Аймақтар • 06 Мамыр, 2020

Тұрғындар тілегі тасада қалмайды

319 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғам­дық диалог – Қазақстанның тұрақ­тылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды міндеттеген болатын. Осы мақ­сатта Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс са­парымен облыстың барлық аудан­дарын аралап шыққан еді. Сол кезде сарысулықтар бір­қа­тар мәселелерді көтерген. Нәти­­жесінде Президенттің бұл тұ­жы­рым­дамасы тұрғындар тілегінің тасада қалмайтынын көрсетті.

Тұрғындар тілегі тасада қалмайды

Саудакент ауылындағы ауруха­на­ның жайы талай жылдан бері өзекті. Тоқсаныншы жылдардың орта шеніне дейін аудан орталығы болған ауылда бүгінде 6007 адам тұрады. Бірақ пайдалануға берілген 1987 жылдан осы уақытқа дейін ауылдағы аурухана жөндеу көрмеген. Ауылдағы денсаулық сақтау нысаны тозған, бүлінген. Алайда Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру негізінде аталған аурухана облыстың даму жоспарына еніп, жөнделетін болды. «Аллаға шүкір дейік, мемлекеттің қарапайым халыққа жасап отырған жағдайы көп. Бірақ соның ішіндегі ұзақ жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселе – Саудакент ауылдық ауруханасы осы күнге дейін жөндеу көрмеген екен. Мемлекет қолдауының нәти­же­­сінде ауру­хана жөнделетін болды. Әкімшілік те нысанның қазіргі па­йдаланып отырған бөлігін күрделі жөн­деуден өткізіп, жылу жүйесін жа­ңар­ту мәселесін көтерген халықтың үніне құлақ асты», дейді Саудакент ауы­лы­ның тұрғыны Орынтай Дүйсенов.

Ал бүгінгі аудан орталығы – Жаңа­тас қаласы үшін тұрғын үй мәселе­сі күн тәртібінен түспейтін мәселелер қатарында. Себебі мұнда жұмыс орны артқан сайын адам саны да көбейіп, тұрғын үй кезегі артуда. Осы орайда, жарты ғасырлық тарихы бар қалада мемлекеттік бағдарламалар аясында көп­қабатты тұрғын үйлер қайта жаң­ғыр­­тылып, оны пайдалануға беру жылдан-жылға іске асып келе жатқан жү­йелі жұмыстардың бірі. Бүгінгі таңда коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде жалпы саны 1586 адам тізімде тұр екен. Қазір аталған мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүм­кін­дік қарастырылуда. Бұл Жаңатас қа­ла­­сының тұрғындары үшін қуанарлық жағдай. Биыл қалпына келтірілетін 2 шағын аудандағы 90 пәтерлік екі үйге жөн­деу жұмыстары жүргізіледі. Егер екі үй қалпына келтірілсе, кезекте тұр­ған 180 отбасы баспаналы болады.

– Жаңатас қаласындағы қалпына кел­­ті­руге жарайтын үйлер жылдан-жыл­ға жергілікті, облыстық және рес­­­публикалық бюджеттен бөлінген қар­жыға жөнделіп, осындағы кезекте тұрған халыққа берілуде. Бұл жергілікті халыққа үлкен үміт пен сенім сыйлайды. Бердібек Сапарбаевтың ақпан айындағы ауданға сапары ке­зін­де мен көп балалы ана ретінде қала­да­ғы көпқабатты үйлерді жөндеу жұ­мыс­та­рын жалғастыру туралы ұсыныс білдірген едім. Рахмет, сөзіміз жерде қалмапты. Биліктің халықпен етене жұмыс істеуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының салиқалы саясаты деп білеміз, – дейді Жаңатас қаласының тұрғыны, көп балалы ана Нұрсая Есжанова.

Жалпы, Мемлекет басшысының тап­сыр­масын орындау мақсатында Жамбыл облысының даму жоспарына Сарысу ауданынан бірталай нысан еніп отыр. Аталған жоспар аясында ауданның Жаңаталап ауылындағы 104 және Ұйым ауылындағы 133 абонентке «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы ая­сында су құбыры тартылып, ауыл тұр­ғындарының ауыз су бойынша мәселесі толық шешіледі. Аудан әкім­ді­гінің мәліметінше, ауыз су жүйе­сінің жа­ңарту жұмыстары биыл 31 жел­тоқ­сан­ға дейін жүріп, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы, бүгінгі таңда Сарысу ауданындағы 25 ауылдың 15-і таза ауыз сумен қамтылған. Жергілікті билік келесі жылы ауыз су мәселесі түбе­гей­лі ше­ші­летінін жеткізді. Сондай-ақ «Жұ­­мыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша Ақтоғай ауы­­лындағы Ақтоғай орта мектебі 2003 жылы пайдалануға берілген. Алайда сол уақыттан бері аталған білім ошағы жөндеу көрмеген. Сондықтан 380 орындық типтік ғимарат күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қазір жобалық-сметалық құжаты дайындалып, сараптама қорытындысы шыққан. Бұл да Жамбыл облысының даму жоспарына еніп отыр. Сол сияқты, ауданның Тоғызкент ауылындағы «Жанна» балабақшасы да күрделі жөн­деу­ден өтетін болды.

Сарысу ауданы бүгінде су тапшы­лы­ғын көріп отырған облыстағы бірден-бір аудан. Әрі облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Бүгінде өңірдегі алқаптарды тиімді пайдалануға су қоймаларынан шығатын тоғандар мен сужетектерінің тозығының жетуі шаруаларға үлкен қолбайлау болып отыр. Жалпы, ауданда 2 су қоймасы мен 16 ішкі су жүретін канал және 8 бөгет бар. Аудан аумағынан 6 өзен ағып өтеді. Бірақ су тапшы. «Жаңа Кәрітоған» арқылы су өтетін «Сарыөзек» каналынан 5 ауыл егістікке су алады. Каналдың басынан 600 литрлік су салынса, су пайдаланушыларға дейін 200 литр су әрең жетеді. Каналды калың қамыс, табиғи шөп басып, бұрынғы бетон арық әбден ескірген. Соның салдарынан 400 литр су шығын болады. Бұл мәселені жою үшін каналдың табаны мен ернеулерін бетондау қажет екен. «Сарыөзек» каналы арқылы Ұйым ауылының егістік алқаптарын сулан­дыру үшін қазір каналдың су өткізу мүмкіндігі бойынша қиындық туын­дауда. Ұзындығы 2500 метр «Сары­өзек» каналын бетондау бойынша Жаңаталап ауылдық округі тарапынан жобалық-сметалық құжаты жасалып, «ҚазСуШар» республикалық мем­ле­кет­тік мекемесіне ұсыныс беріліпті.

– Саудакент ауылының маңындағы халықтың нәпақасын айналдыруға сеп­ті­гі мол бақша суына байланыс­ты көтерген мәселеміздің облыстың бас жоспарына кіргені қуантып отыр. Кезінде 45 гектарға дейін бақша еккен Ұйым ауылының тұрғындары «Сарыөзек» тоғаны арығының бетондалатынын естіп қуануда. Кезінде бұл тоғаннан Ұйым ауылының екі шетіне де бақша егіліп, осы ауданды пияз, сәбіз, қияр, қызанақпен қамтып қана қоймай, сонау солтүстік облыстарға дейін жөнелтетін. Мына 30 млн текше метр су жиналатын «Ынталы» қоймасынан алынатын су Ұйым, Жаңаталап, Игілік, Өндіріс, Саудакент ауылдарының барлығына қара күзге дейін жететін. Алайда тоған бетондарының тозығы жеткен соң канал басынан шығатын 600 литр судың 200 литрі ғана Ұйым ауылына әрең жетеді. Енді «Сарыөзек» су тоғанында кезең-кезеңімен бетондау жұмыстарының іске асатынына ауыл болып қуанып отырмыз, дейді Ұйым ауылының тұрғыны Сайлаубек Қалыбеков.

Сонымен қатар Жайылма ауылдық округін сумен қамтамасыз етіп отырған «Бүр­кітті» су қоймасының «Бүркітті» суа­ғар каналы бар. Бірақ әбден тозығы жет­кен суағардың отырған, жалғанған жер­лері ашылған. Сол үшін «Бүркітті» су қоймасының жағалауын бекітіп, жа­ңа­дан бетондау керек. Ал ұзындығы 1548 метр болатын каналдың суағарын ауыстыру да басты мәселе. Дегенмен бұл су қоймасының да жобалық-сме­та­­лық құжаты дайындалған. Бұл ретте Жа­йылма, Қызылдиқан, Маятас ауыл­дарының шаруалары мемлекетке алғыс­та­рын білдіруде.

 Сарысу ауданының әкімі Қанатбек Мәді­бек­тің тікелей бастамасымен «Күл­төбе» каналы тазаланып, Сауда­кент ауылының 6 көшесіне бақша суы келгенін де жергілікті жұртшылық Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының шарапаты деп біледі. Ауыл тұр­ғын­да­ры­ның күшімен мұнда 3 рет сенбілік ұйымдастырылып, оған 500-ден астам адам тартылған. Нәтижесінде 15 көше­нің тұрғындары ауласындағы бақшаға су алып, есік алдындағы жерге бау-бақша мен жеміс талдар егуде. Сол сияқ­ты, ауылдардағы жолдардың жөн­дел­уі де тұрғындардың қуанышын есе­леуде. Сарысу ауданы бойынша ағым­да­ғы жылы жөнделуі жоспарланған көшелер көп. Аудан орталығы Жаңатас қаласындағы 11 көшенің жол жабындысына орта жөндеу жұмыстарын жүр­гізу үшін аудандық бюджеттен қар­жы бөлінген. Сондай-ақ Тоғызкент ауы­лын­дағы Саңырық батыр көшесінің жол жабындысына орта жөндеу, Әбілда ауылына кіреберіс жолдың жабындысына орта жөндеу, Көкдала-1, Игілік, Өндіріс, Маятас, Ұйым ауылдарының кіреберіс жолдарының жабындысына орта жөндеулер жүргізу үшін қаржы бөлі­ніп отыр. Мұның бәрі де мемлекет қолдауының нәтижесінде мүмкін болуда.

 

Жамбыл облысы