Аймақтар • 27 Сәуір, 2020

Жәнделі батыр қыз

2932 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл сай содан бастап Жәнделі сайы аталып кетеді.

Жәнделі батыр қыз

Байжігіт руындағы алты Жұмықтың бірі Қожанның немере қызы Жәнделі Есенқұлқызы шамамен 1732 жылы Маңырақ қойнауында дүниеге келген.

1750 жылдары басталған қазақ-қалмақ арасындағы Шорға соғысы ушыққан тұста асқан ерлігімен көзге түсіп, ел жадында қалған. Сол кезде Қоңқа бастаған біраз қалмақ тым-тырақай қашқан негізгі жасақтан бөлініп, Маңырақ тауына тығылып, қазақ батырларының ұзап кеткен орайын пайдаланып, артта қалған елге шапқыншылық жасайды. Осы кезде Жәнделі Есенқұлқызы ат құлағында ойнап, қылыш өнерін үйреніп, жаттығып жүрген кезі болатын. Ол ауылға қарай беттеген жауды көріп, тездетіп ер адамша киініп, сауыт-сайман асынып алып, ауылда қалған азаматтарды бастап, ұран салып, қалмаққа қарсы шабады. Қоңқа әскерін Маңырақ тауынның сайына қарай, яғни қазіргі Жәнделі атанып кеткен сайға қарай ығыстыра қамап, күн-түн соғысып, сайды қызыл қанға бояйды. Қалмақ әскерлері көп шығынға ұшырайды. Ақыры Қоңқа жекпе-жек жариялайды. Ол жекпе-жекке шығып, Қоңқа батырмен найзаласады. Оны аттан аударып түсірген батыр қыз көкірегіне қылышын тіреп тұрған сәтте Қоңқа қылыш ұру кезегін сұрап, егер қолдан қару түссе, жеңілгенін мойындайтын болып келіседі. Бұл жолы да Жәнделінің күші басып, қылышты үйіріп қалмақтың кеңірдегіне тірейді. Бірақ, батыр қыз оны өлтірмей, құралын тастай салып кете барады. Қалмақ өзінің жеңіліп қалғанына намыстанып, жерде жатқан қылышты жұлып алып, бейғам кетіп бара жатқан Жәнделінің ту сыртынан сермеп қалады. Батыр қыздың басы домалап түскенде, киіп жүрген дулығасы ыршып бөлек кетеді. Сол кезде Жәнделінің түйіп өрген ұзын бұрымы жайылып, жерде қалады. Қалмақ батыр домалап кеткен бастың жас қыз екенін көргенде, өз көзіне өзі сене алмай сілейіп тұрып: «Әттеген-ай, бұл қыз бала екен ғой, уәдені бұзып басын бекер шаптым, қазақта мұндай да батыр қыз бар ма? Мұндай батыр қыз қазақта енді тумас, он екі де бір гүлі ашылмаған бой жеткен аруды қара басып өлтіріп, қапыда қалдым. Менің жолым енді болмас. Жазықсыз жатқан қасиетті елдің қанын төккен ауыр болады» деп өкініш арқалайды.

Билік айтып, ел басқарған, данышпан данасы бар,

Елді жаудан қорғайтын батыр ұл-қыз тапқан анасы бар.

Шіліктідей құтты мекен даласы бар,

Алтын Сақтың ежелгі хан орда қаласы бар,

Бұл араның байлығын қызғанбаймын,

Қайтып шабатын жау болып, қолды қанға бұлғамаймын,

Осы өмірдегі жеңісім де, жеңілісім де бүгін болды,

Батыр қыздың қаны мойыныма қарыз болып қалсын,

Ат басын айланып қайтадан бұра алмаймын, - деп зар төккен жау батыры мәңгілік ізін суытқан екен.

Ел болып жиналып, Жәнделі батыр қыздың сүйегін қаза болған жеріне арулап жерлейді. Бұл сай содан бастап Жәнделі сайы аталып кетеді.

“Жайратқан жауын Жәнделі қыз,

Қанымен жазып тарихқа қалдырды із.

Ел үшін шейіт болған батыр Ана,

Бастау болып, құр сайда жатыр ағып көз жасыңыз”, – деп жырға арқау болған ару қыздың мөлдіреген көз жасы сайдың басынан бастау болып ағады. Халық оны ұзақ жылдар бойы қастерлеп, “шарапаты бар Жәнделінің көз жасынан пайда болған қасиетті бастау” деп кие тұтқан.

                                                                             

Сайламғазы Аллабергенұлы,

шежіреші

Шығыс Қазақстан облысы