Экономика • 28 Сәуір, 2020

Логистикалық қоймалардың қажеттігі мемлекеттік деңгейде мойындалды

162 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтыр 150 теңгеден басталып, кейін 80 теңгеге дейін төмендеген қырық қабатты түркістандық фермерлер   биыл 10 теңгеге де өткізе алмай отыр.

Логистикалық қоймалардың қажеттігі мемлекеттік деңгейде мойындалды

Жүздеген диқан пісіп жетілген өнімін қайда сатарын білмей отыр. Республикадағы ет экспортының басым бөлігі Түркістан облысынан жетеді. Өңірде жылыжай шаруашылығы жолға қойылған.  Оңтүстіктің ең басты артықшылығы – климаттың  жылылығы. Ерте піскен өнім көрші елдерге, Еуропаға сатылады, одан әрі асып кетеді. Түркістанның оңтүстік аудандарында өскен  қырыққабаттар Ресей асса, жазда дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыз Германияға дейін жетеді. Биылғы  жағдай басқаша. Қазірдің өзінде шаруалар жинаған өнімдерін сата алмай отыр. Әдетте Ресейге өткізіп үйренген оларға шекара жабылған соң қиын соққан.  Түркістанда 10 теңгеге өтпей тұрған қырыққабаттың Алматыдағы бағасы –180 теңге.

Дүкен иелері Алматы нарығында қырыққабат аз болғандықтан, бағаның қымбаттап кеткенін айтады. Алматы  дүкендерінде сатылып жатқан қырыққабаттың 70  пайызы Өзбекстанның импорты. 

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев үкімет отырысында атап өткендей, қазір фермерлер 250 мың тонна қырыққабат жинады. Ал Мақтаралдағы дихандар кешелі бері әкімдік қызметкерлері кімнің қанша тонна өткізетінін хатқа тізіп алғанын айтады. Тілдей хаттаманың құдіретіне сенген ағайындар қырыққабаттың балғындығын сақтау үшін сабағынан жұлмай, көзінің қарашығындай сақтап отыр.

«Мұнда 300 мың тонна қырыққабат өсірілді, бірақ қазір Ресейден сұраныс күрт төмендеді, біз барлық облыстармен меморандумдарға қол қойдық, бірақ олар да қабылдаған жоқ. Бізде 300 мың тонна қырыққабатты сату проблемасы бар. Енді бір келі қырыққабаттың бағасы 10-15 теңгеге дейін төмендеді. Мүмкін ресейлік логистикалық компаниялардың көмегімен бұл мәселені шешу керек шығар? Қазір 250 мың тонна қырыққабат дайын, әйтпесе бұл үлкен мәселе болады », - деді Өмірзақ Шөкеев.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселе бойынша жұмыс істеп жатқандығын атап өтті.

«Біз Ресей елшілігімен және сауда миссиясымен жұмыс істейміз, олар қазір іздеуде. Бірақ Ресейде карантинге байланысты бәрі жабылды. Біз жұмыс істеп жатырмыз », - деді министр.

Біз осыған дейін ерте көктемде облыс, аудан орталықтарынан логистикалық орталықтар ашылуы қажеттігін жазғанбыз. Іле-шала бұл мәселе үкімет қабырғасында көтеріліп, логистикалық қоймалардың қажеттігі мемлекеттік деңгейде мойындалды. Ал бүгін Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов әлеуметтік желідегі парақшасында заманауй көтерме-тарату орталықтары (КТО) өзегі болуы тиіс тиімді тауар өткізу жүйесін құруды одан әрі созуға болмайтынын енді айтты.

«Біз наурыз айында болған жағдайдан қорытынды жасап, мемлекетке тиесілі КТО-дан ұлттық желі құруымыз қажет(бұл туралы көптеген жылдар бойы әңгіме мен даулар жүруде: мемлекет немесе жеке бизнес, қандай қаражат есебінен және кім басқаруға тиіс). Жетекші еуропалық нарықтық елдердің тәжірибесі көрсеткендей, біз қазір нарықтарда көріп отырған, нәтижесі әсіресе белгілі бір кезеңдерде (наурыз айында болғандай) бұрмаланған баға белгілеу, тауарлардың әділетсіз үстеме бағалары және нақты бір кезеңде бағаның негізсіз өсуі болып табылатын олигополияны жоя аламыз» дейді министр. 

Министрдің түсіндіруінше, сақтауға бағдарланған көтерме-тарату орталықтарының бірінші бестігі (Павлодар және Алматы облыстарында екеуден, Түркістан облысында біреу) күзгі егінді «ұстауға» үлгеру үшін жылдың соңына дейін құрылады.

«Егер бәрі біз жоспарлағандай болса, онда 2022 жылдың ортасына қарай елімізде заманауи қуаттылықтағы сақтау және қажетті қуаттылықтағы тиеп-түсірулер құрылатын болады» дейді министр.