапырақты орамжапырақ, кольраби және басқа да Brassica тектес осыған ұқсас жеуге жарамды көкөністер кірді. Жалған ақпараттың одан әрі таралмауы үшін Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі орам­жапырақты шетелге квота бо­йынша экспорттауға рұқсат етілгенін ресми хабарлайды. Ведомствоның барлық тиісті хабар­ландыруы мен құжаттары сайтта жарияланған», делінген министрлік хабарламасында.

Басқармадағылар шектеу алы­нып тасталды дегенін жоға­ры­да айттық, ал министрлік квота бойынша экспорттауға рұқсат етілгенін хабарлап отыр. Шаруалар дәл осы квотаның министрлік орамжапырақ, ал жергілікті диқандар қырыққабат атайтын өнімге қажеті жоқ деп есептейді. «Иә алғашқы кездері экспортқа қатысты дау-дамай болды. Қазір мәселе анықтала бастады. Негізі қырыққабатқа квотаның қажеті жоқ. Өйт­кені елімізде бұл аз тұтынылады, қазекем капустаны көп жемейтіні мәлім. Ішкі қажеттілік артығымен қамтылады. Сондықтан да шетелге квотамен шығаруға қажет­тілік те жоқ. Өз шаруашылы­ғым бойынша айтсам, Ресей­мен келісімшартымыз бар. Яғни экспортқа өткізуде қиындық туындамайды деген ойдамын. Тек баға төмендемесін деңіз. Бұл орайда көрші өзбек елінің диқандары алдымызды орап кетуі мүмкін. Сондықтан Үкіметтен осы көрші елдің өнімдеріне шектеу қоюды сұранар едік», дейді Мақтаарал ауданындағы «Бегім» шаруа қожалығының төрағасы Бегімхан Ділдәбеков. Бағаның төмендемеуін «Сабыр» шаруа қожалығының төраға­сы Шағыр Көшербаев та тілеп отыр. Былтыр жақсы табыс тапқан аудан диқандары биыл қырыққабаттың аумағын ұлғайта түскен. Аз күннен соң өнім жинауға кірісетін шаруа қожалығы 12,2 гектардан 1 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. «Биыл ауа райы да қолайлы болып, өнім жақсы шықты. Ендігі мәселе сол өнімді өткізуде болып тұр. Қазіргі төтенше жағдайда еліміздегі мейрамханалар мен дәмханалардан сұраныс азайды. Қазақтың бұл көкөністі аз тұтынатыны және бар. Негізгі тұтынушымыз – Ресей. Өткен жылы килосын 160 теңгеден саттық, орташа баға 125 теңгеден болды. Биыл баға төмендесе шаруалар шығынын ақтай алмайды. Бір гектарға жалпы шығын 1,5 млн теңге төңірегінде. Осы қырыққабаттан түскен қаржыға диқандар екінші өнім алу үшін қауын-қарбыз егетін болады. Бүгінде шаруалар шығынды ақтай алмаймыз ба деп, көңілі пәс, жұмысқа деген ынталары да бұрынғыдай болмай қалды. Біздің жергілікті әкімдіктерден, Үкіметтен сұрайтынымыз – өнімді өткізуде, экспортқа шы­ғаруда блок-бекеттерде кедер­гі болмаса. Ресейдің түкпір-түкпіріне апаруға мүмкіндік жасалса жөн болар еді. Диқан қалап отырған тағы бір өзекті мәселе – шектеуді Өзбекстаннан келетін көкөністерге қою қажет», дейді Шағыр Көшербаев.

Иә, шаруалар қаржылай көмек сұрап отырған жоқ, коро­навирустың кесірінен өнім­дерін бұған дейін сұраныс азаймаған көрші елге жеткізе алмаймыз ба деп алаңдаулы. Сондай-ақ бүгінгідей барыс-келіс шектелген жағдайда індет жұқтыр­мау да маңызды және солтүстік көр­шімізде қырыққабатқа сұра­ныстың қандай деңгейде болатыны да беймәлім.

 

Түркістан облысы

 

Соңғы жаңалықтар

Оқырман ойы: Игі істің дәнекері

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:40

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Етжеңді» жобасы қалай өмірге келді?

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:30

Халық аңсаған хаттар

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:25

Қара шаңырақтың қасиеті

Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:20