Елбасымыз тәуелсіздік жылдарында қайта түлеудің айрықша екі үрдісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғырудың жүзеге асқандығын ескере отырып, 2017 жылы Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанына назар аударып, халыққа «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын ұсынды. Міне, биыл бағдарламаның жүзеге асырылып жатқанына 3 жыл толып отыр. Бағдарламаны кең көлемде жүзеге асыру мақсатында Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде үш жыл бұрын «Рухани жаңғыру» кафедрасы құрылды.
Кафедра өңірлік жобалық кеңсемен, өңірлік сараптамалық кеңесімен, мемлекеттік органдармен және сарапшылармен тығыз байланыста жұмыс істейді. Бағдарламаның негізгі бағыттары мен кіші бағдарламалары шеңберіндегі жүзден астам іс-шараларды, 10 жоба (республикалық және университеттік арнайы жобаларды қосқанда) мен 2 кіші жобаны қамтитын жол картасы әзірленді.
Құнды жәдігерлерді цифрландыру
Оқу орнымызда жүзеге асырылып жатқан сондай ауқымды жобалардың бірі «Алтай – түркі әлемінің бесігі» деп аталады. «Рухани жаңғырудың» «Туған жер» аймақтық бағдарламасына енген осы жоба аясында университетімізде «Алтын Алтай» музейі ашылып, көптеген құнды жәдігерлермен толықты. Ал «Алтай – түркі әлемінің бесігі» жобасы шеңберінде облысымыздың көрікті және тарихи орындарын зерттеп-зерделеу мақсатында мектеп оқушылары үшін халықаралық жазғы экспедициялар ұйымдастырылды. 2018-2019 жылдардағы университеттің цифрлық мүмкіндіктері мұражай экспонаттарын цифрландыруға бағытталды. Бүгінгі таңда 3D-модельдеу музей экспонаттарының үш өлшемді сандық көшірмелерін жасаудың ең маңызды технологияларының біріне айналған. Цифрландырылған коллекциялар енді виртуалды мұражай кеңістігінде қол жетімді. Мұражайда 220-дан астам 3D модельдер жасалды, үш мыңнан астам археологиялық артефактілер, фотоқұжаттар мен нумизматика цифрландырылды. Алтайдың ежелгі шахталарының 3D-үлгілері: Карағоин, Баймұрза, Асқаралы, «Ежелгі Алтайдың тау-кен металлургиясы» залындағы QR кодтары, «Үлкен Алтай» интерактивті картасы, «Шығыс Қазақстан облысының киелі орындары» атты 20-дан астам атаулы бейнероликтер, аудиогид, мезозой дәуіріндегі қазба жануарларының 3D-модельдері жасалды.
Біздің университет ғалымдары аймақтағы археологиялық қазба жұмыстарына да белсенді атсалысуда. Бұл ретте оқу орнымыздың қызметкерлері белгілі археологтар З.Самашев пен Ә.Төлеубаевтың қазба жұмыстары кезінде геологиялық барлау жұмыстарына қатысып, құнды жәдігерлері бар қоныстар мен қорымдардың ашылуына өз үлестерін қосты.
Цифрландыру туралы айтқанда, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында университетімізде қолға алынған «Цифрлы ШҚМТУ» жобасын ерекше атап өткіміз келеді. Жобаны жүзеге асыру үшін «Роботсыз басқарылатын жүйелер», «Аддитивті технологиялар», «Жерді зерттеудің сандық әдістері», «Толықтырылған және виртуалды шындық», «Өмірді интеллектуалды басқару жүйелері» секілді білім беру бағдарламаларын әзірледік. «Цифрлық Қазақстан» жобасының негізгі бағыттарын енгізу білім беру бағдарламаларының IT-мазмұнын арттыруға, университет үшін бірыңғай виртуалды білім ортасын құруға, «бір терезе» қағидатын, сервистік орталықты (DSP) жүзеге асыруға, университеттің мобильді инфрақұрылымын (мобильді қосымшалар) дамытуға мүмкіндік береді. Жобаны іске асыру барысында университет ғалымдары әзірлеген жаңа инновациялық білім беру бағдарламаларының тұсаукесерлері өткізілді. Бағдарламалардың тұсаукесеріне шетелдік профессорлар, қаладағы «Казцинтех» ЖШС, ҮМЗ секілді ірі кәсіпорындардың өкілдері қатысты.
Елдегі жалпы карантиндік жағдайға орай қашықтықтан оқытуға, оның ішінде білімді бағалаудың барлық түрлерін қашықтықтан жүргізуге ауыстыру – университет үшін жаңа формат емес. Сондықтан ауысу тез әрі оңай болды. Қашықтықтан оқытуға жедел түрде көшу үшін қолданыстағы платформаның қуаттылығы арттырылды. Қазіргі уақытта университеттегі барлық факультеттердің 6000 студенті, магистранттар мен докторанттар білім порталында онлайн режимде білім алуда. Білім алудың бұл платформасы бүгінгідей күрделі кезеңде оқытушылар мен студенттерге еш қиындықсыз толыққанды онлайн оқыту режиміне көшуге мүмкіндік беріп отыр.
Қашықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған сандық шешімдер мен сервистер саны күн сайын артып келеді. Соңғы жылдары университет Қазақстанның басқа аймақтарында – Ақтөбе, Атырау, Алматы, Астана, Павлодар, Қызылорда, Қостанай, Риддер, Семей, сондай-ақ Польша, Түркия, Болгария, Германия, Санкт-Петербург, АҚШ-та өмір сүріп жатқан Қазақстан азаматтары үшін қашықтықтан оқыту бағдарламаларын сәтті жүзеге асыруда.
Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық, үштілділік
Жаңа оқулықтарды оқу үрдісінде сапалы және кешенді түрде пайдалану мақсатында жобаны іске асырудың жол картасы әзірленіп, бекітілді. Университет кітапханасына 65 аталым бойынша 7727 кітап түсті. Жол картасына сәйкес жоба аясында оқу орнымызға түскен жаңа кітаптардың тұсаукесері ұйымдастырылып, жаңа оқулықтарды қолдануды оңтайландыру бойынша әдістемелік семинарлар, университет оқытушыларының ашық сабақтары тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Барлық жаңа оқулықтар оқу процесіне белсенді түрде қолданылуда. Осы мақсатта «Философия», «Әлеуметтану», «Психология», «Лингвистика», «Менеджмент», «Экономика» және «Кәсіпкерлік» пәндерінің оқу-әдістемелік кешендеріне өзгерістер енгізілді. Оқу процесінде жаңа оқулықтарды қолдану бойынша әдістемелік құралдар жасалды. Қызметкерлердің тілдік құзіреттіліктерін арттыру және олардың бәсекеге қабілеттіліктерін дамыту мақсатында университет «Үш тілділік – жетістік формуласы» жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында үш тілде 12 бағдарлама мен ағылшын тілінде 6 бағдарлама әзірленді. Ағылшын тілінде 46 профессор-оқытушы сабақ жүргізеді және тілдік үйірмелерге 93 студент қатысады. Университетте ағылшын тілін деңгейлеп оқыту және TOEFL-ге дайындық курстары, ағылшын тілін оқытудың авторлық бағдарламалары бойынша инновациялық және коммуникативті тренингтер мен семинарлар ұйымдастырылып тұрады.
Ағылшын тілін жетік меңгеру университеттің студенттеріне, магистранттары мен докторанттарына академиялық мобилділік бағдарламаларына қатысуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2018-2019 жылдары Польша, Германия және Чехия университеттерінде «Компьютерлік техника және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Автоматика және басқару», «Металлургия» және «Аспап жасау» мамандықтары бойынша 15 адам академиялық мобилдік бағдарламаларына қатысты. «Металлургия» мамандығы бойынша 2 магистрант Жапония университетінде тәжірибеден өтті.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы білім-ғылымы толысқан, үздік маман, нағыз үлгі боларлық жастарды көпшілікке насихаттайтын айтулы жобалардың біріне айналды. Осыған орай жастарымызды жаңа жеңістерге жігерлендіру, ақылымен, дарынымен заманауи қазақстандық қоғамды қалыптастыруға үлес қосқан тұлғаларды таныстыру, пікір алмасу мақсатында «Қазақстандағы 100 жаңа есім»: табысқа жетудің құпиясы неде?» атты бейнеконференция өтті. Кездесу қонақтары Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары ақын, Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, аудармашы Мақпал Тәжмағамбетова мен ақын, "Серпер" жастар сыйлығының иегері Ержан Жұмабек.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, "Дарын" мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Мұхамеджан Тазабеков, Әлем кубогының иегері, Еуразияның екі дүркін жеңімпазы Ардақ Назаров университетіміздің студенттерімен кездесіп, жастарды ой-саналарын ұлттық деңгейге көтеруге, сондай-ақ мемлекеттік сананы қалыптастыруға шақырды. Университеттің ғылыми кітапханасында өткен кездесуде белгілі жазушы, журналист, публицист Әлібек Қаңтарбаев өз шығармашылығымен бөлісті. Сонымен қатар, Семейдегі «Алаштану» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих және дүниетану ғылымының академигі Тұрдықұл Шаңбай, фотограф Сергей Суровпен кездесу студенттерге ерекше әсер қалдырды.
Алтай – түркі әлемінің бесігі
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Үлкен Алтай мұражайы» жобасы университет ректоры Жасұлан Шаймардановтың ұсынысымен бастау алды. 2017 жылдан бастап университет қызметінің бұл бағыты «Туған жер» аймақтық салалық бағдарламасына енді. Жоба шеңберінде экспедициялар ұйымдастырылды. Бірнеше күн бойы қола дәуірінің ежелгі шахталары, Ақбауырдың петроглифтері мен Сартынбет гроттары зерттелді. Геология профессоры А.Бубняк шахталардың жағдайын, тау қабаттардың орналасу құрылымын зерттеп, ежелгі ескерткіштердің 3D-моделін жасады.
2019 жылдың шілде айында «Алтай – түркі өркениетінің бесігі» тарихи-мәдени кешенін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізу мәселесін зерттеу үшін Берел қорымымен толық танысу мақсатында Шығыс Қазақстан облысына ЮНЕСКО ғылыми экспедиция сарапшылары келді. Экспедиция жұмысының қорытындысы бойынша университетімізде «Ұлы Дала тарихы мен мәдениетіндегі Алтай» атты дөңгелек үстел өтті. Шараға еліміздің және Жапония, Бельгия, Ресей сынды мемлекеттердің академиялық және жетекші ғылыми орталықтары мамандары қатысты.
Абай тойы
Биылғы жыл – мемлекетіміз үшін ерекше жыл. Ерекше болатыны, ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы. Бұл мерейлі датаға біздің университетіміз де өз үлесін қосуда. Оқу орнымыз «Абай жаққан алау» атты тақырыппен Абай жылының ашылуын салтанатты түрде өткізді. Абайдың мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Оқу орнымыздың басты міндеті – Абай мұрасын, еңбектерін ұрпақ санасына сіңіру. Осы орайда университетімізде көптеген жобалар қолға алынуда. Соның бірі – «Адам бол» академиясы. Бұл жоба студенттердің санасын жаңғыртуға бағытталған. Университет түлектері қандай ортада болсын бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Оқу орнымызда «ХХІ ғасырдағы Абай» курсы оқытылады. Қаңтар айында университет біздің облыспен іргелес Ресейдің Барнаул қаласындағы Алтай мемлекеттік университетінде және И.Ползунов атындағы Алтай мемлекеттік техникалық университетінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай көрме өткізді. Бұл көрме аталған оқу орнында «Орталық Азиядағы білім-ғылым және мәдени кеңістіктегі халықаралық ынтымақтастықты дамыту» тақырыбында өткен стратегиялық сессия барысында ашылды. Ақын мерейтойына орай жыл бойы әртүрлі іс-шаралар өткізу жоспарымызда бар.
Университет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» жобасының жүзеге асырылуына белсенді түрде атсалысады. Алдағы уақытта университет ұжымы мен білім алушылар рухани жаңғырудың, озық ой-сананың, ұлттық рух пен патриотизмді насихаттайтын жарқын істердің көшбасында жүреді деп сенеміз. Себебі аталған бағдарламалық мақалалардың жүзеге асуы еліміздің дамуына, ұлттық болмысымыздың ілгерілеуіне жол ашады.
Сәуле РАХМЕТУЛЛИНА,
Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры
ӨСКЕМЕН