Қазақстан • 25 Сәуір, 2020

«Талдықорған – Өскемен» тасжолында қозғалыс биыл ашылады деп жоспарлануда

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұзындығы 763 шақырымды құрайтын «Талдықорған-Өскемен» автожолы Алматы облысындағы Қойлық елді мекені мен Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңқожа, Үшбиік, Аягөз ауылдарының маңынан өтеді. 

«Талдықорған – Өскемен» тасжолында қозғалыс биыл ашылады деп жоспарлануда
Жоба бойынша Талдықорғаннан бастау алатын 32 шақырымдық 4 жолақты жол учаскесі І техникалық санатқа сәйкестендірілетін болады. Ал 731 шақырымдық жол учаскесі 2 жолақты ІІ техникалық санатқа сай болмақ.
 
Қайта жаңарту жұмыстарының аясында 6 көпір, теміржолдан өтетін 3 жол өткелі, жарықтандырылған 11 жол айрығы, 276 құбыр, демалыс алаңдары салынып, елді мекендер маңында автопавильондар орнатылатын болады.
 
Қазіргі таңда 9970 текше метр жер қазу жұмыстары жүргізілген. 252 су өткізгіш құбыр мен 22 мал өткелі салынды. Сондай-ақ, 159 шақырымға құм мен қиыршық тасты қоспадан жасалған жолдың төсеме қабаты, 130 шақырымға жол табанының төменгі қабаты, 118 шақырымға ірі түйіршікті асфальт бетоннан жасалған жол табанының жоғарғы қабаты, 93 шақырымға жол жабынының төменгі қабаты төселді. Жол өткелдері, көпірлер мен жол айрықтары сияқты 25 нысанның құрылысы да қарқынды жүргізілуде. 
 
Жалпылай алғанда, қайта жаңарту жұмыстарына жол-құрылыс техникасының 3 мыңға тарта бірлігі мен 5 мыңға жуық маман жұмылдырылған. 2020 жылдың соңына дейін аталмыш жол бойында қозғалыс ашылады деп жоспарлануда. Тасжол 2022 жылы пайдалануға берілмек.
 
Құрылыс жұмыстарын «CITIC Cinstruction Co.Ltd» ЖШС, «К-Дорстрой» ЖШС мен «Todini Central Asia» ЖШС жүргізуде. Жұмыстардың сапасын бақылауды «ГК ИНЖИНИРИГ» және «ZS Enginering» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері жүзеге асырады деп хабарлады ИИДМ баспасөз қызметі.
Соңғы жаңалықтар