Экология • 29 Сәуір, 2020

Қоршаған ортаның тепе-теңдік қалпын сақтау қажет

580 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертіс өзені жағалауындағы жайылманың құрғақ шөптері күнде өртенуде. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, қазіргі күндері Ертіс өзенінің жайылмасында жалпы көлемі 22 гектар құрғақ шөп, қамыс, бұталар өртенген. Өрт сөндірушілер: «Құрғақ шөпті әдейі өртейтіндердің тізімін енді БАҚ-та арнайы жариялап, оларға заң жүзінде шара қолданбаса, табиғатты қорғап қалу мүмкін емес», дейді.

Қоршаған ортаның тепе-теңдік қалпын сақтау қажет

Өткен аптада Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы арқылы жіберілген 100 миллион текше метр Ертіс өзенінің суы Шідерті өзеніне құйылып, жа­­йылымға жетті. Соның сал­дарынан Екібастұз қаласы ауыл­дық аумағы, Ақтоғай ауданы Басқамыс, Шұға, Жа­лаулы, Жолболды ауылдық аумақ­тарының 21 мың гектар шабындық алқаптары суға толды.

Осыдан он жылға жуық уақыт бұрын Бұқтырма мен Шүлбіден жіберілетін су кө­лемі азайып, жергілікті шаруа­шылықтар зиян шеккен еді. Ертіс өзені жағасындағы жайылымдарға су келмей, ауыл аумақтары құрғап кетті. Тіпті, мал азығын жинау қиын­дап, шөп өспей, жайылымдар қысқарды. Жайылымға су жайылмай, құрғақшылық салдарынан алқапта өсетін шөп көлемі азая бастады. Жағалаудың тез құрғап кетуі өңірдің көптеген ауыл аумағына экологиялық тұрғыдан зардабын тигізді.

– Табиғатқа жанашыр­лықпен қарау керек. Жыл сайын Шығыс Қазақ­стан об­лысындағы су қоймала­ры­нан Ертіс өзеніне табиғатты қорғау мақсатында су жібе­рілуде. Биыл да Шүлбі су қоймасынан 14 сәуірден 10 мамырға дейін су жіберу туралы шешім ар­найы комиссияның отырысында қабылданды. Су жайылудың жалпы көлемі 6 шақырымды құрайды, бүкіл жайылма алқабы суға толады деген сөз. Облыс орталығының оңтүстігіндегі Ертіс өзені жа­ғалауындағы жайылмаларға су келіп жетті, – дейді облыстық Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурс­тары басқармасының бас­тығы Қадылжан Сәтиев.

Комиссия отырысында Ер­тіс өзені арқылы жайы­лым­­­дарға жіберілетін су көле­мі, өлшемдері, мерзімдері анықталған. Алдын ала ауа райы болжамдары алынып, су қой­малары жіті тексерілуде. Өйт­кені 2017 жылы шығыс­тағы су қоймалары ернеуінен асып-толып, маусым айында Ертіс өзеніне екінші мәрте су жіберілгені бар. Содан өңірдегі алқаптар шылқылдаған су ішінде қалып, шыбын-шіркей қаптап, шөп шабу, шөп жи­науға мүмкіндік болмады.

Басқарманың мәліметінше, биыл Ертіс өзеніне су жі­беру кезінде ауылдарға тасқы­н қаупі аз. Дегенмен де, «сақ­тық­та қорлық жоқ», қазір күні-түні өзен бойында 14 гидро­логиялық бекеттің маман­­дары су деңгейін тәу­лік бойы өл­шеп, тексеріп, бақы­лауда.

Сонымен бірге Қ.Сәтбаев атындағы су арнасы арқылы Ертіс суы экологиялық мақ­сатта көктемде Павлодар, Қа­­ра­­ғанды, Ақмола облыста­ры­ның жайылымдарына жіберіледі. Шідерті өзеніне 100 миллион текше метр су, Нұра өзені арқылы Қорғалжынға 40 миллион текше метр су құйылады.

– Шідерті өзенінен шыққан су Өлеңті, Әулиекөл, Шілікті, Шығанақ, Шиқылдақ көлдерін толтырады. Шабындық та жай­нап сала береді. Қысқы мал азығы қоры мол болады. Бұл суармалы шабындықта жоғары шөп өнімділігін алуға, мал шаруашылығының жем-шөп қорын жақсартуға, ауыл тұрғындарының өз қажет­тіліктеріне пішен дайында­уына мүмкіндік береді. Ауыл­­дықтар балық аулайды. Жерасты суының сапасы жақ­сарып, құдық суы тазаланады, – дейді басқарма маманы А.Тұрғынбеков.

Жалпы, Шідерті суару жү­йесі Кеңес өкіметі тұсын­да жасалған. Жыл сайын Екібас­тұз, Ақкөл, Сарғамыс, Комсомол ауылдық аумақтары, Ақтоғай ауданының 22,7 мың гектар жері суарылып келген. Бұл жүйе 1996 жылға дейін жұмыс істеп, кейін су босату тоқтатылады.

2005 жылы ғана Үкімет шешімімен Қ.Сәтбаев арнасынан Шідерті өзенінің төменгі жағына 50 миллион текше метр су жіберіліп, көк құрақ қаптап өсті. Мамандар бұл судың да жеткіліксіз екенін есептеп көрді. Бұл есептеуден соң, Үкіметте 2009 жылдан бастап 100 миллион текше метр су босату туралы арнайы тех­никалық-экономикалық не­гіздеме жасалып, шешім қабыл­данған. Арнадан бо­сатылған суға Экологиялық жобалау және мониторинг орталығы ЖШС-нің мамандары бақылау жасайды.

Жалпы Қ.Сәтбаев атын­дағы кәсіпорынның арна суын Павлодар, Ақмола, Қарағанды облыстары пайдалануда. Су арнасының 1 млрд 200 млн текше метр су беруге мүм­кін­дігі жетеді. Қазір бар-жоғы 440 миллион текше метр су ғана жіберілуде. Яғни өз мүм­­кіндігінің үштен бірін ғана пайдалануда деген сөз. То­лық пайдалану үшін үш өңір­­дегі ауыл шаруашылығы саласындағы суармалы алқап­тарды көбейту қажет екен.

– Арнаның суын пайдаланатын суармалы алқаптың көлемі небәрі 8 234,5 гектар. Оның 6 844,9 гектары Павло­дар облысына, 1 389,6 гектары Қарағанды облысына тиесілі, – дейді су арнасының мамандары.

Ал пайдаланылмай жатқан жердің бәрі жекенің қолында. Бұл суармалы алқаптардың көлемін арттыруға кедергі еке­ні сөзсіз.

Екіншіден, жайылма ал­қап­тарына судың келуі – Ер­тіс өзені жағасындағы көк­­тем кезінде құрғақ шөпті өр­тенуден сақтайды. Үкімет қаулысына сәйкес Ертіс өзе­нінің жайылма алқаптары ерек­ше аумақ ретінде қорғауға алынғанымен көктемде құрғақ шөптің өртенуі, «біреулердің» өртеуі жиіледі.

Шығыстағы су қойма­ларынан және Қ.Сәтбаев атын­­дағы кәсіпорын арнасы­нан су жіберу жұмысын еліміз­дің Ауыл шаруашылығы министрлігі қаржыландырады. Арнайы тариф бойынша 1 текше метрге 14 теңгеден бөлінеді.

Ал табиғатқа зиян келтіру­шілерге – қоршаған ортаның тепе-теңдік қалпын бұзбай, Ертіс өзені жағалауында ор­на­ласқан аумақтағы жасыл экологияны сақтау, ортайып қалған көлдерді толтыру үшін атқарылып жатқан мақсатты жұмыстарды түсіндіру қажет  сияқты.

 

Павлодар облысы