«Бұл – біздің ана тіліміз. Осы тіл арқылы кез келген жерде, кез келген қашықтыққа қарамастан сөйлесіп, бір-бірімізді қиналмай түсінеміз», дейді сай-саланың арасындағы ауыл тұрғындары. Бүгінде 10 мыңдай адам меңгерген бұл тіл ЮНЕСКО-ның мұралар тізіміне енгізіліп, мектептер мен университеттерде сабақ ретінде оқытылып, жыл сайын дәстүрлі түрде фестиваль өткізіледі екен.
Құс тілі туралы неге айтып отырмыз? Бәлкім, біздің бабаларымыз да бағзыда құс тілінде сөйлескен шығар. Бала кезімізде ата-әжелеріміз: «Балалар, ысқыруға болмайды, жел шақырасыңдар» деп тыйым салса да, ауылдағы қарасирақтар бір-бірімізді ысқырық арқылы танып, ысқырық арқылы табушы едік. Қазіргі балалар ысқырықтың не екенін біле ме екен, өзі?!
«...Ағаштың бәрі олар үшін тал, гүлдің бәрі бір гүл»
Осы бір тұста әңгіме ауанын құс тілінен құстың түріне, жалпы құс тақырыбына бұрғымыз келіп отыр. Бір байқағаным, қазіргі қазақтың көбі құс танудан қалған секілді. Қарқылдаған қарғаны, шықылықтаған сауысқанды, көрінген жерде көзге түсетін көгершінді, ара-тұра бұлт астынан күн шыққандай жанды жадыратып, бір мезет жарқ ете қалатын қарлығашты, тағы да бірер құстарды таныса танитын шығар. Қалған құстарды түстеп танитын адамдар сиреп барады. «Өкінішке қарай, жастарды айтпағанда, егде ақындарымыздың өздері туған аймақтың өсімдіктер әлемі туралы сұрай бастасаңыз таяз білімін танытып, далаға сөйлейді. Құстан танитыны – қарға мен сауысқан әрі кетсе бүркіт, бері кетсе, шымшықты біледі, ағаштың бәрі олар үшін тал, гүлдің бәрі – бір гүл. Кешегі аспанға қарап алдағы айда не болатынын болжайтын сұңғыла қазақтың бүгінгі ұрпағы көктемде әуелі қай гүл бүр ашатынын, күзде ең соңғы болып қай ағаштың жапырағы түсетінін, қай шөптің не қасиеті барын білмейді. Не ауыл, не қала қазағы білмейді», деп қынжылғаны бар еді қазақ даласындағы құстар жайында бірнеше топтама жазып, кітап шығарған белгілі ақын Есенғали Раушанов.
Ойды ой қозғайды. Қазіргі қазақ құстың түрін танымақ түгілі, қай құстың қай уақытта жылы жаққа ұшып, қай мезгілде қайтатынын ұмытқаны да рас. Жуырда осы мақаланы әзірлеу барысында қазіргі қазақ айтысындағы жүйрік ақындардың бірі Мейірбек Сұлтанханның әлеуметтік желідегі құстар жайындағы жазбасына көзіміз түсті. Айтыскер қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Өтебай Қанахиннің «Атақоныс» кітабынан мынадай үзінді келтірген екен. «Алдындағы аспандап жанған отқа қақтала отырып, Нұрекең:
– Ақырап жұлдызы да туды. Енді қаз бен үйректер біртіндеп қайта бастайды. Құстардың ішіндегі ең бір жершілі – қараша қаз; олар жердің бетін қар әбден жапқанда барып жылы жаққа бет түзейді. Ертедегі бабаларымыз айдың атын осы құсқа байланысты қойған болса керек. Өйткені қараша қаз барлық құстардың ең соңынан күздің соңғы айының аяғын ала барып қана жылы жаққа жаппай көтеріледі. Атам заманнан солай...
– Жылы жаққа ең алдымен қандай құстар қайтады?
– «Шабан үйрек алдымен ұшады» деген бар ғой. Сол рас. Үйрек атаулы енді лек-легімен кете бастайды».
Иә, бұл – байырғы қазақтың құс танығыштығын, құсты ерекше құрмет тұтқанын аңғартса керек. Байқасақ, бізде құсқа арналған әндер де, күйлер де, өлеңдер де, нақыл сөздер де өте көп. Әрідегі, халық әндері «Бұлбұлым», «Ақ сұңқар», Ақан серінің «Қараторғайы», Үкілі Ыбырайдың «Қараторғайы», Жаяу Мұсаның «Көгаршыны», Біржан салдың «Көкегі», Махамбет Өтемісұлының «Қызғыш құсы», Кенен Әзірбаевтың «Бозторғайы», берідегі Ахмет Жұбановтың «Қарлығашы», Нұрғиса Тілендиев пен Тұманбай Молдағалиевтің «Құстар қайтып барадысы», Мырзатай Жолдасбековтың «Тотым-ауы», Тұрсынжан Шапайдың «Дариға-дәурені»... Бұған «қасқалдақтың қанындай», «құрқылтайдың ұясындай» деген теңеулерді, «шымшық сойса да қасапшы сойсын», «сасқан үйрек артымен жүзеді» деген мақал-мәтелдерді қосыңыз. Осылайша құспен сырласқан, құспен мұңдасқан, әр сөзін құспен тұздықтаған қазақ бүгінде құстың қадіріне жетіп жүр ме?
Жергілікті Қызыл кітап шығару керек
Құс туралы айта берсек, қиялымызды тізгіндей алмай, ұшқан құстай ағындап алысқа кетерміз. Осы жерден көңіл толқыныстарын тежеп, негізгі тақырыпқа көшелік. Жоғарыда «Шығыс Қазақстанда 150 құс түріне қамқорлық қажет» дедік. Бұлар қандай құстар? Ең әуелі облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ұсынған мәліметтерге көз жүгіртелік. Инспекция деректеріне сүйенсек, бүгінде облыс аумағында құстардың 335 түрі мекендесе, оның 38-і Қызыл кітапқа енген екен. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген ақпараттарға сүйенсек, соңғы бес жыл көлемінде аймақтағы құстар саны біршама өсіпті. Мәселен, қарағай және орман құстары 160 882-ден 191 368-ге (15,9 %), суда жүретін жабайы құстар 985 403-тен 1 323 399-ға, яғни бір миллионға (25,5 %) ұлғайыпты. Инспекция берген тағы бір құнды мәліметке ден қойсақ, 2019 жылғы санақ бойынша облыста 94 191 құр, 4283 саңырау құр, 72 435 шіл, 1630 қырғауыл, 4126 кекілік, 42 649 кептер, 20 459 сұр құр, 400 ұлар, 79 218 қаз, 1 023 766 үйрек, 220 415 қасқалдақ, 43 953 бөдене тіркелген.
Иә, бұл деректерге көз салсаңыз, кәдімгідей көңіліңіз марқаяды. Құдды, айналамыздың бәрі құсқа толып, аққу ұшып, қаз қонып жүргендей.
Ал облыста талай жылдан бері орнитологиямен шұғылданып жүрген, саналы ғұмырын осы салаға арнаған, 300-ден астам экспедицияға қатысып, 20 мыңнан астам шақырым жол жүрген, Сауыр, Маңырақ жоталарын, Зайсан қазаншұңқырын, Батыс Алтай, Оңтүстік Алтай, Ертіс бойы мен Қалба сілемдерін зерттеген Борис Щербаковтың сөзін тыңдасаңыз, керісінше көңіліңіз түседі. Осы мақаланы әзірлеу барысында орнитологтың сан жылғы төккен тер, атқарған еңбегінің нәтижесі деуге тұрарлық 1140 беттік, салмағы 10 килодан асатын «Восточный Казахстан – сердце Евразии» атты әдемі суреттермен әдіптелген кітабын шолып шықтық. Осы еңбегінде қарт орнитолог Шығыс Қазақстанда өсімдіктердің 3 мыңнан астам түрі өсетінін, 600-ге жуық омыртқалы жануарлар тіркелгенін, Қазақ Алтайында сирек кездесетін әрі жойылып бара жатқан құстардың 150 түрі бар екенін келтіріп, оның бүгінде қорғауға зәру болып тұрғанын тілге тиек етеді.
Б.Щербаковтың айтуынша, Алтай ұлары, ақ шіл, тундра шілі, кекілік, дуадақ, кішкене жек, қарабауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, қара ләйлек, ақбас тырна, көкқұтан, бұйра бірқазан, сұңқылдақ аққу, дөңтұмсық тұрпан, безгелдек, жалбағай, қарабас өгіз шағала, тауқұдірет, шәукілдек, қасқалдақ, үлкен сұқсыр үйрек, шалшықшы, қутұмсық қаз, бүркіт, сұңқар, балықшы тұйғын, қарақұс, лашын, ителгі, аққұйрық су бүркіті, үкі, дала бүркіті, дала күйкентайы, саз құладыны, түз құладыны, шалғын құладыны, дала құладыны, қараторғай, қарлығаш, тағы да басқа құстарды тез арада мемлекет қамқорлығына алу қажет.
«Мұның ішінде Қызыл кітапқа енгені де, енбегені де бар. Мен солардың үштен бірінің ғана атын атадым. Тиісті орындар қажет етсе, 150 құс түрінің тізімін ұсынуға әзірмін. Қазіргі уақытта бірінші кезекте, мемлекет тарапынан қорғауды қажет етіп отырғаны – аңшылық-кәсіптік құс түрлері. Өкінішке қарай, Тәуелсіздіктің 30 жылында Шығыс Қазақстанда бірде-бір жүйелі аң-құс санағы жүргізілмеді. Қазір облыстың фаунасы мен флорасы шын мәнінде қандай күйде екенін білмейміз. Аң-құстардың қай түрі азайды, қайсысы құруға жақын, қай түріне аңшылыққа шектеу қою керек, қай түрі көмекке мұқтаж? Осының бәрі мұқият зерттеуді қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің флора мен фаунасын түгендеу керек. Бұл үшін мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп, орнитологтар экспедицияға шығып, санақ жұмыстарын қолға алуы қажет. Екі жыл уақыт берсе, жүріп-тұратын көлігімізді қамдаса өңір орнитологтары бұл жұмысқа кірісуге дайын. Сол кезде жергілікті Қызыл кітапты жасауға да болады. Бұл ұсынысты айтқалы қай заман?!» деп қынжылысын білдірген орнитолог облыс аумағында аң-құстарды атуға рұқсат беретін аңшылық қауымдастықтарды бақылауға алу керегін жеткізді.
Аңшылық шаруашылықтар кімнің қолында?
Орнитологтың ойынша, қазір өңірдегі аңшылық шаруашылықтардың көпшілігі табиғатқа жаны ашымайтын бұрынғы полиция қызметкерлері мен бұрынғы әскерилердің қолында. «Қазір коронавирус деп елді үйінен шығармай жатыр ғой. Аң-құстарымызды аяусыз қырып жатқан аңшыларға да солай істеу керек. Аңшылық шаруашылықтар қазір ештеңемен де айналысып отырған жоқ. Бар жұмысы – аң-құсты атуға лицензия береді. Аумақты абаттандырумен, аң-құс санын көбейтумен айналыспайды. Арасында өз міндетіне жауапкершілікпен қарайтындары саусақпен санарлық. Өкініштісі, қазір аң-құстарды аштықтан немесе қажеттіліктен емес, ашкөздіктен, қанағатсыздықтан қырып жатырмыз. Бүгінде аңшыларда ынсап жоқ. Аспанда бір құс ұшып жүрсе, «тигізем бе, тигізе алмаймын ба? Көрейінші», деп ата салады дейді күйінген табиғат жанашыры.
Аңшыларда ынсап жоқ дегеннен шығады, қазіргі аңшылар тіпті қай құсты қалай ату керегін де білмейтін секілді. Осы тұста Өтебай Қанахиннің жоғарыда айтқан «Атақоныс» кітабына тағы бір мәрте көз жүгіртелік. «Мен анық байқадым, Нұрекең екеуінде де қаздар тобының ең соңында кетіп бара жатқандарын атып түсірді, алдыңғыларына тимеді. Мұның мәнісін сұрағанымда, қария былай деді: «Бастаушы ата қазды атпау керек. Ол мертіксе, өзгелері бытырап кетіп, бір-бірінен адасып қалады да, барар жеріне жетпейді. Келер жылы қайтарда да сол бастап келеді. Ал ұшып бара жатқан үйректердің кілең алдыңғысын атып түсіреді. Оның мәнісі былай екен: үйректер тобын әманда еркегі бастайтын көрінеді. Аналығы келер жылғы бас өсіміне керек. Аталығы мерт болса, оның соңындағы аналық-ақ көшті қиналмай алып кете береді. Ендігі көктемге шейін жас аталықтар да жетіліп, жасамыстардың орнын басады. Ғажап заңдылық!», деп жазады қаламгер. Иә, қазіргі аңшылар осыны біле ме?!
Енді аңшылық шаруашылықтарға қысқаша тоқталсақ. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметтеріне сүйенсек, облыстың аумағы 28 млн 300 мың гектарды құрайтын болса, соның 15 млн 865 мың гектары аң аулайтын алқаптар екен. Яғни жарымына жуығы. Ал облыс аумағында 56 аңшылық шаруашылығы бар көрінеді, оның 31-і 15 аңшылықты пайдаланушыға (осынша адамның иелігінде деп түсінсеңіздер болады) бекітіліп берілген. «Осы аңшылық шаруашылықтар аумағындағы жер көлемі 12 млн 955 гектарды алып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығымен бекітілген «Аң аулау қағидалары» бойынша бұл аумақтарға бөлінген лимиттерге сәйкес аң аулауға рұқсат етіледі. Сонымен қатар 25 аңшылық шаруашылығы резервтік қорда орналасқан, оның алаңы 2 млн 910 мың гектарды құрайды» дейді инспекцияның Жануарлар дүниесі және аңшылық-шаруашылық бөлімінің басшысы Самат Дидахметов. Осы жерде инспекцияның тағы бір дерегін келтірсек, Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 17 маусымдағы №240 бұйрығына сәйкес 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 1 шілдесі аралығында Шығыс Қазақстанда 9347 құр, 67 саңырау құр, 9783 шіл, 42 қырғауыл, 116 кекілік, 7 889 кептер, 626 сұр құр, 53 ұлар, 7300 қаз, 71 910 үйрек, 19 627 қасқалдақ, 6 580 бөденені атуға рұқсат берілген екен. Ал облыстық аңшылар және балықшылар қоғамдық бірлестігінің сайтында осы уақыт аралығында 3174 қаз, 56 282 үйрек, 11 940 қасқалдақ, 1 278 шалшықшы, 7 269 құр, 5 586 шіл, 137 кекілік, 3 585 кептер, 47 саңырау құр, 603 бұлдырық, 31 жылқышы, 30 ұлар мен 2591 бөденені атуға болатыны көрсетіліпті.
Түйін
Осы материалды әзірлеу барысында Лондон қаласында тұратын әріптесіміз Әсия Бағдәулетқызының әлеуметтік желідегі парақшасынан Англия астанасындағы су жағалауында адамдардан үрікпестен емін-еркін жүрген әртүрлі құстарды көргеннен кейін, бұл көрініске бір жағы қызыға, бір жағы қызғана қарап, WhatsApp арқылы бір-екі сұрақ қойдық. «Біріншіден, Лондондағы құстар патшайымның қорғауында. Әсіресе аққуларға ешкімнің тиісуіне болмайды. Ұлыбританиядағы аққулардың барлығы Елизавета ІІ патшайымының жеке мүлкі саналады. Әрқайсысының аяғында сақинасы бар. Оны ұстау, қиянат көрсету үлкен қылмыс саналады, соттап жіберуі де мүмкін. Бұл елде орта ғасырда жасаған Едвард ІІІ патша заманынан бастап кейбір құстарды, оның ішінде сұңқарды аулауға тыйым салынған. Демек, Англияда құстар баяғы заманнан заңдық тұрғыдан қорғалған. Екіншіден, бұл жақтың табиғаты да құстарға қолайлы. Көпшілігі жыл он екі ай жүре береді. Мұнда құсқа ешкім тиіспейді. Әрбір парктің құстарға тамақ беретін, қарайтын адамдары бар. Кейбір парктерде келген қонақтардың тамақ беруіне тыйым салған. Тек өз қызметкерлері береді. Өзім жиі барып жүретін қаладағы ең үлкен саябақтардың бірі Сент Джеймсте (Әулие Джеймс) бірқазан, аққу, қара қу, сутартар, қасқалдақ, шүрегей, сусылдақ, сұқсыр, үлкен тоқылдақ, жапалақ, қара сайрақ, сүңгуір, қаз, үйрек пен шымшықтың көптеген түрін кездестіруге болады. Шағын көлі бар. Құстар көлдің айналасында емін-еркін жүреді. Адамдар демалатын жасанды жасыл желектерге дейін шығып кетеді. Кептерлер мен шағалалардың адамдардан қорықпайтыны сонша, өзен жағасында жүрсең, кейде қанатымен бетіңді сырып ұшады. Қолыңды созып ұстайын демегенше қашпайды. Біздегі секілді құстарды таспен атып жатқан балаларды да көрмейсің. Тас ату олардың санасында жоқ. Өйткені кішкене кезінен табиғатты қорғауға, құстарды аялауға тәрбиелейді. Үшіншіден, Англияда азаматтық қоғам жақсы дамығандықтан жеке азаматтардың белсенділігі жоғары. Миллионнан астам тұрақты мүшесі бар құстар қауымдастығы жұмыс істейді. Олар ай сайын жарна төлеп, құстарды қорғау үшін өз қалталарынан ақша бөліп тұрады. Жылына бірнеше рет әр жерде әртүрлі шаралар өткізеді. Жыл сайын тамыз айында құстар көрмесі өтеді. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Англияда Құстар қауымдастығы ХІХ ғасырдан бері жұмыс істеп келеді екен. Мемлекет көмегінсіз құрылған бұл қауымдастық құстар санағын жүргізеді. Қандай өзгерістер болғанын жіті қадағалап отырады, жойылып бара жатқан түрлер болса көбеюге жағдай жасайды, қамқорлыққа алады», деді Әсия Бағдәулетқызы.
Бәлкім, елімізде де Қызыл кітапқа енген құстарды (олар көп емес қой) Елбасының немесе Президенттің жеке мүлкі деп жариялап, барлығын сырғалап тастаса ғой, шіркін! Сонда құстар саны бүгінгідей азаймас па еді?!
Ойланайық, әлі де кеш емес шығар...
Шығыс Қазақстан облысы
(Басты суретттің авторы: Валентин Зенков)