Жуырда ғана қалалық полиция басқармасына интернеттегі алаяқтық туралы бірнеше шағым түскен. 37 жастағы петропавлдық қымбат бағалы сервизін интернет хабарландыру арқылы сатпақ болған екен, алушы тез табылып, алдын-ала төлемді аудару үшін банктік карта нөмірін сұрайды. Интернет-банкингтен кодты жіберген кезде, ол кенеттен алаяқтардың құрбанына айналғанын түсінеді. Азаматтың карт-шотынан бірден 700 мың теңге жоқ болып кеткен.
«Мұндай жағдайға ешқашан түспеймін деп өз-өзіме сенімді болған едім. Бірақ олар жақсы психологтар екен. Олар мені сендірді, содан кейінгі әрекетімнің қалай болғанын өзім де түсінбей қалдым, оларға SMS-кодты айтып бердім. Ал олар менің карточкам арқылы депозиттік шотқа кіріп, барлық ақшамды алып қойғанда санымды бір-ақ соқтым», дейді жәбірленуші.
Облыс орталығының 57 жастағы тағы бір тұрғыны Facebook арқылы алаяқтардың қолына түскен. Бірнеше ай бұрын өзін достарының туысы ретінде таныстырған бір қыз оған «дос» ретінде қосылады. Сөзіне қарағанда, ол Лондонда тұрады және оған жедел түрде құнды заттар салынған сөмкені Петропавлға жіберу керек екенін айтады. Соның кедендік шығындарын төлеуге қаржылық көмек беруді сұраған. Кейін көрсеткен көмегі үшін үлкен сыйақы беруге уәде береді. Оның сөзіне сенген петропавлдық бірнеше апта ішінде Ресей банктерінің біріндегі қыздың банк карточкаларына 3 миллион 700 мың теңгеден астам сомаға бірнеше рет аударым жасайды. Банк қауіпсіздік қызметтерінің ескерту қоңырауларына да қарамаған, ең соңында туыстары оны полицияға өздері алып келген.
Қазіргі уақытта криминалдық полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың қай жерде екенін анықтау үшін жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуде. Соған қарағанда әйелдің психологиялық әсер ете алатын қабілеті болғаны көрініп тұр. Петропавл қалалық криминалдық полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Дархан Зияфедин тұрғындардан ешкімге паролін, PIN-кодтарды және CV-кодтарды айтпауларын сұрайды.
«Алдын ала төлем немесе салым түрінде күмәнді мәмілелер жасамау қажет, жағдайды анықтамай достарыңызға немесе туыстарыңызға ақша аударуға асықпаңыздар, сенімді болу үшін ақпаратты тексеріп, видео қоңырау шалыңыздар», дейді ол.
ПЕТРОПАВЛ