Аймақтар • 30 Сәуір, 2020

Жамбыл облысында «Меркі – Бурылбайтал» автожолы жаңғыртылады

726 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жамбыл өңірінің тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі – «Меркі – Бурылбайтал» автожолының жайы. Бұл мәселенің де көпшілік тарапынан көтеріліп келе жатқанына көп болды. Бүгінде өңірде ұзындығы 262 шақырым болатын «Меркі – Бурылбайтал» автожолын қайта жаңғырту бойынша үлкен жоба жүзеге асырылуда. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапарымен барып, жол мәселелеріне баса мән берді. Мұнда   құрылысы жүріп жатқан аумақтарда болып, жол-құрылыс компанияларының басшыларымен кездесті.

Жамбыл облысында «Меркі – Бурылбайтал» автожолы жаңғыртылады

Ірі жобаға қытайлық «China Xinxin Corporation» және қазақстандық «ABK-Avtodor NS» компаниялары тартылған. Сонымен қатар, «Sinohydro Corp Limited» компаниясы «Балқаш – Бурылбайтал» жолының 35,6 шақырымын салуда. Ал, «Todini and SMS» бірлескен кәсіпорны «Күрті – Бурылбайтал» трассасының 62 шақырымдық аумағының құрылысын іске асыруда. Бердібек Сапарбаевпен болған кездесуге «Ұзынағаш – Отар» жолының құрылысын атқарып жатқан қазақстандық мердігерлік ұйым «ҚазақДорСтрой» мекемесінің өкілдері де  қатысты. Айта кету керек, аталған автожолдың 16 шақырымы Жамбыл облысының аумағы арқылы өтеді. Қытайлық мердігерлермен сөйлескен Бердібек Сапарбаев олардан Қазақстанның заңдарын қатаң сақтауды талап етті. Әкім қытайлық кәсіпорындардың жалақысының төмендігін алға тартып, оның мөлшерін жыл сайын кем дегенде 10 пайызға арттырып отыру керектігін атап өтті. Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев барлық жұмысшылар үшін компания басшылығы тең жағдай жасау керектігін айта келіп, әсіресе жалақы, тамақтану және жүріп-тұру мәселелерін реттеу керектігін ескертті. Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев мал өткелдерін салу және жол бойындағы арықтар мен көпірлерді жөндеу қажеттігін де жеткізді. Сол сияқты, жол жөндеу жұмыстарының себебінен жақын маңда орналасқан 13 үйдің қабырғалары жарылған. Оларды 15 күннен кешіктірмей жөндеу керек. Бұл үшін 8,5 миллион теңге қажет.

«Қазақстанда бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі деген ұғым бар. Компаниялар жақын маңдағы елді мекендерге, облыс орталығына әлеуметтік мәселелерді шешуге көмек көрсетуі керек. Әсіресе, коронавирус жағдайын ескере отырып, жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға көмектесу қажет. Қазақстан Республикасының заңдары, оның ішінде «Тіл туралы Заңы» қатаң сақталуы керек. Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілі. Барлық маңдайшалар, оның ішінде кіреберісте орналасқан компанияның атауы да қазақ тілінде болуы керек. Мен тағы да осында келіп, бұл тапсырмаларымның қалай орындалғанын тексеремін», деді Бердібек Сапарбаев. Қытай компанияларының  жетекшілері әкімнің талаптарына толықтай келісетіндіктерін білдірді. Енді «Меркі – Бурылбайтал» жолының бір бағытының құрылысы биыл аяқталып, жол қозғалысы қалпына келе ме? Мердігерлер құрылысты толығымен жоспардан бір жыл бұрын, яғни 2021 жылы аяқтай алады ма? Бердібек Сапарбаев компанияларға осы секілді бірқатар сауалдарын жолдады. Талқылау көрсеткендей, жол салушылардың алдында ешқандай кедергілер жоқ. «Todini and SMS» басшысы облыс әкімінен Мойынқұм ауданы аумағында карьерлерді бөлуге көмек беруді сұрады. «Ең бастысы, барлық жұмыстар уақтылы және сапалы атқарылуы керек. Меркі және Шу аудандары арасындағы жолдың бір бағытының құрылысын биыл аяқтау керек. Жол құрылысында жергілікті материалдар пайдаланылып, ал жергілікті адамдар жұмыспен қамтылғаны маңызды. Жол салушылар қазақстандық өндірушілермен келісім-шарттар жасасып, битум қорын қалыптастыру керек», деді Бердібек Сапарбаев.

 

Жамбыл облысы