Қоғам • 06 Мамыр, 2020

Атажұрттағы атаулардың ақтаңдағы

356 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тыңның эпицентрі аталған Ақмола өңіріндегі елді мекендердің идеологиялық тұрғыдан әбден ес­кірген атауларын өзгертетін уақыт жетті. Жетпіс жылғы солақай сая­саттың тұмшалаған қара шымыл­дығын серпіп тастасаңыз, арғы жақтан атамекеннің байырғы атаулары саф алтындай жарқ ете түсер еді.

Атажұрттағы атаулардың ақтаңдағы

Алда-жалда табиғаты тамыл­жыған Сандықтау ауданына жо­лыңыз түсе қалса, бұл өлкені жер­гілікті ұлт бұ­рын-соңды мүлде мекен етпеген тә­різді әсерде қаласыз. Елді мекендер Новоникольск, Ново­селовка, Веселое, Быс­три­мовка, Граниковка, Михайловка деген тәрізді атаулармен бір-бірі­не жалғасып кете береді. Ал осы атау­лар­дың тұнық дүниені был­ғай, барды өшіре, санадан сы­ра қойылғандығын дәлелдеу оп-оңай. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Ақ­мола облысындағы ономастика са­ласындағы игі бастамаларға қолдау білдіріп, архив­терде шаң жұтып, қажымай-талмай ізденіс жұмыстарын жүргізу ар­қы­лы ба­йырғы жер-су атауларын ғылы­­ми сараптамадан өткізіп, дәйек­­ті дерек­тер ұсынып отыр. Енді­­гісі осы құжат­тарды негізге ала оты­рып, әділеттің салтанат құруы. Жо­ғарыда біз айтып өткен Сандықтау ауданындағы қазіргі қап­таған атаулардың бәрі кешегі кеңес заманында әділетсіздікпен қойыл­ған.

Зерделей зерттесеңіз, ілкі заманғы жер-су атаулары тұнып тұр. Мәселен, орта­­лық мемлекеттік архивтегі №317 қор­­дың бірінші тізіміндегі №58 істе Ново­­никольскінің – Қояндыкөл, Ново­се­ловканың – Жалтыркөл, Веселоеның – Балапан, Быстримовканың – Жал­пақ­қарағай, Граниновканың – Тақыр­жы­лан­ды, Михайловканың – Жыланды, Мень­шиковканың – Қарағайлысай, Ново­марковканың – Үшаша, Спасс­коен­ың – Сарымсақты аталғаны тура­лы нақты деректер бар. Ақкөл ауда­нын­дағы Урюпинка ауылы ілкі заманда Шолаққарасу аталған екен. Бұл жайлы дерек орталық мемлекеттік архив­тегі №371 қордан табылып отыр. Ондағы Ақмола уезі қоныс аудару аудан­да­рындағы елде орналасу барысы туралы мәлімдеме деп аталатын құ­жатта тайға таңба басқандай ап-анық көрсетіліпті. Ақмола облыстық тари­хи-өлкетану музейінің жинаған дерек­те­ріне қарағанда, бұл елді мекен сонау 1884 жылы құрылып, 1901 жылға дейін Сос­нов­ка деп аталған. Оның себебі де бар, жаңа елді мекен орналасқан жер­ді ит тұмсығы өтпейтін қалың қа­ра­­ғай орман қаумалап тұрған.

Тек кейін өкінішке қарай, сансыз зәулім қарағай аяусыз оталып, құрылысқа пай­да­ла­ныл­ған да, жойылып кеткен. Уақыт өте келе, Ресейдің Волгоград облы­сындағы Урюпинск қаласынан қара­шекпенділердің жайлы жер іздеп, үдере көшіп келулеріне байланысты бұл жер Урюпинка аталған. Әйтсе де ескі атауы біраз уақытқа дейін жо­йыл­­май, Сосновка-Урюпинка деген қосар­лы атпен аталған. Бұл туралы Ақкөл ауданының мектеп мұрағатынан табыл­ған жазбада жан-жақты баяндалады. Көркем табиғаттың ілкі замандағы кес­кі­ніне қылау түспей тұрған шақтағы ғажайып бейнесі де сипатталыпты.

Ілкі заманда атам қазақ жер-су атауларын тегіннен-тегін қоя салмаған. Төскейіндегі елге айрықша еңбегі сің­ген, ерлігі мұра болған бабалар есімі немесе жер-судың айрықша белгілері негіз болған. Мәселен, осы Урюпинка қоныс­танған жердің ілкідегі атауы Шолақ­қарасу. Бұл өзен негізгі қорегін жерасты суларынан алатын болған. Қырық күн шілдеде, қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта өзен тартылып, ойдым-ойдым қара суларға айналады екен. Сол себепті жылап аққан шағын өзен Шолаққарасу атанған. Осы аудандағы Ново-Рыбинский ауылының байырғы атауы – Шортанкөл. Жалпақ далада тананың көзіндей жарқырап жатқан көлде шортан балық ересен көп болыпты деседі. Жаздың жалпағында таң ата жылқыны суға құлатқанда, шортан балық бастары шоқпардай болып, көл жиегінде үй­мелесе жүзеді екен. Көптігі сондай, қата­лап келген жылқыны үркітеді екен. Міне, осыдан көл Шортанкөл деген атауға ие болған. Байырғы атау туралы орталық мемлекеттік архивтің №371 қорында анық дерек келтірілген. Елді мекеннің көл жағасына орналасуының да өзіндік себептері бар. Өйткені шабатасын сүйреткен қарашекпенділер қазақ даласының құнарлы жеріне, өзен-көл­дерінің маңайына үйір. Ор­ма­­нында саңырауқұлағы, жеміс-жи­де­гі бар, көлінде балығы бар болса, құ­дай­ла­­рының бергені емес пе? Мәселен, Ар­ша­лы ауданындағы Михайловка ауы­лы Мо­йылды өзенінің жағасына ірге тепкен. Есіл өзенінің Ақмола алқабында әлденеше ұсақ салалары бар. Шөліркеген да­ланың шөлін қандыру үшін жаратқан ие әдейі дәл осылай иен далаға тармақ-тармақ қылып жіберген тәрізді. Өзен аңғарындағы Михайловканың әуел бас­та­ғы есімі Мойылды екендігі ешбір талас тудырмайды. Бұл да архивтегі №371 қор­да бар.

Астрахан ауданындағы Новочеркасск елді мекенінің бұрынғы атауы Шаншар. Бұл туралы Омбы облыстық тарихи архивінің №198 қорының үшінші тізі­мінде ап-анық жазылған. Ақмола облы­­сындағы ел мен жер атауларын зер­делей зерттеп, айрықша мол еңбек сіңірген өлкетанушы Клара Әмір­қы­зының «Атақоныс ақиқаты» атты өлке­та­ну жазбасының 37-38 беттерінде Астра­хан селосына таяу жердегі Шан­шар ауылының үстіне Доннан келген мұжықтар 1895 жылы қоныс салғаны жайында деректер жазылады. Бұл жерді бұрын жергілікті жұрт «Кіші Тасмола», Се­меновка поселкесін «Үлкен Тасмола» деп атаған екен. Бұл атаулардың да өзін­дік мәні бар. Ақмола қорғаны орна­ған­нан кейін ат аяғы жететін жерлерде топ-топ солдат ұстау үшін осындай орын сайлаған деген нақты дерек бар. Ондағы мақсат – қазақтың атты сарбаздары шабуыл жасай алмас үшін биік етіп жақпар тастардан қалап осындай қорғандар жасаған. Бұл тас молалардың қалдығы 1943 жылға дейін сақталды деседі көзі қарақты жергілікті тұрғындар. Шаншар жеріне келімсектер 19-ыншы ғасырдың соңында қазық қадаған екен. Ит арқасы қияндағы Курскіден, Полтавадан, Сара­тов­тан, Тамбовтан, Харьковтан, барлығы 134 адам көшіп келіпті деген дерек бар. Кейін көктемгі лай судай лықсыған ке­лім­сектің саны одан да өсіп, 10 губер­ния­дан 49 отбасы қоныс аударып, ұзын-ырғасы 347 адамға жеткен. Осы аудандағы Петровка бұрын Жыланды атанған. Ордалы жыланға мекен болған қырат төбе ежелден Жыланды аталған екен. Ордалы жылан туралы естіген адам сенгісіз неше қилы аңыз да бар. Клара Әмірқызының «Атақоныс ақиқаты» атты жазбасында 1985 жылы Қушоқы, Қоскөлді мекендеп отырған ауылдардың үстіне Эстляндия, Лифляндиядан келген эстондықтарға крестьян шенеуніктері арғы аталарынан мұра болып қалғандай жер бөліп беріпті. Олар өздері мекен еткен жерге Петровское деп ат берген. Міне, осылайша түгін тартса майы шығатын жер ешбір негізі, таянышы жоқ атауға ие болып, әлі күнге дейін тұр. Ал Камышенка ауылының бұрынғы атауы Балықты. Бұл туралы дерек жоғарыда аталған музей қорының бірінші тізімінде көрсетілген. 1899 жылы балықты көлін бауырына басқан аға сұлтан Ыбы­рай­дың тұң­ғышы Теңізден туған Садық қажы­ның ата­мекеніне Саратовтан сандалып келген жұрт қоныс салыпты. Көл кейпіне қарап, Камышенское деп ат қойыпты. Сол атау әлі күнге дейін өзгерген жоқ.

1898 жылы Бурабай ауданының аумағында әлмисақтан түтін түтетіп отыр­ған Арықбалық қонысының үсті­не қоныс аударушылар үдере көшіп келіп, бұрынғы әп-әдемі атауын жер­гі­лікті жұрттың санасынан өшіріп, Успе­ною­рьевка атандырған. Ежелгі атау Омбы облыстық тарихи архивінің №111 қорын­да сақтаулы тұр. Байырғы Ереймен бау­райы да мұндай бассыздықтан аман қалмаған. Мәселен, Новомарковка елді мекенінің бұрынғы атауы Мыңшұқыр. Бұл туралы дерек «Ақмола уезі қоныс аудару аудандарындағы елді орналас­тыру барысы туралы мәлімдеме» атты құжатта ап-анық көрсетіліп тұр.

Енді бір сәт «Туған жер» бағ­дар­ла­ма­сы аясында өлкенің өңін келтіретін өміршең атауларды тірілту. Ол үшін ел мен жер тарихын тағы бір таразыласақ. Мұндай жұмыс ішінара жүргізіліп те жатыр.

– Былтыр «Есіл: бастау көзінен тар­­мақ­тарына дейін» жобасын жүзеге асы­ру аясында өлкетану жұмы­сын ілге­рілету мақсатында өзеннің лан­шафт­тағы рөлін анық­тайтын негізгі сипат­тамаларын анық­тау және Есіл өзенін кешенді зерттеу мақ­сатында Жақсы ауданында кешенді тарихи-этнографиялық экспедициясы өткізілді. Экспедиция құрамына ғылыми қызметкерлер, сонымен қатар осы жерді зерттеу үшін облыстық музейдің архео­логтар тобы кірді, «Номад» архе­о­логиялық клубының жетекшісі Е.Байдүйсеновпен бір­лесіп қорғандарды зерттеу бо­йын­ша барлау жұмыстарын жүргізді. Экспедиция қорытындысы бойынша 10 елді мекенге барып, 50 астам респондент сұралып, 70 музейлік маңызы бар заттар жиналды,–дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің ди­­ректоры Қуаныш Шақшақов,–«Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзе­­ге асыру аясында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейі археология про­фессоры В.Зайбертпен бірлесіп, Ботай мәдениетіне жататын жаңа ескерт­­­­кіш­терді анықтау мақсатында Біржан сал ауданына, сонымен қатар, Бурабай және Бұланды аудандарына, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Ботай» ашық аспан астындағы музейге және Бурабай ауданындағы «Ботай–Бурабай» археологиялық-этно­гра­фия­лық кешеніне барып, барлау экспедициясын ұйымдастырды. Кейінгі ұрпақ атамекеннің ежелгі атауларын білуге тиісті. Әйтпесе, қиянат болады емес пе?

Біз келтірген деректер облыстағы кешегі заманның келеңсіздігін көр­сете­тін мысалдардың бір парасы ғана. Асылында, атам қазақ жер-су атауларын бекер қоймаған. Ақыл таразысынан өткізіп, санамен салмақтап, елімен бірге мәңгі жасайтын ат қойып, айдар таққан. Бажайлап қарасаңыз, шет-шегі жоқ сайын далада аты, атауы жоқ бірде-бір тау түгіл шоқы, көл түгіл көлшік, орман түгіл тоғай жоқ. Бәрінің елге етене жақын атауы бар. Бүгінгі ұрпақтың мін­де­ті, сол бабадан қалған байырғы атауды қал­пына келтіру.

 

Ақмола облысы