Оған дейінгі 1 жыл ішінде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен тиісті ұйымдар үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Сарапшылар әзірге мемлекеттік ұйымдардың дайындығына көңілдері толмайтынын айтып отыр. Алыс-жақын көрші мемлекеттердің сапасы күмәнді тауарлары ішкі нарықты толтырып, біз оны талғамай-таңдамай жұтып, ағзаға қауіп төндіретін элементтерін сіңіріп жатырмыз. Өзімізде өндірілген немесе сырттан келген тауарлардың сапасына қатысты талаптарды өзгертпесек, ДДҰ мен ЕАЭО қойған шартты орындау мүмкін емес.
ДДҰ осыған дейін ТМД елдерінде химиялық заттарды басқару үшін ұлттық жүйелердің негізгі элементтері туралы жобаны жүзеге асырып келген болатын. Бізге кезек келгеніне де екі-үш жылдың жүзі болыпты. Таяуда Алматыда екі күнге созылған бұл жиын ДДҰ-ның Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азияның кейбір елдерінде химиялық заттарды басқару үшін ұлттық жүйелердің негізгі элементтерін құру жобасы шеңберінде өтті.
Қазақстандағы Тұрақты дамуға ықпал ету орталығының өкілі Вера Мұстафина алқалы жиын аясындағы пленарлық сессияда қазақстандықтар ғана емес, әлем халқының күнделікті тұрмысын химялық құрамы басым қоспаларсыз көзге елестетудің мүмкін еместігін айтты. Ол ағзамызға ауа, су, жер мен жел ғана емес, өсімдік, ет-сүт өнімдері арқылы еніп жатыр. Қарапайым мысал: адамның ағзасындағы сынап қалыпты мөлшерден асып кетсе, ол гормонына әсер етіп, түрі аурулардың пайда болуына себепкер болады. Өз-өзіне қол жұмсау түйсік арқылы гормоннан берілетінін медицина баяғыда дәлелдеген. Адам бойындағы гормондардың ауытқуына себепкер болатын күш – сыртқы фактор, ауа, су ғана емес, тағам, киім және тұрмыста кең қолданатын тұрмыстық техникалар құрамындағы зиянды химиялық қоспалардың әсері екен.
«35 жылдық тәжірибемде ағзамдағы гормондардың өзгерісі немесе сынап мөлшерін анықтап беріңізші деп дәрігердің қызметіне жүгінген отандастарым жайлы естіген жоқпын», дейді В.Мұстафина.
Ол сондай-ақ Еуроодақ немесе батыстың басқа да елдерінде бұл жүйенің заңды күшке ие болғанын да айтып өтті. Мысалы, Германияда импортталған немесе экспортқа шығатын тауарлардың таңбасында оның құрамы ғана емес, сол элементтердің қандай аурулардың жасушаларын қоздыратыны, бойында дерт белгісі бар адамдардың бұл тауарды сатып алуға болмайтыны туралы кеңес беріледі, сөйтіп таңдауды тұтынушының талғамына қалдырады. Тауарлық таңбадағы бұл мәлімет жазбаша беріледі немесе онлайн оқуға да мүмкіндік бар.
«Талғамы жоғары тұтынушыны қалыптастыруға кез келген мемлекет мүдделі. Бұл міндетті еңсеру үшін әрбір тұтынушы әрекетті өзінен бастау керек. Мемлекеттің заңдары тұтынушының талғамына қарап қалыптасады. Құрамы 100 пайыз химиялық элементтерден тұратын целлофан қалталар мен пластик бұйымдардың ашық ауада немесе теңіз түбінде бір ғасырға дейін ыдырамайтыны белгілі. Олар табиғатқа ғана емес, адамның ағзасына да кері әсер етеді. Қоғамның қарсылығынан қаймыққан ЕО елдері, АҚШ-тың ресми билігі тауардың бұл түрінен ресми түрде бас тартқанына талай уақыт болды. Бізде де ілгерілеу бар. Дүкендерде целлофан қалталардың орнына қағаздан дайындалған бұйымдар ұсыныла бастады. Біз осы жұмысты соңына дейін жалғастыруымыз керек», деді В.Мұстафина.
Семинарға қатысушылар бұл міндетті Қазақстанның жеке жүзеге асыра алмайтынын, бірлескен іс-қимыл арқылы ғана белгілі бір нәтижеге қол жеткізетінімізді айтып өтті. Бұл үшін ЕАЭО шеңберінде химиялық заттарды тіркеудің ұлттық жүйесін қалыптастыру, химиялық заттардың адам денсаулығына және қоршаған орта үшін тигізетін қауіпін бағалау, химиялық заттар мен қоспаларды жіктеудің классификациясын құру немесе сондай шешім қабылдауды талап етуіміз керек.
Жиын барысындағы тағы бір семинарда Италияның Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық институтының өкілі Гвидо Белломо Еуропалық одақ елдерінің, оның ішінде Италияның химиялық заттарды тіркеудің қолданыстағы жүйесі арқылы олардың артықшылықтары мен кемшіліктерін көрсете отырып таныстырған болатын. Белломоның айтуынша, 1955-1960 жылдарға дейін АҚШ-та, ЕО елдерінде мемлекеттік тізілім арқылы дүкен сөрелерінде пайда болған тағам, техника түрлерінің химиялық құрамы жайлы халыққа түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, сатып алуға шешім қабылдаған тауардың сертификатына назар аудару қажеттігі ескертіліп келді. «Бұл үрдіс 1970 жылдарға дейін жалғасқан. ДДҰ арқылы жүзеге асқан жоба 15-20 жыл ішінде талғамы жоғары, сауатты тұтынушыны қалыптастырды. Бұл бір демде жүзеге асатын шаруа емес. Бірақ түпкі нәтижеге талғам ғана емес, төзім де жеткізеді» деген болатын.
Белломо мырзаның сөзінен ұққанымыз, зат немесе тағам құрамындағы химиялық заттар ең алдымен адамның гормондарына әсер етеді. Ал адамның ағзасындағы дерт белгілері гормонға тәуелді. Адамның гормоны жүйке жүйесіне әсер етеді. Бұл бойда бұғып жатқан генетикалық дерттің қозуына себепкер болады. ДДҰ бұл жобасы осыған дейін Балтық жағалауындағы мемлекеттерде жүзеге асты», деген еді Гвидо Белломо.
«Тұрақты дамуға ықпал ету орталығының» өкілі Вера Душкина мұндай тәжірибе КСРО елдерінде де қолданыста болғанын еске салды. Мысалы, 1960-70 жылдары кәдімгі теледидар жаңадан қолданысқа енген жылдары адамдар оның радиациялық әсерінен қорғану үшін теледидар көргенде көзін ғана ашық қалдырып, денесінің қалған бөлігін матамен тұмшалап жауып алатын болғанын айтты. Тіпті күнделікті тұрмыста кеңінен қолданысқа ене бастаған техника туралы қосымша ақпараттар теледидарлар арқылы жиі беріліп тұрған. Нәтижесіне тауар өндіруші сапаға басымдық берді, тұтынушы оған сенді. «КСРО жүйесі жабық есік жағдайында өмір сүрді. Сырттан келген тауарлар арнайы тексеруден өтіп барып, дүкендерге жіберілді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Ішкі нарыққа тауар дорбалап та, вагондап та еніп, технология жыл емес, ай сайын жаңарып жатыр. Біз елге келіп жатқан тауарды ЕАЭО шеңберінде тауарларды сертификаттау таңбасы арқылы ғана іріктеуден өткізіп, сапа белгісін қоя аламыз. Бұл тұтынушыны, қоршаған ортаны сақтап қалудың әзірге қолдағы бар мүмкіндіктері», дейді В.Душкина.
Жиын барысында жобаға қатысушы елдердің химиялық заттарды тіркеудің онлайн жүйесін әзірлеу мәселелері талқыланған болатын. ДДҰ-ның осы жолғы жобасын қабылдаған Грузия тарапы әзірлеген тізімнің жобасымен таныстырды. Қазақстандық тарап әзірлеген тізімді басқа ақпараттық жүйелермен біріктіруге, мәселен, Беларусь әзірлеген тізімнің құрылымымен біріктіруге басымдық беріпті.
Аталған жоба қатысушы елдер арасында химиялық заттарды тиімді реттеу жүйесін енгізу бойынша тәжірибе алмасуға, оларды реттеу саласындағы заңнаманы жетілдіруге, химиялық заттар туралы ақпаратты онлайн түрде жинап, бөлісу үшін техникалық базаны құруға басымдық берген.
Жиын барысында химиялық заттардың денсаулыққа және қоршаған ортаға әсері туралы жұртшылықты хабардар ету, химиялық заттарды басқару жөніндегі Жол картасын әзірлеуге қатысу, химикаттарды басқару бойынша техникалық, әкімшілік, адами және қаржылық қажеттіліктерге бағалау жүргізу мәселесі тағы бір пысықталып, қоршаған орта факторларының халық денсаулығына теріс әсер ету қаупіне бағалау жүргізу бойынша ұсыныстар дайындау жөнінде еліміздің тиісті министрліктері мен басқа да ведомстволарының алдында тұрған міндеттер анықталды.
АЛМАТЫ