03 Сәуір, 2010

АЛАР АСУ АЛДА

1131 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Бұл Жолдау басқалардан өзге­ше­рек. Десек те, Мемлекет басшысы Жолдауларының ара­сындағы сабақтастықты байқау қиын емес. Басқаларын былай қойғанда, соңғы үш Жолдауда үндестікке арқау болып отырған “жаңа”, “жаңару”, “даму” сөз­дерінің өзі-ақ түпкі мақсаты­мызды айқын аңғартып тұр. Ал, түпкі мақсатымыз – жа­ңару, даму арқылы туған еліміздің әлемнің озық мемлекеттері қатарына қосылуына қол жеткізу. Даму нәтижесі өсіп-өркендеу, ол халқымыздың жасампаз істері арқылы көрініс табады. Жасам­паз­дықтың салтанат құруының бір дәлелі ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы он жылда 652 мектеп пен 463 денсаулық сақтау нысаны салынға­нын атап көрсетті. Осы жалаң цифрлардың өзінен-ақ еліміздің даму қарқы­нын бағамдай аласыз. Иә, жылдан-жылға қазақстан­дықтардың әл-ауқаты артып, мұ­ны сырттағылар да танып, біліп отыр. Оған Жолдаудың мына бір жолдары айғақ: “Біздің же­тіс­тік­терімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы Баяндама­сын­да Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер сана­тына қосты. Бұл – біздің өскен әл-ауқатымыздың даусыз дәлелі!” Адам әлеуеті демекші, ол өзінің маңызды компоненттерінің бірі – білім мен білік арқылы нығайып, беки түседі. Сондықтан болар, жаңа Жолдаудың бір тарауын Елбасы Н.Назарбаев “Адам – елдің басты байлығы” деп атап, елді жаңғырту страте­гия­сының табыстылығы, ең ал­ды­мен, қазақстандықтардың білі­міне, әлеуметтік және дене бол­мысы, көңіл-күйлеріне байла­нысты екенін алға тартты. Елбасының кезекті Жолдауын әдеттегідей мұқият тыңдап, ерте­ңіне-ақ “Егемен Қазақстанда” жарық көрген мәтінін зейін қоя оқып, көп нәрсені ой елегінен өткізгеніммен, жаныма жақын білім беру, оның ішінде кәсіптік білім беру жүйесіне қатысты: “Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негі­з­де­ліп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байла­ныстырылуы керек”, деген бір ауыз сөзін астын сыза отырып, қайталап оқып шықтым. Кейін Жолдауды ұжым болып талдаған кезде осы бір аз да болса, саз ай­тылған сөздер сала қызмет­кер­леріне қаншама жауапкершілік жүктейтіні ерекше атап өтілді. Жолдауға қолдау – ол Жол­дауды тек тыңдау, иә болмаса оқып шығу ғана емес, оған әр азаматтың нақтылы ісімен жауап беруі, қойылған мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асуына тіке­лей атсалысуы, кәсібіне қатысты кез келген мәселені шеше алуы, бәсекеге қабілетті болуы деген сөз. Ұжым мүшелерінің пікірі осылайша бір жерге тоғысты. П.СҮЙІНКИНА, Ы.Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы, ҚР білім озаты. Қостанай облысы, Рудный қаласы.