06 Мамыр, 2020

Қанипатану қарқын алып келеді

1107 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұлғаның екінші өмірі - қанипатану басталды.

Қанипатану қарқын алып келеді

Көзі тірісінде «Қазақтың Қанипасы» аталып, аты аңыз боп тараған, ұстаздықты абырой шыңына шығарған біртуар тұлға, туған  тілдің жанашыры, әйгілі ұстаз Қанипа Бітібаева көзі тірі болса биыл 75 жасқа толар еді.

Ұлағатты ұстаз Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева дүниеден өткеннен кейін тұлғаның екінші өмірі - қанипатану басталды. Ұстаздың әдістеме саласындағы мол мұрасын қорғау, сақтау үшін мұрагерлік құқық алынып, арнайы мөрі жасалынды. Республикамызда ұстазға арналған тұңғыш оқу-әдістемелік педагогикалық мұражай-кабинеті ашылды. Ұстаздың инновациялық, педагогикалық тәжірибесін тарату мақсатында облыс, республика көлемінде онлайн сабақтар өткізіліп келеді. Онлайн сабақтар мен веб-семинарларға облыс, республика көлемінде Қ.Бітібаеваның атаулы 16 зертхана филиалдары және 4 қауымдастық орталықтары онлайн желісіне қосылып, тәжірибе алмасады. Ұстаз атындағы тұңғыш педагогикалық мұражай-кабинеті республикалық инновациялық – педагогикалық идеялар фестивалінде жүлделі 3 орынды иеленді.  С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде, Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінде, Нұр-Сұлтан қаласындағы №64 мектепте Қ.Бітібаева атындағы оқу-әдістемелік кабинеттер ашылып, ұстаз тәжірибесін жүзеге асыруда.

Облыстық, республикалық «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен ұстаздың көзі тірісінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен өткізіліп тұратын олимпиада Қ.Бітібаеваның туғанына 70 жыл толуы қарсаңында Білім және ғылым министрлігінің тізбесіне енгізілді.

Ұстаз атындағы республикалық зертхана халықаралық ЮНЕСКО клубының атағын алды. Алматы қаласында «Алтын глобус» халықаралық білім мен ғылым және мәдениетті дамытудың оқу-әдістемелік ғылыми-инновациялық академиясы Абай Шүйіншәлінің ұйымдастыруымен Қанипа Бітібаеваның атына тұңғыш төсбелгі тағайындалды, орталығы ашылды, кітаптары шығарылуда.

 Бүгінгі таңда облыстық Білім басқармасының «Шығыс Қазақстан өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығы» КММ директоры С.Коваленконың қолдауымен 3D форматындағы «Қанипа әлемі» журналы жарыққа шықты. «Мұғалім» атты республикалық ғылыми-әдістемелік журналдың №3 саны тұңғыш рет толығымен ұстаз өміріне, іс-тәжірибесіне арналды.

Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-тәжірибелік  конференция және «Шығыс» өңірлік орталығының ұйымдастыруымен «Бітібаева оқулары» дәстүрлі түрде өтіп тұрады. Білім басқармасының басшысы С.Жұмаділованың қолдауымен Қ.Бітібаеваның өшпес педагогикалық мұрасын республика көлемінде тарату мақсатында типография беріліп отыр.

Ұстаздың инновациялық тәжірибесін тарату мақсатында  облыс, республика көлемінде ғылыми-тәжірибелік конференциялар ұйымдастырылып, онлайн сабақтар өткізіліп келеді. Оқушылардың ғылыми зерттеушілік қабілетін дамыту барысында дәстүрлі түрде  «Қанипа күні» апталығы өтіп тұрады. Ұстаз мұрасын ұлықтауда Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің студентіне сіңілісі Бақытжан Омарғалиқызының ұстаздың атына жыл сайынғы шәкіртақы тағайындады. Өскемендегі С.Аманжолов университетінің ректоры Мұхтар Төлегеннің Қанипа Бітібаева атындағы грант тағайындағаны да ұстазға деген құрмет деп білеміз.

 «Дәуірдің дара ұстазы» Қанипа Бітібаеваның туғанына 75 жыл толуына орай 24-30 сәуір аралығында «Ұстаздарға ұстаз болған асыл жан» атты апталық өтті. Қашықтан ұйымдастырылған апталықтың өтуіне Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова үлкен қолдау көрсетті. Ұстаз туралы республиканың түкпір-түкпірінен: көрнекті ғалымдардан, әріптестерінен, өмірінің соңына дейін қызмет еткен 100 жылдық тарихы бар Жамбыл атындағы мектеп-гимназия-интернаты ұстаздарынан, тәрбие жетекшілерінен, оқушыларынан, Қ.Бітібаева атындағы республикалық ғылыми-әдістемелік лаборотория мұғалімдерінен, қалалар мен өңірлерлердегі филиалдардан, шәкірттерінен 60-қа жуық бейнероликтер келіп түсті. Ұстазға арналған ақын Айнұр Жаппарқұлдың сөзіне, сазгер Досжан Ержанұлының әніне жазылған «Сарқылмайтын сағынышым – Хан апа» атты әннің тұсаукесері әлеуметтік желілерде көрсетіліп, бейнероликтер бір апта көлемінде жұртшылық назарына ұсынылды.

Ұстаздың 75 жылдық мерейтойына арналған апталықта Білім басқармасының басшысы С.Жұмаділова, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ ректоры М.Төлеген, халықаралық ұлттық ЮНЕСКО клубтары федерациясы клубының вице-президенті Ғ.Бейсенбав, профессор Ф.Оразбаева, ұстаздың досы қарағандылық Күліш Төлеуханқызы, Ғазиза апайлар, ұстаздың алғашқы шәкірттері белгілі суретші Е.Нұразхан, қоғам қайраткері Т.Түсіпбеков, шәкірттері А.Картаева, С.Қасенов, Ж.Құрманова, докторант М.Мұқашева, жаңашыл ұстаз Ж.Әділбекова (Нұр-Сұлтан қ.), филология магистрі Ж.Байзолдина, тағы басқа да адамдар ұстаз туралы естеліктерін бейнероликтер арқылы жолдады.

Қай заманда болсын ұстаздарға құрмет жоғары болған. Ұстазға құрмет көрсету – ұлтқа құрмет көрсету деп білеміз. Ұстаздық жолда жанкешті еңбек еткен, дарынды балалар мен мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, соңынан ізбасар ұстаздар ерткен, олардың болашағына жарқын жол салған ұстаздың есімі алтын әріппен мәңгілік есте қалады. 

 Бақытгүл АУҒАНБАЕВА,

Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының инновациялық жұмыстар жөніндегі орынбасары

 

ӨСКЕМЕН