Руханият • 17 Сәуір, 2020

Санадағы сан сұрақ

420 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Пенде не көрсе де ниетінен, пиғылынан табады» дейді. Баяғыда өздері аш-жалаңаш, күйеулері «халық жауы» деп ұсталып, айдалғаны айдалып, үкімі кесілгендері атылып, одан қалған азаматтар соғысқа кетіп, елде шал-шауқан, көздері жасты, көңілдері мұңға толы жесір әйел, жетім балаға толған заманда қазақ баласы Кеңес өкіметі малша тоғытқан сан ұлысқа тіліне, дініне қарамастан қорған болды. Қоржын тамының бұрышына қондырып, аузындағысын жырып беріп, өзі жарымай жүріп, жылай жүріп қорлық көрген жат баласына әрі тұр демей, жасын сүртіп, бауырына тартты. Өйткені пейілдері кең, жүректері жұмсақ, жандары аяныш пен обал атты асылға толы еді. Пейілдерінің тарылмауының себебі, алдарында туатын жақсы күндердің, тоқшылықтың нанына тоятын мамыражай күндердің хабаршысы болғандай.

Санадағы сан сұрақ

Негізі біздің халық бар бола тұрып тарылғанды, жалмаңдап, тоймай қойған адамды ұната қоймайды. «Мынаған бірдеңе көрінер, жалмаңдап, ынсапсызданып кетіпті, ындыны тояр емес, пәтшағарды не қысып барады екен? Көрінер бірдеңе», деп кейіп жатады. Шынында да пейілі орынсыз тарылған адамдар бірдеңеге ұшырайды да.

Қазақта не көп, той көп. Ас та төк мол тойға жайылған дастарқанның жиылар тұсында алдыға қойылған дәмді дорбасына жанталаса тыққыштап жатқан кей адамдардан сондай ынсапсыздықты көргенде бойым шымырлап кететін. Ал мынадай әлемді ауру кезген кезеңде де адамдардың ниет-пиғылдары жалаңаштанып қалғанына куә болудамыз. Жан-жағыма қарайыншы, кім әлсіз, кім мұқтаж, қолымнан келгенше қолымды созып жағаға шығарайыншы деген ниетке кенде болып қалғандаймыз. Тіпті өз еріктерімен, жандарын шүберекке түйіп, ауру жұғып қала ма деместен волонтерлер азық-түлік апарғанда осы-ақ па дейтіндер де бар. Ниет кедейшілігі қоғамдағы бай-бағланның да, мұқтаждық көргеннің де басында бар. Қоғам вирустан келген денесіндегі аурудан айығар-ау, ал жанына, жүрегіне ұя салған кеселден қалай құтылады? Ниетімізді жөндеуіміз керек-ау.

Мына кесел арқылы Құдай тағала адамзатқа өзінің қандай құдірет екенін тағы еске салғандай. Көзге көрінбейтін тозаң-вирус тұтас әлемді қауызына сыйғызды. Тіпті дінді мойындамайтын атеистсің бе, пұтқа табынасың ба, сенің көктен түскен кітабың анандай, сенің кітабың мынандай деген жоқ. Биліктің ұшар басында әміріңе жұрт жалтақтар патшасың ба, миллиондарды тиын санамайтын мейманасы тасыған байсың ба, әлде күнделікті нанын әзер тауып, қалталақтап күн кешкен кедейсің бе, сан бөлмелі кең сарайда тұрасың ба, басыңда баспанаң бар ма, көпті көрген кәрісің бе, арман арқалаған жассың ба деп жатқан жоқ. Індеттің ілмегіне түсіріп жатыр. Біздің елде ауру қайта шетел аралауға қауқарлыға келіп, сол арқылы өзгеге жұғып жатқандай. Ақылға кел, жан-жағыңа қара дегендей.

Реттеуші күш адамзатты, мына ғаламды тегіс өзі жаратқанын, бәріне иелік ететінін көрсетті. Соның ішінде адамға сана беріп, ойлай алатын, жақсылық пен жамандықты, ақ пен қараны, адал мен арамды, обал мен сауапты ажырататын ерекше етіпті. Ал сана берген соң өзіне ғана емес, айналасын қоршаған тұтас дүниеге деген жанашырлық таныту міндетін де артып қойған жоқ па? Ал егер олай болса, сол міндетті қалай атқарып жүрміз?

Озон қабатын тесіп, атмосфераны уладық, Жер Анаға өгей баладай қарап, топырақты бүлдіріп, жан-жануар, өсімдік әлеміне де зия­нымызды тигіздік. Саналы адамның жүрген жерінің бәріне санасыздық еріп, оның заһары алқымға тіреліп, тынысты тарылтты. Тоқта, ойлан, шекараға жеттің дегенді көзге көрінбес тозаң арқылы танытып, тәубеңе кел дегендей ме?

Пиғыл мен ниет сыналар осындай кезеңде адам атаулыға пайда табуды көздемей, көршеңгелді көсіп салмай, көп пендешілікке ұрынбайықшы деп айқайлағың келеді. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген, Құдайды ұмытпай, ниетімізді түзулейміз бе? Біздің қоғамды алға бастырмай, тынысын бітеп, жоқ-жітіктіктің нақақ төгілген жасына малшындырып қойған жемқорлық та осы ниет тарлығынан, ынсапсыздықтан, пейіл кедейлігінен десем, қандай дау айта аласыз?

Саясатта шешілмей жатқан түйіндерді қайта бағамдау үшін, шешімін табуда «перезагрузка» деген бар ғой. Жалпы адамзатқа, оның бір бөлшегі біздің халыққа да осы «перезагрузка» керек болып, көп нәрсені бойдан өткізіп, қайта зерделеуге, қайдан қате кеткенді жөндеуге Жаратқан Ие ойлансын деп әркімді ойымен оңаша қалдырып оқшаулап қойғандай ма? Осы ишаратты ұғынып, ой қорыта аламыз ба екен?

Жаратқан ие адамзат болып ізгілікті ойлайтын күнге шақырып, ниет тазалығы қажеттігін еске салғандай. Ниетіміз түзуленіп, пейіліміз кеңейсе алдан жақсы күндер туатыны хақ!