Руханият • 22 Сәуір, 2020

Рамазан – сауап пен кемелдену айы

1089 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әлем жұртын әуреге салған індеттің кесірінен биылғы Рамазанда мұсылман қауым арқа-жарқа болып ауызашарға, топ болып тарауыққа қатыса алмайды. Осы орайда Қазақстан мұсыл­мандары діни басқармасы­ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы елімізде жария­лан­ған төтенше жағдайға байла­нысты мешітте жамағатпен оқылатын намаздарға уақытша шектеу қойылғанын атап өтті.

Рамазан – сауап пен кемелдену айы

«Әр азаматтың өмірі мен ден­сау­лығы қымбат құндылық болған­дықтан, жұқпалы індеттің алдын алу үшін осындай шешім қабыл­дауға мәжбүр болдық. Әрине бұл – уақытша сынақ. Алай­да жамағат намазы үшін мешіт есігі жабылғанымен, сауап пен ізгі­лік есіктері ешқашан жабыл­май­ды. Қасиетті хадис-шарифте ай­тыл­ғандай, мұсылманның ниеті ама­лынан қайырлы. Онлайн режім­де насихат тыңдап, үйден шық­пай сауапты амалдарға ортақ­тасуға болады. Атап айтқанда, Қазақ­­стан мұсылмандары діни бас­қар­­масы биылғы қасиетті Рама­зан­да жамағаттың игілігі үшін мы­надай жобаларды іске асыру­­ды жоспарлап отыр. Қазақ­с­тан мұсылмандары діни басқар­масының www.muftyat.kz сайтынан «Рамазан энциклопедиясы» қосымша парақшасы қосылып отыр. Еліміздегі облыс орталықтары мен аудан, қалалардың, кенттердің Рамазан кестесі қазақ және орыс тілдерінде www.muftyat.kz сайтына орналастырылды. «Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі. «Хикмет ТВ» студиясы арқылы Рамазан айында күн сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадір түнінде Құран хатым дұғасы жасалады. Сондай-ақ muslim.kz Instagram парақшасы арқылы имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттелген жамағаттың игілігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап, күнделікті әр 15 минут сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасын­да «Батамен ел көгерер» атты онлайн режімде дұға жасап, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылатын болады», деді Бас мүфти.

Сонымен қатар ол төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн режімде берудің оңтайлы жолы ойластырылғанын да ортаға салды.

«Осыған дейін хабарлағаны­мыз­дай биыл Рамазан айы 24 сәуір­де басталады. Бұл туралы осыған дейін хабарладық. Мамыр айының 19-нан 20-сына қараған түн – мың айдан қайырлы болған қасиетті Қадір түні. Алла қаласа 24 мамырда Ораза айт намазын оқимыз. Жаратқан Жаббар Иеміз Ораза айтты мешіттерімізде жамағатпен оқуды жазғай! Осынау қуанышты күнді жақын еткей! Әмин! Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Алла тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 148-аятында: «Әркімнің бір бет алатын құбыласы бар. Сонда жақсылыққа жарысыңдар», деп баяндайды. Ауыз бекіткен жан­дарға азық-түлік жеткізіп бер­сеңіз де ауыз аштырғанның сауа­бын аласыз. Тіпті көмекке мұқ­таж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды беріп, қаржылай қолдау көрсетсеңіз де мол сауапқа кене­лесіз. Жоғарыда айтқаны­мыздай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Осы ретте барша отандастарымды: Көмекке мұқ­таж отбасыларға жан-жақты қол­дау көрсетуге, елі­міздегі мешіт­тер арқылы ауызы берік отандас­тары­мызға ауызашар тағамдар тара­туға шақырамын! Садақа – пен­денің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ен­деше көмекке зәру шаңырақты шат­тық­қа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік. Алла Елшісі: «Кімде кім бауыры­ның қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсыл­манның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасі­реттерінің бірін сейілтеді», деген. Халық даналығында айтылатын: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», деген нақыл сөздің мәні осы болса керек. Түйіндеп айтқанда, Ораза – сауап жинап, рухани кемелдену айы. Рамазан – Раббымыздың мейрім-махаббатына бөленетін ай», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.