Озеола Маккарти 1908 жылы АҚШ-тың Миссисипи штатында дүниеге келген. Қарапайым отбасында өмірге келген ол бала кезінен бастап медбике болуды қалайды. Оңтүстік Миссисипи университетінен білім алсам деген асқақ арманы болады. Бірақ тағдырдың тәлкегімен науқас апасына қарау үшін мектептегі оқуын тастауға мәжбүр болады. Анасы бірнеше жұмыс істесе де, қаражат жетпейді. Осылайша Озеола кір жуушы болып жұмыс істейді. Күні бойы істеген ауыр жұмысының ақысына бірнеше доллар алады. Күндердің күнінде ол Миссисипидегі Тұңғыш Ұлттық банкіне келіп, жинақтаушы шот ашуын өтінеді. Әр жұмыс күнінің соңында банкке соғып, бір жарым долларын қалдыратын. Қыздан ақшаны не үшін жинап жатқанын сұрағанда, әжем үшін деп жауап береді. Оның әжесі 1944 жылы дүние салады. Алайда, Озеола бұрынғы әдеті бойынша күн сайын банктегі есепшотына ақша қалдыратын. 70 – жылдарға қарай оның анасы мен апасы өмірден өтті. Банктер біресе жабылып, біресе ашылып немесе біріктіріліп, оның есепшоты бірінен екіншісіне өтеді. Бірде банк қызметкерлері Озеолаға қаржының жартысын облигациялық қорға аударуды ұсынады. Ол ешқандай мән берместен бұл ұсынысқа келіседі. Озеола ағаштан жасалған ескі үйде жалғыз өзі тұрып, 75 жыл бойы кір жуушы болып жұмыс істейді. Оның ешқашан жеке көлігі болған емес, бірақ адамдарға көмектесуге қауқарлы еді.
1995 жылы Пол Логлин есімді банк қызметкері соңғы аптада Озеоланың банкке келмегенін еске түсіреді. Түскі үзіліс кезінде оған кіріп шығуды ойлайды. Озеола өзінің ауырып қалғанын, дегенмен, өзін жақсы сезінетінін айтып, келесі аптада жұмысқа шығатынын, тиісінше ақшасын алып банкке баратынын жеткізеді. Банк қызметкері Пол шаршаңқы болса да жүзінде күлкісі бар Озеоланың күнделікті ауыр жұмыс салдарынан артритпен ауыратынын түсінеді.
Банкке оралған соң ол Маккарти ханымың активтері жарты миллион доллардан асқанын көріп, таңғалады. Көп ұзамай Маккарти ханым банкке келіп, бұл жаңалықтан құлағдар болады. Ол бұл қуанышты хабарға сенбей, Пол әзілдеп жатыр деп ойлайды. Есепшотындағы цифрларды көрген соң, «Егер сіз бұл жерде ешқандай шикілік жоқ екеніне сенімді болсаңыз, ендеше, ақша банкте жата берсін», - дейді Озеола Маккарти. Банк қызметкерлері енді оған жұмыс істеудің ешқандай қажеттілігі болмайтынын, жинаған ақшасына өмір сүруге болатынын түсіндіреді. Бірақ Озеола ақша үшін жұмыс істемейтінін, айналасына пайдалы болудың ұнайтынын айтады. «Ал банкте жиналған қаражатты не істейміз?», - деп сұрағанда ол не деп жауап берерін білмей, абдырап қалады. Сонда Пол Логлин қалтасынан 10 монетаны шығарып, «Маккарти ханым, егер сізде 10 монета болса, қайтер едіңіз?», - деп сұрайды. Сонда Озеола Маккарти былай деп жауап береді: «Біреуін шіркеуге беруші едім. Мен өмір бойы сөйтіп келем, әрі қарай да солай жалғастырамын. Үшеуін туысқандарыма беремін. Олар өте жақсы адамдар, қамқор болуға лайықты жандар. Қалған алтауын Оңтүстік Миссисипи университетіне беріңіздер».
Оның шешімін естіген жұрт таңданысын жасыра алмады. «Ал сіз өзіңізге қалдырмайсыз ба?» деп сұрағанда «Менің өзімді асырауға шамам жетеді» деп жауап береді.
1995 жылы Оңтүстік Миссисипи университетінде 250 мың доллар қаражатқа фонд ашылады. Аталмыш фонд Миссипидегі афроамерикалықтардың тегін білім алуына мүмкіндік берді. Бұл оқиға штат тұрғындарының арасында таралып, кейін бүкіл ел хабардар болды. Жүздеген адамдар фондқа қаржы жіберетін болды.
Озеола Маккарти Оңтүстік Миссисипи университетіне өте жақын тұрса да, бала кезінен армандаған оқу орнына кірмеген. Университетке кіргенде студенттер жарты сағат бойы қол соғып, құрметпен қарсы алады. Екі күннен кейін оны футбол стадионының ашылуына шақырады. Стадионға 30 мың адам жиналған. Штат губернаторы бұл күнді Озеола Маккарти күні деп белгілейді.
1996 жылы Озеола Маккарти олимпиада алауын Миссисипи штаты бойымен алып жүреді. БҰҰ О. Маккартиды арнайы сыйлыққа ұсынады. Одан кейінгі төрт жыл ішінде 300-ге жуық сыйлық пен марапатқа ие болады. Оның бұл іс-әрекетіне таңданған АҚШ президенті Билл Клинтон мемлекеттік сыйлық табыстайды. О. Маккарти соңғы елу жылда алғаш рет алыс сапарға шығып, Ниагара сарқырамасына барады. Бұл оның өміріндегі жалғыз саяхаты еді.
1999 жылы 26 қыркүйекте Озеола Маккарти 92 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Ол құрған фондтың тегін грантын алғаш рет орта мектепті бітірген 18 жастағы Стефани Баллок иеленеді. Стефани көзіне жас алып, Маккарти ханымның өзі армандағандай афроамерикалық қыздың осы университеттен шығып келе жатқанын көрмей кеткеніне өкінетінін айтады.
P.S. Осылайша Озеола Маккартидың қайтпас қайсар мінезі мен қарапайым болмысының арқасында қаншама баланың арманы орындалды. Ол афроамерикалық балалардың жарқын болашағына сәуле сыйлады, қаншама адамның ізгілікке ұмтылуына әсер етті. Мыңдаған адамға көмегі тиген филантроп адамның оқиғасы сізге де бір ой салды деген үміттеміз...