Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы шектік нормадан асып кетпеуі тиіс. Карантинді сылтауратып, саудагерлер қарапайым халықтың қалтасын қақпауы қажет.
Карантин басталғалы жылқы еті мен сиыр етінің келісі 300-400 теңгеге қымбаттады. Ел ішінде сойыстық мал бар болғанымен шаруалар облыс орталығындағы сауда сөрелеріне жеткізе алмай жатыр. Тіпті, жұмыртқадан жүн қырқатын делдалдардың да дымы құрып отыр. Айтуларына қарағанда, ет тасуға рұқсат алғандарымен көпшілігінің мұздатқышпен жабдықталған көліктері жоқ екен. Сол себепті, бұл уақытша қымбатшылық деп ұқтық. Сатушылар ет, макарон бағаларын шектік нормада тұрақты ұстап тұр. Ал жұмыртқа, қарақұмық қымбаттау. Бұлар үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жатады.
Сауда сөрелеріндегі: макарон – 215, қарақұмық – 339, тазартылған күріш – 307, жұмыртқа – 267, өсімдік майы – 417 теңге көлемінде. Басқа тауарлардың бағасы қатаң бақыланбаса да, мұндай тауарлар әрдайым қадағаланады.
–Бүгінде қала базарларындағы әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі тауарға мониторинг жүргізіліп отырады. Оның ішіндегі тоғыз түрі үшін шектік баға бекітілген. Аталмыш тауарлары бойынша қалалық әкімдік мамандары бақылаулар жүргізіп, талапты бұзған саудагерлерге әкімшілік құқықбұзушылық бойынша хаттама толтырады. Біз Орталық базар, Рубин, Кристалл, Смолл, Союз сынды ірі сауда нысандарындағы тауарлар бағасын бақылаймыз. Қала бойынша 515 ірілі-ұсақты сауда нысанына тексеру жасалады. Соңғы екі күнде бағаны тұрақты ұстамағаны үшін 13 ескертпе хаттама толтырылды. Алғашқы ескертуден кейін мұндай заң бұзушылықты қайталаған саудагерге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады,–дейді қалалық кәсіпкерлік бөлімінің жетекшісі Андрей Подгурский.
Азық-түліктің бағасына алаңдап отырған халықтың қамын ойлаған да жақсы-ау.
Көкшетау қаласы