Медицина • 23 Сәуір, 2020

Бүйрегіңізді күтіңіз

3009 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда бүгінде әлем бойынша 850 млн адам бүйрек ауруларының зардабын тартуда. Ал әрбір оныншы ересек адамда өмірінің соңғы сәтіне дейін «серік» болатын созылмалы бүйрек ауруы (СБА) бар екен.

Бүйрегіңізді күтіңіз

Өкініштісі, 2040 жылға қарай адамдардың өмірден озуы жөні­нен бесінші орынға шығады деп болжанған осы СБА дерті жыл­дан-жылға өсуін тоқтататын емес, егер қоғам назары жедел аударылмаса кеш болады деп дабыл қағады дәрігерлер қауымы. Оны күн­делікті тіршілікте өзіміз де аң­даймыз, жанымызда жүрген жандардың бүйрегім ауырмайды дей­тіні некен саяқ.

Дәрігерлердің айтуынша, СБА ауруына жүрдім-бардым қа­рауға болмайды, егер пациент дәрілерді уақтылы қа­был­дап, денсаулығына қатысты ай­­тыл­ған кеңестерді орындап, са­лам­атты өмір сүруге ұмтылса ас­қы­нулардың алдын алуға бола­ды, ал, керісінше тиісті мән бе­ріл­месе, асқынудың соңы ди­а­лиз­дік терапиясыз немесе бүй­рек­ті транс­плантациялаусыз өмір сүруі мүм­кін емес бүйрек ауруы­ның терминалдық сатысына дейін өршиді. Терминалдық саты деге­німіз – қарапайым тілмен айт­қанда, бүйректің ісініп, өз қыз­ме­тін мүлде атқара алмай қалуы.

­Жуырда елордада дәрігерлер бүйрек ауруларымен күрес және оның алдын алу мәселелері бойынша семинар өткізді. Бір қуанарлығы, семинарға қаты­су­шы­лар­дың дені аудан, ауылдардан келіпті. Облыс орталықтары мен ірі қалаларда маманданған нефрологтар болса, ауылдарда негізінен жалпы тәжірибелік дәрігерлер еңбек етеді. Сондықтан екінің бірі бүйрек ауруына шағымданатын заманда ауыл дәрігерлері үшін мәселенің маңызы арта түседі. Созылмалы бүйрек жетіспеушілігі немесе шамасыздығының ар­туы­ның себептері қандай? Меди­ци­­на ғылымының докторы Орын­күл Нарманова дерттің бас­­ты себептерінің бірін диагноз қо­йыл­уының кешеуілдеуіне ті­рей­­ді. «Себебі дәрігердің алдына келген пациент бас ауруы­на шағымданады, содан невро­по­то­логқа жіберіліп, зерттеу барысын­да КТ жасалып, онда мида бір ошақтар көрінген соң контраст арқылы қарайық дейді. Ал бұл үшін креатининнің мөлшері қа­жет. Сөйтіп креатининге қан тап­­сырғанда оның мөлшерінің өс­кенін көрген соң барып негізгі аурудың бүйрек жетіспеушілігі екеніне мән беріледі. Енді бір пациент басым айналады, ауырады, бойымды жайлаған әлсіздік бар дейді. Жалпы қан сынамасын алғанда анемия барлығы көрініп, ол пациент гематологқа жіберіледі. Тағы да краетинин мөлшері зерттелгенде барып гематолог емес, нефрологқа қаралу қа­жет­тігі анықталады. Ендігі бір топта адамның қан қысымы жоғары және денесінде ісігі бар, ентігіп, түнде ұйықтай алмай, жүрегі аузына тығылатынын айтады. Мұндай науқас кардиологқа жіберіледі. Осылайша маман аралап, сан өтелектен өтіп жүргенде уақыт өтіп кетіп, созылмалы бүй­рек жетіспеушілігі дендеп кетеді. Ал бұл дегеніміз – диализге байлану. Диализсіз өмір сүре алмайтын адамның күйін ешкімнің басына бермесін, себебі диализ жасалмаса несеп бойға тарап, ағза уланады. Соңғы терминалдық са­тысында бүйрек алмастырудан өзге жол жоқ. Елімізде орган трансплантациясында кезекте тұр­ған­дардың 70 пайызы осы бүйрек алмастыруға мұқтаж жа­ндар. Сәйкес донордың табылуы қиын», дейді Орынкүл Жақсы­бай­қызы.

Мамандар амбулаториялық-емханалық көмек деңгейінде бүй­рек ауруларына шалдыққан нау­қастарға медициналық көмек көрсету сапасының төмендігіне байланысты жүйелі сипаттағы бірқатар проблеманы атап өтті. Біріншіден, СБА-ны ерте сатыда анықтау деңгейінің төмендігі, оған жоғарыда айтылған түрлі ма­мандарға сабылып уақыт өт­кізіп алу мысал болады. Екін­ші­­ден, отандық медицинада СБА бар науқастарды толық қам­ту және БМСК деңгейінде науқастарға қатысты нақты нефропротективтік стратегияның бол­мауы. Ал стратегиясыз науқастардың ауру барысын дина­ми­ка­лық бақылаудың сапасы жайын сөз ету де артық. Сонымен қатар диагноз нақтыланып, ауру­дың ем жолы тағайындалған күнде СБА бар пациенттерді оңал­тудың жолға қойылмауы оң нәтижеге жетуге қолбайлау еке­нін сөз еткен дәрігерлер жер-жерде нефролог-дәрігерлермен қамтамасыз етудің төмендігін, науқастарды трансплантациядан кейінгі бақылау бо­йынша мамандардың тапшылығын атап өтті.

2016-2018 жылдар ара­лы­ғын­дағы деректерді талдау Қазақ­стан­да гломерулярлы аурулармен ауыратын науқастардың саны жыл сайын артып келе жатқанын көрсетті және бүйрек аурушаңдығының көрсеткіші
1 млн халыққа шаққанда орташа 137 құрайтын көрінеді. Алаң­дай­тындай көрсеткіш. Мәселен, гломерулярлы аурулармен ауыратын науқастардың саны 2016 жылы 9 697 науқастан 2018 жылы 11 690 науқасқа дейін, яғни
1,2 есеге өсіпті (2017 жылы – 10 807 науқас). Терминалды созылмалы бүйрек жеткіліксіздігі бар (ТСБЖ) науқастар санының өсуі де кө­ңілді күпті етеді. 2018 жылы 2016 жылмен салыстырғанда пац­иент­тер саны 42,5%-ға, 2016 жылы 6190-дан 2018 жылы 8822-ге дейін өскен (2017 жылы – 7083 нау­қас).

Бұл сандар СБА-ның аса мән бере­тін дерт екенін көрсетеді. Жалпы бүйректі аман сақтауда қандай амалдар бар?

– Бұл алдымен адамның ден­сау­лығына деген жауап­кер­ші­лік. Саламатты өмір салтымен тірлік кешуді қалыпқа енгізуі. Аптасына кемінде 5 күн 40-50 минут жаяу жүру, онда да жай аяңдап емес, жылдамырақ маңдайдан тер шық­қан­ша жүру. Аптасына екі рет қолға бір шамалы екі бөтел­ке су болса да жоғары төмен кө­те­ру, баспалдақпен көтеріліп, тө­мен түсу, арнайы отырып-тұру жат­ты­ғу­ларын жасау керек. Аяққа ыңғайлы аяқ киім киіп, ауа ра­йына қарамастан далаға шығып, дене қимылын атқару. Қазіргі жас­тарда осы ыңғай бар, олар фитнеске барады, саябақтар да жүгіріп жүреді, соған қарап қуанамын, болашақта олар осы тәрбиені балаларына да береді деп сенемін. Ал тамақты ішіп алып, диванға жантая кету сіздің ағзаңызға жасаған ең үлкен қиянатыңыз. Екіншіден, міндетті түрде су ішіп жүру. Судың сапасына мән беріңіз. Қазір су сүзгілерінің де неше түрі бар, соның сүзгілеу сатысы жоғары әрі жиі ауыстырылатынын орнатып, таза суды күнделікті ішіп отыру қажет. Әр кило салмағына 30 мл шамасында есептеп, кешкі сағат 19-ға дейін ғана ішкен жөн. Әйтпесе түнге қарай бүйрек жұ­мы­сына салмақ түседі. Күніне 4 стақан су ішсе жеткілікті. Үшін­ші­ден, жас қырықтан асты ма, қан қысымын жиі өлшеп тұру керек. Төртіншіден, жасы 35-тен асқан әрбір жан жылына бір рет қанындағы қант мөлшерін біліп тұрғаны жөн. Сонымен бірге қан құрамындағы гемоглобин мөлшерін тексеру, сосын тамақтануға мән беру. Таңғы асқа ботқа жеп, күнделікті рационға бір ас қасық зәйтүн майын, балық майын пайдалану, көкөністер мен жеміс-жидекті көбейте қолданып, қызыл ет жеуді азайтып, оның орнына ақ ет жеп, құс етін көбейту керек. Соншалықты қолдан келмейтін дүние емес, бірақ біз соған мән бермейміз. Ал бұлар бүйректі аман сақтаудың кепілі дер едім. Бесіншіден, ерте жатып, ерте тұру. Адам ағзасы өте күрделі және бір-бірімен тығыз байланысты, сол тепе-теңдікті бұзып алмай, ағзаңызды тыңдап өмір сүрсеңіз, тек бүйрек емес, өзге де ауруларға шалдықпайсыз.

Адамдар СБА болмаса да жиірек өздерінің қан қысымын күндізгі уақытта бірнеше рет өлшеп тұру керек. Өйткені күндіз қалыпты қысым түнге қарай көтеріліп кетуі мүмкін. Екіншіден, несептегі тәулік бойынша ақуызды анықтап тұру маңызды, бұл үшін жылына бір рет несеп сынамасын тапсырса жетеді. Үшіншіден, интернетте бар бүйректің қызметін формула арқылы анықтау. Ол түк те қиын емес, жас мөлшері, салмағы сосын креатинин мөлшерін енгізсеңіз есептеліп шығарылады. Осылайша аурудың алдын ала аламыз. Тағы бір маңыздысы, әсіресе ата-аналар мән беретін дүние – қанты көп, газды сусындарды ішуді азайту, қантты кім-кімнің де аз ғана мөлшерде пайдалануы. Қазір балаларда да қант диабеті жиі кездесетін болды, ал бұл диаг­­­­нозбен 5 жыл ауырған жанның бүйрегіне міндетті түрде әсері болады. Осыны әр отбасындағы ата-ана біліп, саламатты өмір сүруді өзі де ұстанып, балаларына да осы мәдениетті ексе дейміз. Сонда диализге жүгінушілердің саны азаяды, біздің де басты мақсатымыз сол, – дейді Орынкүл Нарманова.