Коронавирус • 01 Мамыр, 2020

COVID-19 : Еркінсуге ерте екенін ескертеді

1205 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

11 мамырдан кейін елімізде коронавирус дертінің қарқыны басылып, елде жаймашуақ өмір қайта орнайтындай сезіліп жатыр. Сарапшылар  еркінсуге әлі ерте деп отыр. Себебі, індет жұқтырғандардың жаңа деректері тәулік сайын тіркеліп жатыр. Бұл індетпен әлі бірер айға дейін «көрші  қонатынымызды», бетперде мен спрейлер күнделікті тұтынатын қажет тауарлардың бірі бола беретінін сезіп жүрміз.   

COVID-19 : Еркінсуге ерте екенін ескертеді

АҚШ-та білім алып жатқан қазақстандық журналист Жолдас Өрісбай Қазақстанда вирус жұқтыру деңгейі маусым айында шарықтау шегіне жететінін есептеп шығарыпты.   Неге бұлай екенін анықтау үшін ол математикалық есептеу жүргізіп,  Италия, АҚШ, Ресей және Қазақстан кейстері біріктірілген. «Ресей мен Қазақстанда кейстердің шарықтау шегіне қашан жететінін Италия мен АҚШ-тағы кейстер санының өсу қарқынына қарап, салыстырмалы түрде болжауға болады. Ол үшін коронавирус кейсінің АҚШ пен Италияның барлық аймағын қамтыған күннен шарықтау шегіне жеткенге дейінгі аралықтағы күн сайынғы пайыздық өсімнің өзгеру коэффициентін анықтау керек. 

3 наурызда АҚШ-тың барлық штатында коронавирус кейсі тіркелді. Ал АҚШ-тағы кейс саны бойынша шарықтау шегі 25 сәуір күні (бір тәулікте 36 847 адамда вирус бар екендігі анықталды) болды. Демек, 3 наурыздан 25 сәуірге дейінгі аралықтағы күн сайынғы пайыздық өсімнің өзгеру коэффициентін есептесек, 49 пайыздан 3,9 пайызға өзгерген. Сосын АҚШ-та кейс саны шарықтау шегіне жетуі үшін 53 күн қажет болды. COVID-19 кейстері бойынша, Италияның барлық аймағы 23 ақпанда қамтылды. Демек сол күннен 21 наурызға дейінгі аралықты есептесек, коэффициент 90 пайыздан 14 пайызға өзгергенін көреміз. Сонымен, Италияда кейс санының шарықтау шегіне жетуіне 26 күн кеткен. АҚШ-та халық саны 328 миллион, ал Италия халқының саны 60 миллион екені белгілі. Біріншісіне (АҚШ-қа) шарықтау шегіне жетуге 53 күн, екіншісіне (Италияға) 26 күн кеткен. Ресейдің халық санының 144 миллион екенін ескерсек, Ресейге шарықтау шегіне жетуге орта есеппен 40 күн қажет болады. 17 сәуір күні Ресейдің Алтайында (Алтайский край) алғашқы кейс анықталып, коронавирус анықталмаған аймақ қалмады. Демек, 17 сәуірден 40 күн санасақ, Ресейдегі кейстердің шарықтау шегі мамырдың соңғы күндеріне тура келеді. Ал өзгеру коэффициенті 17 сәуірден бүгінге дейін 15 пайыздан 7.4 пайызға ауған.

Қазақстанда облыстар бойынша соңғы болып кейсі тіркелген 3 сәуір күні Қостанай болды. Сол күннен бастап бүгінге дейінгі кейстер санының күн сайынғы пайыздық өсімінің өзгеру коэффициенті 6,5 пайыздан 5,3 пайызға өзгеріп отыр. Қазақстанда өзгеру коэффициентінің салыстырмалы түрде төмен болуына және өзге елдердің кейс санына қатысты корреляцияланбауына тәулігіне жасалатын тестілеу санының аз екендігі негіз. Осы күнге дейін Қазақстанда коронавирусты анықтауға қанша тест алынғаны туралы нақты дерек таба алмадым.  Мысалы, бүгінге дейін АҚШ 6 миллионға жуық, ал Ресей 3 миллионнан астам тест алып үлгерген. Халық санын салыстыра отырып айтқанда, Қазақстан кем дегенде Ресейден 10 есе аз жасай алған болуы тиіс. Егер одан аз жасаған болсақ, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар санының төмен болуына тест жасаудың жетіспеуі негіз болады. Бұл Қазақстандағы кейстер санының шарықтау шегіне жетуін тағы 10 күнге кешеуілдетеді, яғни маусымның бірінші жартысына тура келеді» деген журналист пандемиядан шығудың үш жолы оқырмандардың назарына ұсынған. Коронавирус пандемиясы бүкіл әлемді дүр сілкіндіріп отыр. Бүгінге дейін әлемде 3 миллионнан астам коронавирус кейсі анықталса, 217 мың адам сол вирустан өлген. Вирустың бірінші толқынынан Қытай, Тайван, Оңтүстік Корея, Сингапур сынды елдер өтті. Кейбіреулерінде коронавирустың екінші толқыны қайта басталып та үлгерді. Ал Испания, Италия және АҚШ сынды елдер шарықтау шегінен өтіп, кейс сандарын аздап төмендете алды. Бірақ, әзірге, минимумға дейін төмендете алған жоқ. Батыс Еуропа елдері мен АҚШ пандемияны ауыздықтаудың үш түрлі сценарийін қарастырыпты. «Біріншісі, сюрреалистік. Ол азаматтардың бетпе-бет жүздесуден максимум арылып, 100 пайыз халықтың үйінен шықпай отыру арқылы вирусты толық жоюды білдіреді. Өздеріңізге белгілі, бұл мүмкін емес. Себебі адамдардың барлығы бірдей жауапкершілікпен қарап, үйінен мүлде шықпай қоймайды. Арамызда вирустың бар екенін сенбейтіндер де бар. Оларға ешнәрсе өзгермегендей жүре береді. Одан басқа, жауапкершілігі бар адамдар минимум болса да қарым-қатынас жасайды. Ең болмағанда дүкенге барады немесе итін серуендетіп, басқа адамдармен интеркоммуникацияға енеді. Мұндай сюрреалистік сценарийдің жүзеге асырылғанымен, халықтың әл-ауқаты төмендеп, бүкіләлемдік бұрын соңды болмаған дағдарыс орын алады. Екіншісі, реалистік. Ол ешқандай карантин енгізбей, бұрынғы өмірді жалғастыра беру арқылы вирустың толық адамзатқа жұғуы. Осылай коронавирусты жұқтырып, аман қалғандар бір жылға дейін қорғайтын иммунитет қалыптастырады. Ал денсаулығы нашарлау, жасы үлкендер жаппай қырылады. Есесіне ешбір ел экономикалық қиындық көрмейді. Үшіншісі, рационалды. Ол экономиканы да құлдыратпай, адам өлімін де барынша азайту арқылы пандемияны жеңу. Бірақ бұл адамзаттың вакцина табылғанға дейін тұрақты түрде бұрынғы өмірге қайта алмайтынын білдіреді. Мысалы, коронавирус тарала бастағанда, карантин шаралары 30-45 күнге енгізіледі. Ал вирустың таралуы бәсеңдегеннен кейін адамдар қайтадан жұмыстарына оралып, бұрынғыша өмір сүре бастайды. Мұндай кезде, әрине, вирус қайта тарай бастайды. Ол кезде тағы 30-45 күнде карантин бекітіледі. Коронавирус таралуы тағы бәсеңдегеннен кейін, карантин шаралары қайтадан алынып тасталады. Осылай адам баласы ауысыммен вакцина табылғанға дейін өмір сүруге тиіс. Батыс Еуропа елдері мен АҚШ осы үшінші сценарийді таңдап отыр. Себебі көп уақытқа дейін адамдар үйлерінде міндеттеп отырғыза алмайды. Сосын халықтың әл-ауқаты да төмендейді. Тіпті дамыған елдерде көмекке зәру халықтың барлығына ұзақ уақыт бойы қаржылай қолдау көрсете алмай отыр. Мысалы, АҚШ-тың пандемияның кесірінен зардап шеккен халықты, оның ішінде бизнес өкілдерін қолдау үшін 4 триллионға жуық қаржы бөліп отыр. АҚШ тарихында алғаш рет федералды бюджет дефициті ЖІӨ-нің 20 пайызына жетіп қалды. Сондықтан, Трамп бизнес секторын мамыр айынан ашуды бастамақ» дейді журналист.

Франциялық Figaro басылымына берген сұхбатында Билл Гейтс қалыпты өмірге бір-екі жылсыз орала алмайтынымызды айтып эатыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше қазірге дейін 3 миллионнан астам адам дерт жұқтырып, 210 мыңнан астамы көз жұмған. Қазақстанда ауру жұқтырғандар саны 3000-нан асты. 829 адам жазылып шықса, 25 адам қауіпті дерттен көз жұмған. Еске салайық, 4 мамырдан бастап елімізде мына мекемелер жұмысын қайта бастайды. Шешімді Асқар Мамин төрағалық жасайтын мемлекеттік комиссия қабылдаған. 

  

 

АЛМАТЫ