Спорт • 15 Сәуір, 2020

Абылайхан дәстүрді жалғастыра ма?

325 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Токио Олимпиадасына баратын отан­дық боксшылардың лицензиясы тү­гелденді. Енді алаңсыз дайындалуға бо­лады. Ерназардың сегізі бөлек те, Ер Төс­тігі бөлек демекші, ерлер арасында бокс­тан сегіз салмақ болғаны­мен, оның ішінде салмақтың да салмағы бар. Қазақ боксындағы Ер Төстіктердің өткен Олим­пиадалардағы ойын өрнегіне көз жүгірт­кен едік...

Абылайхан дәстүрді жалғастыра ма?

Осыдан 16 жыл бұрынғы Олимпиада құдды алыптар айқасы іспетті. Ресейлік комментатор қазақ боксшысынан гөрі қар­сыласына бұра тартатын тәрізді. Оның да өзіндік сыры бар, жартылай финалда біздің боксшы ресейлік былғары қолғап шеберінің атақ-даңқынан қаймықпай, шеберлігін танытты. Алаштың өрені Олег Саитовты Олимпиаданың үш дүркін чемпионы болу мүмкіндігінен айырды...

Афинаға беймәлім боксшы санатында аттанған оғыланның желі оңынан тұрды. Бақтияр кубалық Лоренцо Арагонға ақтық кездесуде бас көтертпеді. Стивенсонның ізбасары қанша жерден екіленіп алға ұм­тыл­ғанымен, қарсыласының қауқарлы соқ­қысына қарсы қайрат ете алмады. Ар­таев­тың асығы алшысынан түсті. Алтын ме­­даль Қазақстан қоржынында! Оған қоса Олим­пиаданың ең үздік боксшысына бе­рілетін Вэл Баркер кубогын иеленгені тағы бар! Бұл – 2004 жылы ежелгі Эллада елінде өткен Олимпия ойындары еді....

2008 жыл. Бейжің Олимпиадасы. Финал­дық жекпе-жек. Рингтің қарсы бұрышында Кубаның үкілеген үміті. Біздің жігіт сериялы соққылар жасайды. Кубалық Карлос Бантеур соққысы ауа қармап жатыр, қарсыласы оң жа­ғына бір, сол жағына бір жалт-жұлт етіп шыға келеді.

Төрт раунд бойы Карлос әбден діңкеледі. Жылдар бойына шегіне жеткен төзім тиегі ағытылып, бүгін кубалық боксшыға соқ­қы болып жауып жатқандай. Қазақ бокс­шысы соққыны үсті-үстіне төпелей түседі. Есеп 18:9 Бақыттың бенефисі еді бұл. Бей­жің­де Сәрсекбаев теңдессіз боксшы екенін дәлел­деп, қазақ әнұраны көкте қалықтады!

Қанша мықты болсаң да, жарыс өтіп жатқан елдің өренімен сайысқа түскенде «Қалай болар екен?» деген күмән-күдіктің бойыңды билейтіні бар. 2012 жылы Лон­донда да дәл сондай күйде болдық. Ақтық сында біздің боксшының шөбі Фредди Эвансқа түсуін неге жорырымызды білмедік. «Тәуекел! Алып шығады!».

«Фредди» деген дауыс залда жаңғырып тұрды. Қарсыластың мысын басатындай қалың жұрт. Бірақ Серік Сәпиев өзіне нық сенімді. Оң қолымен қарсыласын түрткілейді де, сол қолымен соққы жасайды. Аяғымен ер­­кін қимылдап, рингтің ортасын ойқастап жүр.

Бастан-аяқ басты рөлде ойнаған біздің оғылан Эвансқа еш мүмкіндік берген жоқ. Шабуылды сайыстың соңына дейін әсте бәсеңдетпеді. Ағылшын боксшысы қорға­нумен әлек. Жеңісті жұлып алу деген осы болар. Нағыз жеңімпаз. Тұманды Альбион алтын тұғырға көтерілген Серік сынды Алаш­тың айбынды ұлына қол соқты. Осымен екінші мәрте Алаш баласы Вэл Баркер кубогын иеленді!

«Біздің Әлімханмен сөз таластыратын орыстан да ұл туыпты-ау» демекші, соңғы кездері өзбек боксшылары да Олимпиаданың ақтық сынында өнер көрсетіп жүр. Әсіресе 2016 жылы Риода өзбек боксшыларының мерейі үстем болды. Бірақ біздің салмақта емес!..

Данияр жылдамдығының арқасында жеңіске жетті. Шахрам Гиясов ышқына ұм­тылғанымен, соққысын дарыта алмай жүр. Керісінше біздің боксшы қарсыласына дәл соққымен жауап береді. Біресе оң жағынан, біресе сол жағынан сытылып шыға келеді. Бір қарағанда Гиясов жиі шабуылдағандай болғанымен, дөп тиген соққысы сирек. Даниярдың шапшаңдығынан Шахрамның сілікпесін шығып, ашу-ызаға бой алдырды. Сөйтіп жеңіліске ұшырады. Жеңіс Елеусіновтің еншісінде!

Төрт Олимпиада, төрт алтын! Әлемде «қазақтың салмағы» аталып кеткен 69 килода жеңімпаздар дәстүрі Токиода – бесінші Олимпиадада жалғасын таба ма? Әрине Абылайхан Жүсіпов лицензияны жеңіп алды. Жауапкершілікті арқалай ала ма? Қазір кәсіби рингте атой салып жүрген Садриддин Ахмедовті құрама бапкерлері әуесқой бокспен ерте қоштастырған жоқ па? Асланбек Шымбергеновтің де шамырқанып тұрған шағы емес пе? Таңдау кімге түседі? Бапкерлер бұра тартып, «қазақ салмағының» киесіне ұшырап жүрмесе екен...