Қоғам • 04 Мамыр, 2020

Өндірістік жарақатқа жол бермеу қажет

673 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні қарсаңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс берушілерге, кәсіподақтар мен еңбек ұжымдарына «Қауіпсіз еңбек» ұранымен іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуға шақырды.

Өндірістік жарақатқа жол бермеу қажет

Жыл сайын 28 сәуірде Дүние­жүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Биыл бұл күн­нің тақырыбы «Пандемияны тоқ­тату: жұмыстағы қауіпсіздік пен денсаулық адам өмірін сақтап қалады» деп жарияланды. 28 сәуірде әлемдік жұртшылықпен ынтымақтаса отырып өндірісте зардап шеккен қызметкерлерге құрмет көрсетеміз, еңбек қауіп­сіздігі және еңбекті қорғау жө­ніндегі шараларды сақтауға шақы­рамыз, еңбек мәдениетін наси­хаттаймыз, дейді ведомство басшысы.

Халықаралық еңбек ұйы­мы­ның деректері еңбекті қорғау саласында ауқымды түйткіл бар екенін көрсетеді. Әлемде жыл сайын 2 млн-нан астам адам қаза табатын 270 млн жазатайым оқиға және 160 млн кәсіби аурулар тіркеледі. Өкінішке қарай мұндай жағдайлар біздің елде де орын алып жатады. Республика кәсіпорындарында жыл сайын 1300-ден астам қызметкер жарақат алады. 2020 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша зардап шеккендердің саны 341 адамды құрады. Зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында 2019 жылы 370 мыңнан астам қызметкер жұмыс істеді: шу мен дірілдің жоғары деңгейі жағдайында әрбір екінші (45,9%), жұмыс аймағының жоғары газдануы мен шаңдануы жағдайында әрбір үшінші (32,6%) жұмыскер еңбек етті. 94 мың адам немесе сауалдамаға қатысқан кәсіп­орын­дар қызметкерлерінің саны­нан 5,6%-ы ауыр дене еңбегі­мен айналысқан. Былтыр 676 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс үшін 128 млрд теңге көлемінде түрлі өтемақы алды.

«Қазақстанда 2020-2021 жыл­дарға арналған жұмыспен қамту­дың жол картасын іске асыру басталды, оның аясында 255 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Біз жұмыс беру­шілерді жұмысшыларға қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға шақырамыз» деді министр.

Жарақаттануды және ең­бек жағдайлары зиянды жұмыс орын­дарының санын азайту мақ­сатында Үкімет қаулысымен 2019 жылы Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасы бекітілді. Ұйымдарда еңбекті қорғауды басқару жүйесін енгізу тетігін көздейтін еңбек мәселелері жөніндегі заң жобасы Парламент Сенатының қарауында. Заң жобасы қабылданғаннан кейін еңбекті қорғауды басқару жүйесі жұмысшылардың қауіпсіздігі мен денсаулығының сақталуына жұмыстағы қауіпті факторлардың әсерін анықтау үшін одан туындайтын тәуекелдерді талдауға негізделетін болады.

«Жұмыс берушілерді, кәсіп­одақтарды, еңбек ұжымдарын «Қауіпсіз еңбек» ұранымен іс-шаралар өткізуге, сондай-ақ «Vision Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуға шақырамыз. Өткізілген іс-шара­лардың негізгі мақсаты – өндірістік жарақаттанудың алдын алу, қауіпсіз еңбекті насихаттау және қызметкерлердің еңбек процесінің қауіпсіздігіне саналы көзқарасын арттыру. Бұл үшін бізге барлық мүмкіндіктерді пайдалану қажет», делінген Біржан Нұрымбетовтің мәлімдемесінде.