Бағдарламалар • 06 Мамыр, 2020

Сараптамалық зерттеу нәтижесі таныстырылды

506 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

COVID-19 пандемиясы белең алғалы әлемдік экономикалық жағдай күрделене түсті. Осы тұста мемлекеттің қаржылық, әлеуметтік салаларын ұстап тұру үшін арнайы зеттеулер мен сарапшылардың болжамы мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды болмақ. Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының тапсырмасымен былтыр Әлемдік экономика және саясат институты және бірқатар ұлттық сарапшылар тобының қатысуымен, Зерттеу және кеңес беру орталығы (CRC), «TALAP» қолданбалы зерттеу орталығы, Еуразияның Whiteshield Partners аймақтық бөлімі бірлесіп, модернизациялау мәселелері бойынша кешенді ғылыми-қолданбалы зерттеулер жұмысын бастады.

Сараптамалық зерттеу нәтижесі таныстырылды

Айтулы жұмысқа шетелдік танымал сарапшылар, оның ішінде Whiteshield Partners компаниясының директоры және серіктесі, Париж саяси зерттеулер институтының профессоры (Grande école Sciences Po) - Энтони О'Салливан, Whiteshield Partners компаниясының директоры және Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бұрынғы бас экономисі, Эрик Берглоф,  Whiteshield Partners компаниясының негізін қалаушы, директоры және серіктесі, Кеннеди атындағы Гарвард мемлекеттік басқару мектебінің аға оқытушысы, Фади Фарра, Whiteshield Partners компаниясының директоры, Польшаның экс-қаржы министрі Павел Войцеховски мен Whiteshield Partners сарапшысы, ЕҚДБ бұрынғы бас экономисі, Париж саясаттану мектебінің  (Sciences Po) профессоры, Сергей Гуриев әдістемелік қолдау көрсетті. Жеке зерттеу блоктарын қазақстандық сарапшылар - Әнуар Боранбаев (CRC), Рахым Ошақбаев (Talap), Қаныш Тулеушин (Whiteshield Partners) басқарды.

Таяуда әлемдік экономика және саясат институты сарапшылары (ӘЭСИ) елді жаңғырту мәселелері бойынша жүргізілген жүйелі сараптамалық зерттеудің нәтижесімен таныстырды.

Пресс-конференция аясында жоба жетекшісі Гүлбану Пазылхаирова бүгінгі дағдарысты зерттеу барысына қатысты баяндама жасады.

̶  Бүгінгі дағдарыс кезеңінде үлкен көлемдегі ресурстар мен шараларды үйлестіретін функционалды шаралар қажет. Сонымен қатар, қоғамдық инфрақұрылымды тиісті жағдайда ұстап  әрі дамытуға аса көңіл бөлу қажет. Мемлекеттік секторда тиімсіз деп танылған шараларды тоқтататын уақыт келді,  ̶  деді Г.Пазылхаирова. Сонымен қатар әлем елдерінің басына қатар төнген қаржылық ауыртпалықты еңсеру үшін экономиканың негізгі секторларын дамытудың маңыздылығы да сөз болды. Зерттеу және консалтинг орталығының серіктесі Әнуар Боранбаев қазіргі таңда мемлекет үшінші модернизациялауды бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, ел тарихына көз жүгіртсек, бірінші жаңғырту кезеңінде Қазақстанның аумағын әлем картасында айқындап, шекарасын шектеп алу міндетіне аса мән бірілген. Одан кейін елдің әл-ауқатын көтеру үшін мемлекетке қаржы көздерін тарту мақсатында түрлі стратегиялық жоспарлар құрылды.

̶  Шикізат көздерін сыртқа шығару мәселесі жолға қойылғаннан кейін елдегі екінші жаңғырту кезеңі басталып, мемлекет ретінде даму оның ішінде сан-салалы секторлардың тамырына қан жүгірту бағыты іске асты. Бұл бізге алдыңғы қатарлы дамушы елдердің тізіміне енгуге мүмкіндік берді. Берітін келе 2010 жылы адами капиталдың мән-маңызы арта түскенін байқаймыз,  ̶   еді сарапшы. Оның айтуынша, қазақстандық адами капиталға екі жаhандық тренд әсер етеді. Біріншіден дамыған елдерге жаппай дарынды жастардың қоныс аудару процесі байқалады. Екіншіден, сауатты болу, ресми диплом иесі атану болашақ үшін табыстың кепілі емес. Еңбек нарығында дағдылардың трансормациясы белең алуда.

̶  Алдағы уақытта технологиялық біліктілік, технологияны түсіне білу, инновацияны даярлай білу және тиімді қолдана білу, қоғамдық және эмоциялық біліктілік – кәсіпкерлік, көшбасшылық, ынталылық, коммуникативтік қабілет, жоғары когнитивтік икемділік – креативті ойлай білу, сын  тұрғысынан ойлау, қиын ақпаратты өңдеу білу сынды қасиеттерге басымдық берілмек,  ̶  деді Ә.Боранбаев. Қазіргі уақыт талабы әр мемлекет үшін жаңа сын-тегеуріндер жүктейді. Бұл ретте Қазақстан көштен қалып кетпес үшін қандай бағытқа басымдық беруі керек. Whiteshield Partners серіктесі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, Қазақстан үшінші жаңғыру міндеттерін табысты іске асыру үшін «ең алдымен адамдар» қағидатын енгізу қажет. Елдің дамуындағы басты бағдарда экономикадан әлеуметтік салаға ығысуы тиіс. Сонымен қатар орталықсыздандырылған яғни теңдестірілген өңірлік саясатқа өтуді жүзеге ауыстыру керек. Мемлекеттік басқару «жоғарыдан төменге», сондай-ақ «төменнен жоғарыға» құрамдастырылған принцип бойынша жүргізілуі тиіс.

Қазақстанда мемлекеттік басқаруды одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарды «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Рахим Ошақбаев та ұсынды. Спикердің пікірінше, неғұрлым тиімді мемлекеттік басқару мен азаматтардың басқарушылық шешімдерді қалыптастыру әлемдік трендке айналып отыр.

̶ Жүргізілген талдау мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта форматтау, экономикадағы мемлекеттің үлесін қысқарту, азаматтық қоғамды мемлекеттік саясатты әзірлеуге тарту және басқарушылық шешімдерді қабылдау қажеттігін көрсетті. Бұл ретте түбегейлі жаңа тәсілдер қажет,  ̶  дейді Р.Ошақбаев. 

Сарапшылар тарапынан алты айдың ішінде адам капиталы және еңбек нарығы, жаңа экономикалық модель және экономикалық өсімнің жаңа мүмкіндіктері, кеңістіктік даму, мемлекеттік басқару, мемлекет пен азаматтардың өзара әрекеті, макроэкономикалық ортаның бағыттары бойынша жұмыс жүргізілді.